Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сараптамалық алаңының «Қазақстанның тұрақты өңірлік дамуы: цифрлық, экономикалық және әлеуметтік бағдарлар» тақырыбында жиын ұйымдастырды. Оған зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, депутаттар, этномәдени бірлестік төрағалары, түрлі мекеме басшылары мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиын барысында Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-дің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев сынды тағы да басқа жиынға қатысушы азаматтар баяндама жасады. Басқосуды Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина жүргізіп отырды. Іс-шара аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған өңірлік саясаттың басым бағыттары талқыланды. Өңірдің цифрлық дамуы, экономикалық өсуі және әлеуметтік тұрақтылығы мәселесі қаралды. Қатысушылар аймақтың өркендеуіне байланысты оң көзқарас қалыптасып жатқанын, цифрлық технологиялар енгізудің, әртүрлі қауымдастықтардың әлеуметтік тұрақтылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
ҚСЗИ өкілі А.Жолдыбалинаның айтуынша стратегиялық зерттеулер институтының жанында КИСИ GPS алаңы ашылған. Онда түрлі талқылаулар өтіп тұрады. Осындай кезекті пікірталасты институт Шымкентте өткізуді ұйғарыпты. Маманның айтуынша, Қазақстанның дамуы тікелей аймақтарға байланысты. Өңір өркендесе тұтас ел алға озады. Бұл ретте А.Жолдыбалина институт өкілдері жергілікті сарапшылармен бірге жасанды интеллект, стартап жобалар, ІТ технология, кадр, жастар саясаты және өзге де өзекті мәселелер бойынша талқылаулар өткізуге келгенін жеткізді. Өйткені аймақтағы мәселені жергілікті сарапшылардан артық білетін жан жоқ. Стратегиялық зерттеушілер ұсыныстарды жинақтап, сол бойынша алдағы даму жоспарын құрады. Шымкент – ҚСЗИ басқосу ұйымдастырған үшінші өңір. Жиында көтерілген барлық мәселе, айтылған ұсыныстар назарға алынып, соңында Президент әкімшілігіне арнайы баяндалады. А.Жолдыбалинаның айтуынша, бұған дейін де қалада институт жиындары өткен. Тіпті Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуына ҚСЗИ-дің үлесі бар екенін айта кету керек. 2016–2017 жылдары институт өкілдері бірнеше жиын өткізіп, жергілікті әлеуметтанушы, саясаттанушы, экономистердің сараптамаларына құлақ түріп, Шымкент өз алдына дербес мегаполис бола алады деген тұжырым жасаған. Сондай-ақ ҚСЗИ директорының орынбасары шаһар республикалық қала атанғалы бизнес саласы қарқынды дамығанын айтты. 3-4 жылда Шымкенттің негізгі капиталы екі есе өскен. Осының бәрі шағын және орта бизнестің арқасы деп есептейді маман. Яғни кәсіпкерлік өсім қарқыны жағынан аймақ республикада көштің алдыңғы легінде келеді. Сонымен қатар А.Жолдыбалинаның пікірінше қаланың шекаралас аймаққа жақын орналасуы оған экономикалық тұрғыдан серпілуге зор мүмкіндіктер бар. Одан бөлек, маман аймақта стартап жобалар жүйелі қолға алынып жатқанын тілге тиек етті. Бұл бірінші кезекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны өңірлерде дамыту қажет деген тапсырмасының орындалуын білдіреді. Шымкент жастар қаласы болғандықтан жаңа идеяға негізделген бизнес жобалардың көптеп жүзеге асуы табиғи заңдылық деп қарайды маман.
Жалпы, А.Жолдыбалинаның пікірінше бүгінде өңірлердің теңгерімді дамуы, өмір сүру сапасын арттыру, цифрлық шешімдерді енгізу, жаңа экономикалық орталықтарды қалыптастыру мәселелері елдің стратегиялық бағытының негізгі құрамдас бөлігіне айналып отыр. Мәселен кейінгі жылдары Шымкентте негізгі салалардың тұрақты дамуы айқын сезіле бастады. Соның бір дәлелі 2021–2024 жылдар аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге жуық артты. Бұл өз кезегінде бизнеске деген сенімінің күшейгенін және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді. Стратегиялық зерттеулер институты өкілі айтып өткендей, ҚСЗИ өңірлердегі аналитикалық әлеуетті арттыруға айрықша мән беріп келеді. Осы мақсатта қазір еліміздің тоғыз облысын қамтитын өңірлік өкілдер желісі қалыптасқан екен.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов өз баяндамасында цифрландырудың түрлі саланы тиімді басқарудағы әлеуеті мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартудағы маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық шешімдерді енгізу жергілікті атқарушы органдар жұмысының ашықтығын, жеделдігін әрі айқындығын қамтамасыз етеді.
