«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің және Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз тасымалдаған күдіктілер тобын ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жедел ақпарат негізінде Тараз қаласына кірген «Ауди-80» маркалы көлік тоқтатылған. Автокөлікте төрт жергілікті тұрғын болған. Іздестіру кезінде құқық қорғау қызметкерлері көліктің багажынан 4 қап кептірілмеген марихуана тапқан. Алынған есірткі заттарының жалпы салмағы 24 келі 480 грамды құраған.
Алдын ала алынған мәліметтерге қарағанда марихуана есірткі заты Тұрар Рысқұлов ауданының құмды аймағында дайындалған. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды.
Қазіргі уақытта көліктегі екі жолаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілерге қатысты қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.Күдіктілерді ұстау Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлерінің тікелей қатысуымен болған.
Жамбыл облысы