• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Қазақстанның тағы екі қаласында АӘК алушыларға жеңілдікпен азық-түлік ваучерлері беріледі

40 рет
көрсетілді

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мемлекеттік реттеуден азаматтарға тікелей қолдау көрсету жүйесіне көшу басталды. Осы бағыттағы пилоттық жоба аясында тағы екі қалада – Көкшетау мен Павлодарда – атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға жеңілдікпен азық-түлік ваучерлері беріледі, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігі.

Бұған дейін бұл жоба Ақмола облысының Ақкөл қаласында іске қосылған болатын. Енді министрлік «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін беру жөніндегі қызметті көрсету бойынша пилоттық жобаны іске асыру және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылы туралы» бірлескен бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында жариялады. Құжатта пилоттық жобаның географиясын кеңейту көзделген.

«Жобаны іске асыру мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қызмет көрсетудің үздіксіздігін қамтамасыз етеді, жаңа өңірлерде цифрлық азық-түлік ваучерлерін енгізу нәтижелерін бағалауға және бұл тетікті тұрақты негізде кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді», – делінген министрліктің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу тетігінен бас тартып, АӘК алушыларды тікелей қолдау форматына көшіп жатыр. Дайындық кезеңінде «әлеуметтік әмиян» арқылы eGov Mobile қосымшасында цифрлық азық-түлік ваучерлері сынақтан өтуде. Бұл жүйе арқылы АӘК алушылар азық-түлікті 15%-ға дейін жеңілдікпен сатып ала алады.