Өткен жылы 873 500 гектарға майлы дақыл тұқымын еккен өңір диқандары орташа есеппен гектарына 10 центнерден өнім алып, 900 мың тоннаға жуық майлы дақыл жинады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда, бір жарым есе жоғары дейді.
Майлы дақыл мол өнім берсе, әдетте оны өңдеп дайын тауар етіп шығаратын май зауыттарының да жағдайы жақсы болуы керек еді. Алайда олай болмай тұр. Жергілікті май зауыттарының толық бір жылға жететін шикізат қорын жинап алуға шамасы жетпей отыр. Ал олар сатып ала алмаған майлы дақылды қалтасы қалың трейдерлер қағып алып, шетел асырып жібереді. Сондықтан бұл кәсіпорындардың дені қызметкерлерін екі-үш айға мәжбүрлі еңбек демалысына жөнелтіп, жұмысын тоқтатып қояды.
Өңірде он шақты май зауыты бар, соның үшеуі майлы дақылға бай Федоров ауданында орналасқан. Ауданда май өңдейтін ең ірі кәсіпорын тәулігіне 180 тонна күнбағыс дәнін өңдеп, 60 тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Жылына 10 мың тонна сұйық майды экспортқа жөнелтеді. Кәсіпорынның бұдан да көп өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Бірақ оған шикізат тапшылығы қолбайлау болып отыр. Май зауыты жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істеп тұру үшін 50 мың тонна шикізат керек. Ал кәсіпорынның айналымдағы қаржысы соның 30-40 пайызын ғана сатып алуға жетеді.
Қазір күнбағыс дәнінің бір тоннасы 205-220 мың теңгеден саудаланып жатыр. Ал аталған зауыт бір жылға жететін шикізат сатып алу үшін бірден шамамен 10 млрд теңге қаражат жұмсауы керек. Мұндай ақшаны ешкім ұстата қоймайды. Алайда мемлекет қолдауына арқа сүйеген кәсіпорын жылына 4 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген несие алып, оған жылдық шикізаттың 40 пайызын сатып алады.
«Күнбағысты өзіміз де егеміз. Бірақ ол жетпейді. Сондықтан қазір жергілікті егін шаруашылықтарынан бар ақшамызға шикізат сатып алып жатырмыз. Оны өңдеп, айналымға жіберіп, табыс табу ұзақ уақытты қажет етеді. Оның сыртында, мамыр айында несиені жабу керек болады. Сондықтан шикізат түгесілген соң, амалсыз өндірісті тоқтата тұруға тура келеді», дейді зауыт басшысы Мұхамбетжан Акулов.
Кейінгі жылдары ішкі нарықты қорғау мақсатында майлы дақыл экспортына баж салығы енгізілді. Мұхамбетжан Акуловтың айтуынша, бұл салық түрі отандық өндірісті қорғауға, өнім өңдейтін жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттыруға септігін тигізіп отыр.
«Кәсіпорын жыл бойы өңдейтін 50 мың тонна күнбағысты үш-төрт адамнан тұратын трейдер бір-ақ айда шетел асырып жіберуі мүмкін. Біздегі 50 адам шикізат таусылып қалғанша 7-8 ай бойы жұмыс істейді. Ол 50 адамның артында 50 отбасы, олардың тұрмысы, бала-шағасы тұр. Қыста ауылда жұмыс жоқ, ал бұл уақытта біздің кәсіпорында жұмыс қайнап жатады. Бір кемшін тұсымыз, қажетті шикізатты бір мезетте толық сатып алуға ақшамыз жоқ. Мемлекеттің қолдауымен «Қазақстан даму банкінен» жеті пайыздық жеңілдетілген несие алып, шикізаттың 30-40 пайызын сатып аламыз. Өнімдерімізді негізінен Қытай, Өзбекстан, Ауғанстанға жөнелтіп жатырмыз», дейді зауыт басшысы.
Бүгінде мемлекет егін егетін адамға арзан жанармай береді. Сонымен қатар екі жылдан бері тұқым, басқа да шаруашылыққа керек дүниелерді сатып алуға бес пайызбен несие беріп жатыр. Бес пайыз өсіммен лизинг арқылы он жылға өзімізде шығып жатқан отандық техниканы береді. Мұның бәрі – мемлекеттің отандық өнім шығарушыларға көрсетіп отырған көмегі.
«Өкінішке қарай, мемлекеттің ақшасын салып өсірген шикізат көбіне Өзбекстанның немесе Қытайдың зауытына барып түседі. Сонау жақта отырған шетелдің азаматын асырайды, жұмыс береді. Ал мен осы жерде отырып өз ауылымның азаматтарына жұмыс бере алмай қаламын. Оған менің қаражат-күшім жетпейді. Сондықтан алдағы уақытта бізге бір жылдық несие қорын жинап алуға жететіндей несие беру жағы қарастырылса екен. Ол біз сияқты экологиялық таза өнім шығарып жатқан май зауыттарының дербес айналым капиталын қалыптастырып, технологиялық жетілуіне көп көмек болар еді», дейді М.Акулов.
Қазір мемлекет жергілікті кәсіпорынға майлы дақыл өткізген шаруаға әр тонна үшін 20 мың теңге субсидия төлейді. Мамандардың пікірінше, бүгінде күнбағысты өңдеушіден оны өсіріп, шикізаттай сатқан адам көбірек пайда тауып отыр. Қостанай облысында өсетін майлы дақыл тұқымының ішінде жергілікті жерде өңделетіні – күнбағыс қана. Ал зығыр мен мақсары тұтастай экспортқа кетеді.
Нарық бағамын баққан өңір шаруашылықтары биыл да майлы дақыл алқабын барынша ұлғайтуды көздеп отыр. Өйткені кейінгі жылдары техника, темір-терсек, тұқым, тыңайтқыш бірнеше есе қымбаттағанымен, бидай бағасы көтерілмей тұр. Ал майлы дақыл бидайға қарағанда әлдеқайда қымбат тұрады әрі нарықта жоғары сұранысқа ие. Өткен жылы «Азық-түлік корпорациясы» күнбағыстың тоннасын 205-210 мың теңгеге бағалады. Ал бидайдың тоннасы өнім сапасына қарай 88 теңгеден басталып, 115 теңгеге дейін ғана жетті.
Қостанай облысы