QazInnovations инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесе және немістің HUESKER компаниясының қатысуымен халықаралық конференция ұйымдастырды. Оған сала министрі Нұржан Нұржігітов қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Конференцияда компания өкілдері гидротехникалық құрылыс, көлік инфрақұрылымы, экологиялық инжиниринг және тау-кен өндірісі салаларындағы жаңа технологиялар туралы баяндап берді.
Н.Нұржігітовтің айтуынша, су шаруашылығындағы инновациялар – бұл тек технология мәселесі емес, бұл азық-түлік қауіпсіздігіне, аграрлық сектордың тұрақтылығына және табиғи ресурстарды ұтымды басқаруға тікелей байланысты мәселе.
«Климаттың өзгеруі бізден мүлде жаңа, заманауи әрі тиімді шешімдерді талап етеді. Қазір Қазақстан су шаруашылығы саласының маңызды даму кезеңінде тұр. Біз бұл бағытта ауқымды трансформация жүргізіп жатырмыз. Негізгі басымдық – нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, су инфрақұрылымын жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу және трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту», деді министр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, аталған ведомство неміс компаниясымен бұрыннан тәжірибе алмасып келеді. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Өтеміс» каналында INCOMAT геотекстиль материалын енгізу бойынша пилоттық жоба табысты нәтиже көрсетті. Материалдың жұмыс тиімділігі нақты жағдайда дәлелденді. Атап айтқанда, жоба нәтижесінде маусым соңында су шығынының азайғаны және су ресурстарын басқарудың тиімділігі артқаны байқалды. Сонымен қатар жүйе сыртқы әсерлерге төзімділігімен және техникалық қызмет көрсету ыңғайлылығымен ерекшеленді. Пилоттық жобаның оң нәтижелері бұл технологияны басқа каналдарда да қолданудың мақсатқа сай екенін дәлелдеді.