• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Қаңтар, 2026

Банкке қойылатын талаптар

10 рет
көрсетілді

Жақында Мемлекет басшысы банктер және банк қызметі тура­лы жаңа заңға қол қойды. Заңға сәйкес енді екінші деңгейлі банктер бұрынғыдай бір ғана үлгімен емес, 2 түрлі лицензия арқылы жұмыс істейді. Олар – базалық және әмбебап лицензия. Бұл жаңашылдық банк нарығындағы бәсекені күшейтуге әрі жаңа ойыншылардың пайда болуына бағытталған.

Жаңа жүйенің басты мақ­саты – ірі банктерге ғана емес, на­рық­қа енді қадам басқан қаты­су­­шыларға да мүмкіндік беру. Мемлекет банк секторында теңгерімді орта қа­лыптастырғысы келеді. Яғни әр банк мүмкіндігі мен тәуе­кел деңгейіне сәйкес жұ­мыс істеуге тиіс. Бұл қағида ха­лық­­­аралық тәжірибеде бұрын­нан қолданылып келеді. Ресей­де, Литвада, Сингапурда, АҚШ-та шағын банктерге арнайы базалық лицензия бар. Ал Еуропалық Одақта, Ұлы­бри­танияда, Швейцарияда, Жа­по­­нияда бірыңғай лицензия бол­ға­нымен талаптар тепе-тең сақ­та­лады.

Лицензияның 2 түрі банктерге рұқсат етілетін операциялардың ауқымымен әрі бақылау талап­тарының қатаңдығымен ерек­ше­ленеді. Базалық лицензия­сы бар банктерге нақты шек­теу­лер қарастырылған. Мұн­дай банктер активтерінің ең жо­ға­ры мөлшері 500 млрд тең­ге­ден аспауы керек. Ал мен­шік­ті капиталдың ең аз мөлшері 10 млрд теңге деңгейінде белгіленуі жос­парланып отыр. Бұл көрсет­кіш­тер заңға тәуелді актілер арқылы нақтыланады. Сонымен қатар базалық лицензия­сы бар банк­терге тәуекелді азайту мақсатында қосымша шектеулер қойылады. Атап айтқанда, бейрезиденттерге және үлестес тұлғаларға несие беруге тыйым салынады. Бұл талап шағын банктердің қар­жылық тұрақтылығын сақтау үшін енгізіліп отыр.

Базалық лицензия аясында қадағалау тәртібі де жеңіл­де­ті­леді. Кішігірім банктерге пруденциялық нормативтер төмен­детіледі. Оларды тексеру жиі­лігі азаяды. Жыл сайынғы есеп тапсыру саны қысқарады. Инспекция жүргізу талаптары да жұмсарады. Мұның барлығы шағын банктердің артық әкім­шілік салмақтан босап, негіз­гі қызметіне көңіл бөлуіне мүм­кіндік береді. Ал әмбебап лицензиясы бар банктер кең көлемде операция жүргізе алады. Олар ірі активтермен жұмыс істейді, банк нарығындағы негізгі қаржылық қызметтерді атқарады және қадағалау талаптары да жо­ға­ры деңгейде сақталады.

Жаңа заң тек лицензия мәсе­ле­сі­мен шектелмейді. Жаңа заңда банк секторын реттеуге қатысты бірқатар өзгеріс қарас­ты­рылған. Өзгерістер 3 негіз­гі бағытқа топтастырылған. Бірін­­шісі – корпоративтік бас­қару­ды дамыту. Екіншісі – реттеу құ­рал­дарын жетілдіру. Үшіншісі – қолданыстағы нормаларды оңтай­лан­дыру. Бұл бағыттардың бар­лығы банк жүйесіндегі ашық­тық пен жауапкершілікті арт­ты­ру­ға арналған.

Заң аясында тәуелсіз директорлар институтын күшейтуге ерекше назар аударылған. Тәуелсіз директорлардың ше­шімдері шынымен объек­тивті болуы үшін олардың тәуел­сіздігіне қосымша талаптар енгізіледі. Сонымен қатар директорлар кеңесінің құрамында отырудың ең ұзақ мерзімі 9 жыл деп белгіленеді. Бұл бір адамның ұзақ жылдар бойы бір банкте ықпа­лын сақтап қалмауы үшін қа­жет.

Тағы бір маңызды өзгеріс – банкпен ерекше қатынаста болатын тұлғалар тізіміне қатысты. Халықаралық қаржылық есеп­тілік стандарттарына сәй­кес бұл тізбе кеңейтіледі. Яғни банк­пен тығыз байланысы бар адамдар мен ұйымдарға бақы­лау күшейеді. Бұл шешім қар­жы­лық тәуекелдерді азайтуға бағыт­тал­ған. Активтер мәселесіне де нақты шектеу енгізіледі. Егер банк тобының балансында өндіріп алынған мүлік болса, ол 3 жылдан артық сақталмауға тиіс. Мұндағы мақсат активтерді экономикалық айналымға те­зірек қайтару.

Заңда уәжді пайымдау тетігін қолдану да кеңейтіледі. Бұл деге­ні­міз – қадағалау кезінде тек формалды талаптарға емес, нақты жағдайға қарай шешім қабылдау. Осыған байланысты тәуекелдер, ішкі аудит және комплаенс бөлімшелерінің басшыларына нақты талаптар белгіленеді. Аталған бөлімшелер банк ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікке жауап береді. 

Соңғы жаңалықтар