• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Театр Кеше

«Ұсқынсыз үйректің» үлгісі

30 рет
көрсетілді

Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театрының қуыр­шақ труппасы 41-маусымын Г.Х.Ан­дерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» спектаклінің премье­расымен ашты.

С.Қожамқұлов атын­дағы Ұлытау облысының қуыршақ труппасына би­ы­л 40 жыл толды. Осы ме­рей­тойға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астанадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік ака­демиялық орыс драма театрының бас режиссері Бекпулат Парманов дат жа­­зушы-ертегішісі Ганс Христиан Андерсеннің әлемдік классикаға айнал­ған «Ұсқынсыз үйрек» қойы­лымын балаларға тарту етті.

Экспериментальдық ба­ғыттағы спектакльде бұл жолы қуыршақтар емес, түрлі құс пішініндегі, жартылай маскадағы әртіс­тер ойнады.

Қойылым үйректердің отбасында дүниеге келген балапанның басынан кешкендерін арқау еткен. Балапан қатарластарының ешқайсысына ұқсамайды. Сырт келбеті ғана емес, өзгеше ойлауы, өзін бас­қаша сезінуі арқылы басқа балапандардан ерек­ше­леніп тұратын оны «ұс­қынсыз» деп жәбірлеп, қиянат жасайды. Тек анасы ғана оны өзгелердің жәбірлеуінен қорғайды. Келеке мен мазаққа шы­дамаған балапан өзін қабылдамаған ортадан кетіп қалуға мәжбүр болады. Бірақ ол мойымай, кездескен қиындық пен кедергіге қарсы тұрады. Жал­ғыздық жанына батса да өзіне деген сенімін жоғалтпай, зеңгір аспанда қалықтап ұшуды үйренеді. Қорғансыз балапан өсіп, сұлу аққуға айналады. Өзін жақсы түсінетін сыңарын табады.

«Спектакльдің желісі балаларға түсінікті әрі қы­зықты болуға барымызды салдық. Қуыршақ театры жас ұрпақты мәдениетке, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеудің құралы. Қуыр­шаққа жан бітіріп, ойнатып, құлпыртып жіберу оңай емес. Жасы­ратыны жоқ, қуыршақ театрына кәсіби мамандар жетіс­пейді. Театр үнемі ізденісте, жаңару жолында болуы керек» дейді қоюшы режиссер Бекпулат Парманов.

Көрермен бұдан нағыз сұлулық көзге көрініп тұр­ған сырт бейнеде емес, ішкі жан дүниеде – жүректе, бойдағы мейірім мен махаббатта, табандылықта деген ой түйеді.

 

Ұлытау облысы