• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:00

Туризм түйткілдері: Сөзден іске көшетін кез келді

14 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов­тің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арнал­ған «Қазақстан балалары» тұжырым­дамасы талқыланып, бірауыздан қабылданды.

Ілгерілеу бар, іркіліс те жоқ емес

Туризм және спорт министрі Ербол Мырза­босыновтың айтуынша, туризм саласында өсім бар, орналастыру орындары 4,5 мыңға жетті, туристер 10 млн-нан асты (+12%). Еліміз жаһандық туризм индексінде 66-орыннан 52-орынға көтерілді. Инвестиция 32%-ға артып, 1,254 трлн теңгеге жетті. 328 жоба жүргізіліп жатыр («Ой-Қарағай», «Hilton», «Mandarin Oriental», «Жібек жолы», «Keruen Inn» т.б.), олар 10 мың жұмыс орнын ашуы мүмкін.

Алайда Бурабай, Баянауыл, Катон-Қарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл мен Маң­ғыс­­тау­­да инфрақұрылым проблемалары бар, су мен кәріз желілері, жағалау нығай­ту, түбін те­реңдету, жол сервисі, жанар­май, қал­дық полигондары тапшылығы анықталған.

Сондықтан туристік аумақтардағы инфра­құрылымдық жобаларды ел үшін маңызды объектілермен теңестіру ұсынылды. Қажетті заңнамалық өзгерістер Сенатта қаралып жатыр, Ұлттық экономика министрлігіне тиісті қағидаларды қайта қарау қажеттігі айтылды.

Көлік инфрақұрылымын жетілдіру – туризм өсімінің маңызды тетігі. Көлік ми­нистрі Нұрлан Сауранбаев туристік дести­на­­ция­лар­дың қолжетімділігі кеңейіп, азамат­тардың қоз­ға­лысы жеңілдеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, авто, теміржол мен авиация бойын­ша ауқымды жобалар іске асырылып жатыр.

Автомобиль жолдары саласында респуб­ли­калық маңызы бар бағыттар салынып, жаңғыртылып келеді. Жөндеуден шамамен 5 мың шақырым учаске өтеді. Бұған қоса өңірлер туристік аймақтарға апаратын 24 жоба­ны қолға алды. Сондай-ақ теміржолдағы жо­лау­шылар тасымалы жаңартылады. Был­тыр 175 жаңа вагон алынды, биыл – 191, 2030 жылға қарай парк 90% жаңартылады. Турмау­сымда 13 қосымша бағыт ашылып, Алакөл­­ге 8 қосымша пойыз жіберіледі. Турис­­тік аймақтардағы 19 вокзал жөнделеді.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Авиацияда 42 ішкі бағыт жұмыс істейді, 9-ы жаңартылады. Вена, Рим, Токио, Шанхай, т.б. қалаларға 15 халықаралық бағыт ашу жоспарда бар. Астана мен Алматы әуежай­ларында Q-gate жүйесі енгізілді. Өңірлік әуе­жайлар да жаңартылады. Катон-Қарағай, Зайсан, Кендірлі әуежайлары салынып, Арқа­лық қалпына келтіріліп жатыр. Зайсан биыл рейстер қабылдай бастайды. Павлодар, Ақтау, Атырау әуежайлары бо­йынша да жаңғырту жобалары жүреді», деді Н.Сауранбаев.

Былтыр азаматтар туристік нысандар­дағы санитарлық қауіпсіздік, инфрақұры­лымның сапасы мен сервистің төмендігі туралы жиі сын айтқан еді. Президент Алакөл жаға­лауы мен өзге де ірі туристік аймақ­тар­дағы жағдайды сынға алып, салаға жауапты органдарға нақты міндет қойғаны есімізде.

«Биыл аталған бағытта бірқатар шара іске аса бастады. Жетісу облысы секілді өңірлерде туризм бойынша жедел штабтар құрылып, маусымдық мәселелерді жедел шешу механизмі енгізілді. Алакөл маңында су бұру мен жағалауды бекіту жұмыстары басталды. Шығыс Қазақстанда туристік дес­ти­­на­­цияларда коммуналдық қызметтер қайта ұйым­дастырылды. Аймақтық деңгей­де ілгері­леу байқалғанымен, салада әлі де шеші­мін күтетін түйткілдер көп», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысының мәліметінше, кешенді тексерулер интернет сапасының төмендігі, санитарлық талаптардың сақ­тал­мауы, құжат рәсімдеу мәдениетінің төмен­дігі сынды жүйелі кемшіліктерді анық­та­ған. Көптеген кәсіпкер туризмнің талап етілетін рұқсатнамалық, санитарлық нормаларын елемей келген. Мәселен, Қарағанды облысындағы 149 демалыс орнының тек 80-інде санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бар, ал 28 жағажайдың үшеуі ғана құжаттанған екен. Мұның бәрі са­ланы бақылау мен жауапкершілік механизм­дерінің әлсіз екенін көрсетеді.

«Туристер жиі көтеретін тағы бір мәселе – белгілі туристік жерлерге жетудің қиындығы. Жол бойындағы сервистің дамымауы, энергия инфрақұрылымының жетіспеуі, медициналық, құқық қорғау және құтқару қызметтерінің тәулік бойы бірдей қолжетім­ді болмауы салаға кері әсер етеді. Қонақүй мен тамақтану орындарындағы бағаның негізсіз өсуі, тұрмыстық қалдықты жинау мәдениетінің төмендігі, тұрақ орындарының аздығы да шағымдар тудырып отыр», деді Премьер-министр.

