Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Хакім Абай мұрасы» атты тақырыптық-экспозициялық көрме ашылды. Тағылымды шара ұлы ойшылдың туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Көрмеде хакімнің әулеті, балалық шағы, қоршаған ортасы мен өмірбаянын таныстыратын арнайы стендтер, фотоматериалдар мен мұрағат құжаттары қойылған. Атап айтқанда, Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты, ақынның өз қолы қойылған құжаттар, 1903 жылы берілген мінездеме, өмір деректеріне қатысты көшірмелер, кітаптар және ақын дәуірінің келбетін бейнелейтін жәдігерлер ерекше орын алады.
Көңіл аударған бірегей жәдігерлердің ішінде ақынның бәйбішесі Ділдәнің домбырасы, балдағы мен тоғызқұмалағы, інісі Ысқақтың бөрігі, кіші інісі Оспанның асырап алған қызы Мансураның камзолы, сондай-ақ ұрпағы Азат Әрхамұлы Ысқақов, Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-музейі мен Ә.Жиреншин тараптарынан құрастырылған Абай әулеті мен туыстары жөніндегі шежірелер және бірнеше тың тарихи фотосурет – көрмедегі құнды материалдар.
Сол секілді Абай Құнанбайұлына қатысты қолжазбалар, кітап басылымдары хакім мұрасына үңілгендерді бейжай қалдырмайды. Экспозицияда ғалымдар тарапынан Абайдың өз еңбегі деп танылған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысы, ақын шығармалары жинақталған Мүрсейіт Бікеұлының (1860–1917) қолжазбасы, Тұрағұл Абайұлының (1875–1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» атты қолжазбасы, сондай-ақ Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғлының өлеңі» атты ерекше басылым көпшілік назарына ұсынылған.
Көрмені ашқан музей директорының міндетін атқарушы Сержан Саров, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебайұлы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Руда Зайкенқызы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Бақытжан Меңлібекұлы, Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Ләйлә Мұсалы, Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының мәдени атташесі Хоссейн Ағазаде ақын мұрасының маңызын тілге тиек етті. Ғалымдар Абай шығармаларын оқу, білу, тану, жаңғырту мен насихаттау тек қазақ халқының ғана емес, әлем ғалымдарының борышы екеніне ерекше тоқталды.
АЛМАТЫ