• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 16:01

«Өрлеу» бағдарламасы арқылы өрісін кеңейткен кәсіпорындар

20 рет
көрсетілді

«Даму» қоры биыл маусым айында «Өрлеу» бағдарламасын іске қосты. Аталған бағдарлама пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралына балама бола алады және кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиені кідіріссіз алуына мүмкіндік беріп отыр. Жаңа бағдарлама бойынша инвестиция, айналым қаражатын толықтыру және қайта қаржыландыруға несие алуға болады. Қостанай облысында осы бағдарлама бойынша жыл басынан бері 62 жоба мақұлданып, кәсіпкерлер жалпы сомасы 6,4 млрд теңге қаржылай қолдау алды. «Даму» қорының өкілдері ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше кәсіпорынды араладық, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Даму» қоры өңірлік филиалының директоры Медет Ерболұлының айтуынша, Қостанай облысында сонымен қатар  «Бизнес-Көмек» аймақтық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама шарттары бойынша несиені Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарының аумағында тіркелген кәсіпкерлер ала алады. Биыл бұл бағытта «Даму» қорының Қостанай филиалы жалпы сомасы 200 млн теңге болатын 6 субсидия шартына қол қойған.

Өңірлік филиал тарапынан қолдау тапқан жобалардың дені өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығы, медицина, сауда-саттық саласына тиесілі.

«Шағын және орта бизнес экономиканы дамытуда шешуші рөл атқарады. «Даму» қоры ұлттық даму институты бола отырып, Қазақстанның барлық өңірлерінде ШОБ-тың сапалы дамуына жәрдемдеседі. Оның экономикалық әсері мол. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау құралдары кәсіпкерлердің дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірілетін өнім түрлерін кеңейтуге, тауар айналымын ұлғайтуға және нарықтағы өз позицияларын нығайтуға көмектесуі. Бұл аймақтық экономиканың тұрақтылығына және адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді», дейді қордың облыстағы филиалының директоры Медет Ерболұлы.

«Даму» Қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері макарон өнімдерін шығаратын «Адал LTD» зауытында болды. Аталған кәсіпорын мемлекеттік қолдау аясында макарон өнімдерін шығаратын заманауи құрылғы сатып алған. Жаңа технология негізінде жұмыс істейтін «ақылды» құрылғы сағатына 300 кг қысқа, 100 кг ұзын макарон шығарады.

«Жаңа желілер бізге ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапалы өнімдер шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Жаңа жобаны іске асыру барысында жалпы ауданы 4000 шаршы метр қоймасы бар  жаңа өндіріс алаңы салынды. Бұл ғимарат өнеркәсіптік қауіпсіздік, гигиена және энергия тиімділігінің барлық талаптарына жауап береді», дейді кәсіпорын басшысы Талғат Наурызбаев.

«Адал LTD» ЖШС мемлекеттік бағдарламаларға бірнеше рет қатысып, айналым қаражаты мен инвестиция үшін қаржы алған. 2024 жылы компания «Қазақстан Халық банкінен» «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында жеңіл несие алып, өндірістік желілер сатып алады. Ал 2025 жылы шілдеде «Өрлеу» бағдарламасы аясында айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 12,6%-бен жеңіл несие алған. Компания өнімдері «Arvena» брендімен шығарылады.

«Жаңа желі тәулігіне 72 тонна макарон, 24 тонна кеспе шығарады. Компанияда осы жоба аясында 18 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндіріс көлемі ұлғайған соң өнімдерімізді осы өңірде, ел көлемінде саудаға шығарумен қатар, алыс және жақын шетелдерге экспорттауға мүмкіндік алдық», дейді зауыт басшысы.

«Өрлеу» бағдарламасын тиімді пайдаланып отырған кәсіпорынның бірі – жиһаз материалдарын шығаратын «KIRA» компаниясы. Аталған кәсіпорынның аумағы 12000 шаршы метрден асатын өндірістік алаңы бар. Мұндағы заманауи автоматты желілер тәулігіне 10 000 шаршы метрге дейін  МДФ қасбеттерін, айына 12000 тақтай материалдарын, 3000 дана дайын жиһаз бұйымдарын шығарады.

Компания өнімдерін Алматы, Астана, Қостанай, Ақтөбе, Көкшетау қалаларына жібереді. 

«2025 жылдың тамызында біздің компания «Даму» Қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық банкінен» айналым қаражатын толықтыру үшін 12,6%-бен несие алды. Осы қолдау қаржының көмегімен компания жаңа жұмыс орындарын құрып, өндіріс қуатын арттырды. Жоғары сапа стандарттарын сақтай отырып, өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік алды», дейді кәсіпорын басшысы Денис Дядюн.

 

Қостанай облысы