Алматы төрінде қазақ ұлттық кәсіби музыкасының негізін қалаған тұлға, композитор, дирижер әрі ғалым Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған «Ғасырлар пернесі» атты тағылымды концерт өтті. Мерейтойлық кешті Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ұйымдастырып, көрерменді ұлттық өнердің терең тамырына жетеледі.
Тұлға мерейтойына Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрінің ерекше мән беруі бекер емес. Себебі ұлт қайраткері 1934 жылы 11 домбырашыдан құралған шағын ансамбль негізінде бүгінде әлемге танымал оркестрдің негізін қалап, оның тұңғыш көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды. Өнер иесі, сондай-ақ, ұлттық музыкаға терең ғылыми зерттеулер жүргізіп, қазақтың күй өнерін кәсіби деңгейге көтеріп, оны халықаралық мәдени кеңістікке танытқан бірегей тұлға ретінде тарихта қалды.
Көрнекті композитор мерейтойына арналған концерт бағдарламасында Ахмет Жұбановтың сарқылмас музыкалық мұрасынан таңдаулы шығармалар орындалып, қазақ музыкасының қалыптасу кезеңдері көркем әуен арқылы жаңғырды. Ұлт рухын асқақтатқан туындыларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Айдос Жабағин, опера әншісі Нематулло Зкруллаев, күйші Азамат Шынаров, қобызшы Әсел Рақымжан және Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының балалар хоры орындады.
Кеш тізгінін қолына алған «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген, дирижерлер Нұркен Әшіров пен Ерлан Дәуренбеков оркестрге ерекше серпін беріп, әрбір шығарманың мазмұнын көрерменге әсерлі жеткізді.
– Концерт Ахмет Жұбановқа тағзым ретінде оның өз репертуарынан басталды. Бағдарламада композитордың күйлері мен әндері, Латиф Хамидимен бірлесіп жазған операсынан үзінділер Құрманғазы атындағы оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды. Сахнада 80-ге жуық әртіс өнер көрсетті, – деді дирижер Абылай Тілепберген.
Мерейтойлық іс-шара аясында Ұлттық орталық музейге қарасты Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Ахметқызының мемориалдық музейінде «Ұлт рухын асқақтатқан тұлға» атты мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда Ахмет Жұбановтың ғұмыр жолы мен шығармашылық қызметінен сыр шертетін архивтік құжаттар, сирек фотосуреттер, қолжазбалар, ноталық мұралар, кітаптар мен жеке заттары жұртшылық назарына ұсынылды.
«Экспозиция арқылы композитордың ұлттық музыка тарихына қосқан өлшеусіз үлесі таныстырылды. Көрнекті композитордың ұлтқа адал қызмет еткенінің дәлелі – 1950 жылғы неміс баспа машинасы. Бұл құралға қазақ әріптері енгізілген», – деді мұражай жетекшісі Рыскүл Сағатқызы.