Жыл сайын мегаполис клиникаларында 15 мыңнан астам шетел азаматы ем қабылдайды. Ең көп сұранысқа ие бағыттар қатарында кардиохирургия, ортопедия, онкология, репродуктивті және эстетикалық медицина бар, деп жазады Egemen.kz.
Бүгін Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мегаполистегі медициналық туризмнің даму келешегі мен бәсекелестікке бейімделу қадамдары туралы ақпарат берді. Қаланың бас дәрігері Алматыда медициналық туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар екендігін баяндай отырып, көп деңгейлі медициналық ұйымдарда заманауи технологиялар қолданылатындығын, жоғары сапа стандарттары сақталатындығына атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанда емделу арзан ғана емес, ТМД елдерінің азаматтары үшін тілдік кедергі жоқ.«Алматы қазірдің өзінде көршілес елдерден келетін науқастар үшін тартымды бағытқа айналып отыр. Әсіресе Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін пациенттердің саны тұрақты өсіп келеді», деді Марат Пашимов.Медициналық туризмді дамыту мақсатында қалада ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, сақтандыру, ассистэнс сияқты компанияларымен әріптестік нығайып келеді, онлайн-консультациялар ұйымдастырылып, шетелдік науқастарды қабылдау жүйесі жолға қойылған.Қазіргі таңда мегаполистегі 25 медициналық ұйым онкология, хирургия, акушерлік және психоневрология сияқты түрлі бағыттар бойынша жоғары технологиялық көмек көрсетеді.Мысалы, 2025 жылдың тек алғашқы жартыжылдығында Алматы стационарларында 178 шетелдік пациент емделді. Олардың ішінде 81 адам – Ресейден, 25 адам – Өзбекстаннан, 24 адам – Қырғызстаннан келген.Шетелдік пациенттер көбінесе акушерлік пен босандыру ісі, онкология, хирургия, терапия, урология мен психиатрия салаларының мамандарына жүгінеді.Сондай-ақ, Қазақстан заңнамасына сәйкес, қандастар, босқындар, шетелдіктер мен басқа елде тұрақты тұрып жатқан азаматтығы жоқ тұлғалар да отандастарымызбен тең дәрежеде медициналық көмек алуға құқылы. Бұл көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетіледі.«Медициналық туризмді дамыту – тек қосымша табыс көзі ғана емес, сонымен бірге медициналық көмектің сапасын арттырып, Алматының денсаулық пен инновациялар саласындағы халықаралық беделін нығайтуға мүмкіндік береді», дейді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.