Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сіілтеме жасап.
Мемлекет басшысы университет ұжымын оқу орнының құрылғанына 50 жыл толуымен құттықтап, БҰҰУ-дың бүкіл халықаралық қоғамдастықтың игілігі үшін нақты шешімдер әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзі ұстанатын қағидаттар мен жапон этикасы арасындағы үндестікке тоқталды. Яғни үйлесімділік, даналық және жауапты көшбасшылық – шынайы күш-қуаттың қайнары.
«Ханзада Сётоку VII ғасырда «үйлесімділік бәрінен биік бағалануға тиіс» деп жазды. Бүгінде бұл қағидат мемлекеттік басқаруда және халықаралық қатынастарда басты рөл атқарып, Қазақстанның сыртқы саясатында айқын көрініс тауып отыр», деді Президент. Мемлекет басшысы дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті. «Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.