Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Моше Саармен кездесті. Басқосуда тараптар халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, парламентаралық байланысты кеңейтудің басым бағыттарына тоқталып, бірлескен жобаларды іске асыру барысына назар аударды.
М.Әшімбаев мейманға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Израиль арасындағы көпжылдық әрі көпқырлы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті және парламентаралық өзара іс-қимылдың әлеуеті зор екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Сенат төрағасы Израиль Президентінің Астанаға жасайтын алдағы ресми сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Қазақстан мен Израиль арасында, ең алдымен, жоғары деңгейде сындарлы саяси диалог орнағанын атап өткен жөн. Биыл қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың оң динамикасы жан-жақты талқыланды. Бүгінде біз Қазақстан Парламенті мен Израиль Кнессеті арасындағы тығыз қарым-қатынасты дамытуға, сондай-ақ, инновациялар, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын басқару салаларындағы заңнамалық тәжірибелеріңізді зерделеуге мүдделіміз», деді Палата спикері.
Сондай-ақ М.Әшімбаев Қазақстан Президентінің Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі бастамасына назар аударды. Бұл қадам мұсылман елдері мен Израиль арасындағы дипломатиялық және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы жөніндегі бастамасын Таяу Шығыста бейбітшілік орнату жолындағы маңызды қадам деп есептейміз. Бұл шешім біздің теңгерімді, сындарлы әрі бейбітшілікке табан тіреген сыртқы саясатымызға толық сәйкес келеді. Аталған бастама Америка Құрама Штаттарымен, Израильмен және араб елдерімен көпжақты өзара іс-қимылды нығайтып, сындарлы диалогке қажетті кеңістік қалыптастырады деп сенемін», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларға, оның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық, саяси бастамаларының орындалу барысына тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыруға, біртұтас әрі орнықты ұлттық цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған шаралар мен алдағы конституциялық реформа мәселелері сөз болды.
Жалпы кездесу өткен бұл күн Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған байланысты М.Әшімбаев болашақ ұрпақ үшін гуманизм мен бейбітшілік идеалдарын қорғау және аталған қасіретті ұмытпау аса маңызды екенін айтты. Осыған байланысты тараптар рухани дипломатияның артып келе жатқан рөлі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Өз кезегінде Гидеон Моше Саар Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға жоғары баға беріп, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Инфрақұрылым, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларға да ерекше мән берілді.