• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 16:04

Полицейлер Бурабайда үш адамды құтқарды

10 рет
көрсетілді

Бурабай ауданының патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Бауыржан Ғалымов пен Аян Қанғожин жедел әрі кәсіби әрекеттерімен Щучинск-Бурабай тасжолында болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алып, жүргізуші мен екі жолаушының өмірін сақтап қалған. Оқиға 24 қазанда болған, деп жазады Egemen.kz.

Аталған екі полицей көлікті күмән тудырарлықтай басқарып келе жатқан жүргізушіні байқап қалған. Полицейлердің тоқтау туралы талабына жүргізуші жауап бермей, қарсы бағыттағы жолаққа шығып, жол жиегіне соғылған. Жағдайды тез бағамдаған тәртіп сақшылары қарсы бағыттағы қозғалысты тоқтатып, көлікті қауіпсіз түрде тоқтатқан. Сөйтіп, ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алған.

Көлікте 60 жастағы ер адам және кәмелетке толмаған екі бала болған. Кейін анықталғандай, жүргізуші өзін кенеттен жайсыз сезініп, басы айналып, жағдайы күрт нашарлаған.

Полицейлер бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің нұсқауымен ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер оның жағдайын «инсульт алған» деп бағалап, полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ауыр зардаптың алдын алғанын атап өткен.

Аудандық полиция басшысы қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен жауапкершілігін жоғары бағалады, ал 60 жастағы ер адам өз өмірін сақтап қалған патрульдік полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі жедел іс-қимылы арқасында осылайша үш адамның өмірі сақталып қалды.