Швейцариялық Harvest Agro компаниясы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне 700 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салмақ. Бұл туралы компанияның бас директоры Даулет Увашев KGIR-2025 форумы аясында мәлімдеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Harvest Agro 2022 жылдан бастап Қазақстан нарығында жұмыс істеп келеді. Компания жер және элеватор сатып алып, Қызылорда облысында жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыруға кіріскен. Алғашқы кезеңде 20 мың гектар алқапта техникалық кенеп, жүгері және соя дақылдары өсіріледі.
«Біздің инвестор – Швейцария компаниясы. Біз Қазақстанда 8–9 облыста жалпы көлемі 300 мың гектар суармалы жерді игеруді жоспарлап отырмыз», – деді Дәулет Увашев.
Жобаның екінші кезеңі 2026 жылдан басталады. Бұл кезеңде Алматы, Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар салынып, әр өңірде 50 мың гектардан жер игеру көзделіп отыр.
Компания басшысының айтуынша, әкімдіктермен бірқатар меморандумдарға қол қойылып, бизнес-жоспарлар мен қаржылық модельдер дайындалған. Өндірілген өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа жеткізілсе, бір бөлігі экспортқа шығарылады.
«Біз соя концентратын, аминқышқылдарын өндіреміз. Ал шрот пен күнжара мал азығына жұмсалады. Техникалық кенептен құрылыс саласына арналған панельдер, оқшаулағыш материалдар мен плиталар шығарамыз. Осылайша, терең өңдеуді жолға қойып, ішкі және сыртқы нарыққа дайын өнім ұсынатын боламыз», – деп атап өтті Даулет Увашев.