• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер Бүгін, 07:55

Көмірмен көмкерілген әшекейлер

10 рет
көрсетілді

Қарағандылық дизайнер Ольга Целлер Кеншілер астана­сының брендіне айналған көмірден зергерлік бұйымдар жасайды. Шебердің көз тартар туындыларын халықаралық сарапшылар жоғары бағалап келеді.

Ольга Целлердің зергерлік өнермен айналысып келе жатқанына 10 жылдан асты. Қара алтынмен зергерлік бұйым жасап жүргеніне жеті жылдың айналасы болыпты. Мұнысы алтынқол шебердің айтуынша, шығармашылығын айшықтап тұратын көрінеді.

 – Алғашқы бұйымдарым өте нәзік болды, тағуға жарамайтын, тез сынып кететін. Оның үстіне түсі киімге жұғып, былғайтын. Кейін тәжірибе арқылы тұрақтандыру тәсілін меңгердім. Қазір әшекейлерім қауіпсіз әрі берік. Бұл материалмен жұмыс істеу оңай емес. Үгітіліп тұратын көмірді тұрақтандыруға екі апта уақыт кетеді. Арнайы шайыр арқылы өңделген қара тас берік болып, қолға да, киімге де зиян келтірмейді. Көмірдің әр түрін сынап көрдім. Ең сапалысы – антрацит. Негізі түрлі материалдармен тәжірибе жасағанды ұнатамын. Ағаш, тері, тіпті эпоксидті шайырды да қолданамын. Көмірдің ішінде антрацит ең берік түрі. Дегенмен оны табу қиын. Қазір көмір тасушылардың бәрі мені танып алған. Үйіме көмір алсам міндетті түрде 1 шелек ерекше түрлерін жинап әкеліп береді, – дейді зергер.

Ольганың бірталай шә­кірті бар. Солардың бірі – Наталия Старостина. Ол әуелі ди­зай­нердің әлеуметтік желідегі жұмыстарын бақылап, кейін әшекей сатып алыпты. Уақыт өте келе қызығушылығы артып, шеберлік сағатына арнайы қатысқан. Қазір өзі де түрлі бұйымдар жасап, сатады.

 – Ольга – мықты дизайнер. Жұмыстары өзгеше. Әшекейлерін тағып көргеннен кейін, сән әлемінде өзімді де байқағым келді. Қазір бұ­йым­дар жасап, сата бастадым. Көбіне гүлді бұйымдар жаса­ғанды ұнатамын, – дейді Наталия Старостина.

Ольганың еңбегі бірнеше отандық байқауда жоғары баға­ланып, түрлі көрмелер мен арт-жәрмеңкелерге ұсы­нылды. Былтыр қыркүйек айын­да оның бренді Милан сән апталығында таныстырылды. Дизайнер көрсетілімге кәсіби модельдерді емес, өз құрбыларын ертіп баруды жөн көрген. Осылайша, подиумда 14 әйел өнер көрсетіп, дизайнердің еңбегін елге таныс­тырды.

Алдағы уақытта дизайнер әшекейлер түрін көбейтіп, отандық дизайнды халық­аралық деңгейде насихаттауды ойластырып отыр.

 

Қарағанды облысы