• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қараша, 2025

Төрт өңірде күнбағыс майы күрт қымбаттады

30 рет
көрсетілді

Елімізде күнбағыс майын өндіру көлемі бесінші жыл қатарынан өсіп келеді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Биылғы қаңтар-қазан айларында 622 мың тонна күнбағыс майы өндірілді. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,4%-ға көп. Бір жыл бұрын өсім 18,5% болған еді.

Өндірістің 488,6 мың тоннасы тазартылмаған күнбағыс майына тиесілі. Ал тазартылған май өндірісі 133,5 мың тоннаны құрап, бір жылда 15,2%-ға артты.

Елдегі зауыттар ішкі нарық пен экспортты қоса есептегенде сұраныстың 84,1%-ын қамтамасыз етті (2024 жылдың осы кезеңінде  87%). Импорт үлесі 13%-дан 15,9%-ға өсті, ал көлемі бірден 59,3%-ға көбейіп, 98,8 мың тоннаға жетті.

Күнбағыс майының экспорты да артты. Биылғы қаңтар-тамызда ол 47%-ға өсіп, 444,3 мың тонна болды. Ішкі нарықтағы өткізу көлемі бар болғаны 1,6%-ға өсіп, 178,4 мың тоннаны құрады.

Халық тұтыну көлемі де ұлғайды. Биылғы қаңтар-маусымда әрбір қазақстандық орта есеппен 7 литр күнбағыс майын тұтынды. Бұл 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 1,7%-ға көп. Бұған дейін, керісінше, тұтыну 2,1%-ға азайған еді.

2025 жылдың қазан қорытындысы бойынша күнбағыс майы бір айда 0,2%-ға қымбаттады. Айта кетсек, қыркүйекте өсім 1,2% болса, 2024 жылдың қазанында 2,4% болған. Күнбағыс майының бағасы 15 ай қатарынан үздіксіз өсіп келеді. Ең елеулі қымбаттау биылғы қаңтарда тіркеліп, бірден 3,9%-ға қымбаттаған.

Барлық өңірде баға көтерілген. Ең жоғары қымбаттау Қарағанды облысында (34,2%), Ақтөбе облысында (33%), Ұлытау облысында (33%) тіркелген.

Ең төмен өсім Астанада (16,9%), сондай-ақ Түркістан (18%) және Ақмола (18,7%) облыстарында тіркелді.

2025 жылдың қазан айында 1 литр күнбағыс майының орташа бөлшек бағасы – 847 теңге болды.

Ең қымбат баға келесі қалаларда байқалды:

Жезқазған – 945 тг

Ақтау – 908 тг

Алматы – 903 тг

Астана – 901 тг

Қонаев – 900 тг

Май бағасы арзан сатылған қалалар:

Түркістан – 769 тг

Шымкент – 773 тг

Көкшетау – 792 тг