• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 13:35

Қазақстанның жаһандық озық үрдістерден кейін қалуына болмайды - Тоқаев

10 рет
көрсетілді

Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында жас кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер, IT-мамандар Қазақстанның жаңа элитасын қалыптастырып жатқанына назар аударды, деп жазады Egemen.kz.

«Higgsfield AI стартапы – биылғы айтулы жетістіктердің бірі. Оны Қазақстанның алғашқы «сыңармүйіз» стартапы деуге болады. Әдетте жаһандық нарықта бір миллиард долларға немесе одан да қымбатқа бағаланған компанияларды осылай атайды. Бұл бірегей жобаның негізі Astana Hub алаңында қаланған болатын. Мұны математика және физика пәндерінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық олимпиада жеңімпаздары, дарынды энтузиастар жасады. Осындай мықты азаматтар – еліміздің келешегі. Жас кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер, IT-мамандар Қазақстанның жаңа элитасын қалыптастыруда. Ал жаңашылдық – ұлттық сипатымыздың маңызды қырына айналды. Демек, мемлекет қолдау көрсетсе, білімді, еңбекқор балаларымыз бен немерелеріміз әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары технологиялық өнімдер жасай алады. Алайда бірлі-жарым табысқа тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан Сондықтан Үкіметке келешегінен үміт күттіретін отандық стартаптардың нарықта лайықты орнын табуына көмектесетін заманауи, тиімді экожүйе құру міндеті жүктелді», деді Президент. 

Мемлекет басшысы: «Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс»

«Қазақстан цифрландыру көрсеткіші бойынша дүниежүзілік индекстерде жоғары орындарды иеленеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ, ең бастысы, болдық, толдық деуге болмайды. Әлемдегі ең жоғары талаптарға сай келетін заманауи экономиканы дамыту үшін ғылыми-техникалық прогресті жіті бақылап отыру қажет. Сондықтан біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні жан-жақты енгізуді мемлекет дамуының басым бағыты ретінде белгіледік. Қазақстанның жаһандық озық үрдістерден кейін қалуына болмайды. Әйтпесе, замана көшіне ілесе алмаймыз. Ал оның салдары өскелең ұрпаққа тиюі мүмкін. Жұмыс басталды. Алғашқы ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. «Қазақтелеком» базасында тағы бір суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. AI Sana бағдарламасы және ауқымды Alatau City жобасы қолға алынды. Аталған бағыттағы аса маңызды жұмысты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. Стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыру. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс. Уақыт оздырмай, білімге негізделген экономика құруға кірісу қажет. Креатив пен инновация өсімнің арқауы, ал зияткерлік капитал елдің бәсекеге қабілеттілігінің өзегі болуға тиіс», деді Қ.Тоқаев.