Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, Үндістандағы сот ғылымдары ұлттық университетінің филиалын ІІМ Басқару академиясы базасында ашу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
29 қазан күні оқу орнының базасында үшжақты кездесу өтті. Оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков және Үндістан Ұлттық сот ғылымдары университетінің өкілі Шри Джадежа қатысты. Кездесу барысында Қазақстанда NFSU филиалын құру мәселелері талқыланды. Филиал еліміздің құқық қорғау органдары үшін киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы және қолданбалы қылмыстық тергеу салаларында жоғары білікті мамандар дайындауға үлес қосады.
Кездесу қорытындысында NFSU филиалының ІІМ Академиясы базасында ашылуы және қос дипломдық білім бағдарламаларының іске қосылуы жөнінде келісімге қол қойылды.
Тараптар арасындағы келісімдер негізінде кадр даярлау, сондай-ақ бірлескен ғылыми және құқықтық зерттеулерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.