Премьер-министр салаға үш стратегия­лық бағытты айқындады. Бірінші – ақпарат­тық қолжетімділік. Шетелдік турист үшін шешуші фактор – сапар туралы ақпарат. Елімізде кейінгі төрт жылда турист тартуға бағы­тталған контент жаңартылмаған, мәде­ни, этнографиялық мазмұн жеткіліксіз. Осы­ған орай Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, «Kazakh Tourism» мен әкімдіктер бір айда биылға арналған жос­пар әзірлеуге міндеттелді.

Екінші мәселе – ұлттық парктерге қол­жетім­ділік. Көп кәсіпкер ұлттық парктер аумағына инфрақұрылым салуға рұқсат ала алмайды. Премьер-министр халық­ара­лық тәжірибені негізге ала отырып, табиғатқа зиян келтірмейтін реттелген қолже­тім­ділік режімін енгізуді тапсырды. Бұл үшін заңнамалық түзетулер дайындалады.

Тағы бір маңызды мәселе – су айдындары маңындағы шектеулер. Су ресурстары министрлігіне халықаралық тәжірибені талдап, икемді құқықтық нормалар әзірлеу тапсырылды. 

Бірыңғай тұжырымдама бекітілді

Сонымен қатар Премьер-министр еліміздегі балалар мәселесінің стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде елімізде шамамен 7 миллион бала бар. Бұл – халықтың үштен бірінен астамы, нақты айтқанда – 34 пайызы. «Еліміздің болашағы отаншыл және жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты», деді О.Бектенов. Осыған орай, ол Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын еске салып, «Қазақстан балалары» бірың­ғай тұжырымдамасы әзірленгенін мәлім­деді. Тұжырымдамада білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру мен отбасы әл-ауқаты бағыты бойынша нақты міндет айқындалған.

Олжас Бектенов кейінгі жылдары бала­ларға қатысты заңнамалық негіздің айтар­лықтай кеңейгенін айтты. «Әсіресе балаларға қатысты қылмыстық әрекеттер үшін жазаның бұлтартпас қағидаты қатаң сақталатын болады», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр сондай-ақ әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағыт­талған 111 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын мысалға келтіріп, бұл орталыққа жүгінгендер міндетті түрде тиісті көмек алатынын айтты. Бала құқығын қамтамасыз ету ісінде өңірлік деңгейдің рөліне тоқталған Олжас Бектенов бүгінде барлық облыста бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Үкімет басшысы білім беру ұйымдарын­дағы қауіпсіздік пен бақылау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, 1 ақпаннан бас­тап барлық білім беру ұйымдарында ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізі­леді. Бұл шара балалардың қауіпсіздігіне, тамақтануы мен сауықтыру мәселелері­не қатысты жүргізіледі. Осыған байланысты ол Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және спорт, Ішкі істер министр­ліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, 30 қаңтар­ға дейін айрықша қадағалауға жататын нысан­дардың тізімін әзірлеуді тапсырды.

Премьер-министр қамқоршылық орган­дарының штаттық нормативін жаңарту арқасында бір жылда маман саны үш есе артқанына назар аударды. Осы мамандар­дың базасында бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылып жатқаны айтылды. Алайда ол өңірлердің көпшілігі бұл іске енжар қарап отырғаны сынға алынды. «Тек Ақмола мен Ақтөбе облыстары мен Астана қаласында ғана нақты нәтижелер бар. Қалған өңір әкімдіктеріне екі айда бала құқықтарын қорғау басқармаларын құруды аяқтауды тапсырамын», деді О.Бектенов.

Былтырғы 1 шілдеден бастап баланы отбасына орналастырудың жаңа нысаны – кәсіби қабылдайтын отбасы енгізілгенімен, бірде-бір облыста бұл бағытта жұмыс басталмағаны да айтылды. Үкімет басшысы өңірлерге осы бағытты жандандыру міндетін қойды. Ол сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды да назардан тыс қалдырмады. «Кейінгі жылдары балалардың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі жақсарды. Дегенмен мамандардың, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі мен балаларды оңалту мәселесі бойынша шағымдар аз емес», деді Премьер-министр.

Ерекше білім қажеттіліктері бар бала­ларды қолдауда жаңа тетіктер енгізілгені­мен, дефектолог, логопед, сурдолог сияқты м­а­ман­дардың жетіспеушілігі өзекті болып отыр.

«Балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мәселелері әлі де өзекті», деген Үкімет басшысы ауыл балаларының үйірмелер мен заманауи білім технологияларынан тыс қалып отырғанын да ашық айтты.

Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов кәмелетке толмағандардың құқық­тары мен заңды мүдделерін қамта­масыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтса, Денсаулық сақтау ми­нистрі Ақмарал Әлназарова еліміздегі мек­теп медицинасын жаңарту бағытындағы іс-шара жайынан хабардар етті. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлей­менова бала құқын қорғауға қатысты атқары­лып жатқан іргелі істер жөнінде баяндады.

Жиын соңында Үкімет басшысы «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру бойынша нақты тапсырма берді. Оқу-ағарту министрлігіне мүд­делі мемлекет­тік органдармен және әкімдік­термен бірлесіп, тұжырымдамадағы барлық іс-шараның сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету жүктелді.