Римдегі Вилла Грациоли саябағында (Parco di Villa Grazioli) қазақ халқының ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы бюстінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерболат Сембаев, италиялық зиялы қауым өкілдері мен Қазақстанның ресми делегациясы мүшелері қатысты.
Салтанатты іс-шарадағы сөзінде министр Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани кемелденуіне бағдар болған, адамзаттың асыл мұраттарын насихаттаған ұлы тұлға екенін, оның шығармалары адамзатты адамгершілік, әділдік, білім мен еңбек арқылы ізгілікке үндейтінін атап өтті. Сондықтан да Абай бюстінің дәл Рим қаласында бой көтеруі – мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы рухани көпірдің белгісі болары анық.
«Кейінгі жылдары мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас ерекше серпін алды. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Италияға ресми сапары мен Италия Министрлер кеңесі төрайымының Қазақстанға жасаған ресми сапары ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді.
Қыркүйек айында Италия Президенті Қазақстанға келіп, жаңа байланыстарға жол ашып, бірқатар маңызды келіссөз жасалды. Бүгінгі Абай ескерткішінің ашылуы – сол келісімдердің көрінісі, екі халық арасындағы достық пен өзара құрметтің белгісі деп білемін», деді А.Балаева.
Айта кетсек, қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі шетелде зор құрметке ие. Ақынға арналған ескерткіштер, бюстер мен монументтер әлемнің көптеген ірі қаласы мен астанасында орнатылған. Олардың қатарында, Ташкент, Мәскеу, Қазан, Бішкек, Бейжің, Каир, Будапешт, Теһран, Анкара, Ыстанбұл, Нью-Дели, Женева, Париж, Ренн, Сараево, Тбилиси, Берлин, Сеул, Харьков, Баку, Рио-де-Жанейро қаласы бар.
Осы іс-шарадан соң Аида Балаева мен Ерболат Сембаев Италиядағы Шыңғыс Айтматов ескерткішіне де гүл шоқтарын қойды.