«Цифрландыру – қалаларды тиімді басқару мен тұрақты дамудың негізгі кілті. Алдағы үш жылда елімізде жаппай цифрландыру үрдісі басталады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан тапсырмасы. Бұл міндет әр өңірде өзінің потенциалына қарай атқарылуы керек. Цифрландырудың маңыздылығын түсіндіріп жатудың өзі артық. Кезінде алпауыт «Нокиа» компаниясының телефондарын ұстамаған адам жоқ шығар. Компания дүрілдеген шақта әлемдік нарықтың 60 пайызын телефонмен қамтамасыз еткен. Алайда корпорацияның бір қызметкері цифрлық технологияға көшейік деген, бірақ оның ұсынысын басшылық қабылдамаған. Онсыз да зор табыс тауып отырған мекеме әрі қарай да пайдаға кенеле беремін деп ойлады. Алайда небәрі үш жылдың ішінде жеке капиталы 200 млрд доллардан асатын «Нокиа» өз бизнесін бір млрд долларға әрең сатып құтылған. Бұл өзгерістерге, жаңа бағытқа бейімделе алмаудың салдары. Сондықтан біз ерте қимылдауымыз керек. Цифрландырудың өңірлік дамуға әсері күшті. Шымкенттің басқа өңірлерге қарағанда екі ерекшелігі бар. Біріншіден, халқы көп. Өте тығыз орналасқан. Екіншіден, шекаралық аймаққа жақын жатыр. Содан оның нарығы өте үлкен. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні осы шекарадағы алыс-беріс мәселесін зерттеп, қадағалауға арнау қажет. Себебі Өзбекстаннан келетін тауар кейде Қазақстан өнімінен арзан. Өйткені бізде кедендік баж салығы салынбайды. Мұндай мысалды көптеген тауарға қатысты айтуға болады. Сондай-ақ цифрландыруды екі елдің экономикалық әлеуетін зерттеуге жұмсау керек. Мәселен көрші елде бір тауар шықса, оны бізде бірнеше жыл бойы жоба іске асыру арқылы өндіруі мүмкін. Алайда түбінде импорттық өнімге отандық тауар бәсеке бола алмай қалуы ықтимал. Немесе керісінше көрші мемлекетке бір жоба қолға алына бастайды. Ол бізде аяқталып, өндірісі жолға қойылған болады. Кейін өнім көлемі артып, нарықта ұсыныс шектен тыс асып кетуі мүмкін. Ол екі елдің де өндірісін шығынға ұшыратуы мүмкін. Біз көршіде жоқ не шығара аламыз? Алдымен осы сауалдың жауабын алып, сосын әрекетке көшкен жөн. Ол үшін қоңсы елдің экономикасын бірге сараптау ләзім. Мұндай аналитиканы жүргізуге жасанды интеллект пен цифрлық жүйе көмектесе алады. Сосын цифрландыруды қолданудың ауқымы өте кең. Мәселен, білім беру саласын алсақ, жоғары оқу орындары жасанды интеллектінің зерттеулеріне қарай нарықта сұранысқа ие мамандар даярлауына болады. Бүгінде елімізде ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Соның бірі – оңтүстіктегі халықты солтүстік аймақтарға көшіру жобасы. Оның басты мақсаты жұмыс күші тапшы аймақтарды кадрмен толықтыру екені белгілі. Бұл жобаның әлеуметтік те, экономикалық та маңызы зор. Бірақ солтүстікке қоныс аударғысы келмейтін отбасылар бар. Стратегиялық зерттеулер институты халықтан не үшін көшкісі келмейтінін сұрап зерттеу жүргізсе, сондай-ақ оңтүстікте қалған отбасыларды келешекте жұмыспен қамту олардың әлеуметтік мәселесін шешу жағын да ҚСЗИ зерттеп-зерделесе, нұр үстіне нұр болар еді. Ал ең маңыздысы жоғарыда айтқанымдай цифрлық технологияны шекаралас аймақтардың арадағы алыс-берісін, экономикалық әлеуетін шамалауға пайдаланған абзал. Қысқасы, цифрландырусыз болашақты елестету мүмкін емес», деді депутат.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің проректоры Ғани Бесбаев жоғары оқу орнының цифрландыру, жасанды интеллект, Big Data және роботтехника салалары бойынша қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қазір заман сәт санап өзгеріп, жаңа кезеңге бет бұрып келеді. Бұл орайда өзгерістерге дайын болып, іргелі бетбұрыстар жасап, табанды әрекет ету барлығымызға ортақ міндет. Әсіресе ғылым мен жоғары білім саласында табысты еңбек етіп, дамудың жарқын үлгісін көрсете білуіміз қажет. Осыған байланысты Президент нақты бағдарларды айқындап берді, ендігі міндет сол бағытты темірқазық ете отырып, дамудың даңғыл жолына қарай бет түзеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет» деп атап өткен болатын. Осы бағытта М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті де қалыс қалмай, көптеген тындырымды жұмыстар атқарып келеді. Атап айтар болсақ, біріншіден, «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебінде жасанды интеллект, деректер ғылымы, машиналық оқыту, үлкен деректерді өңдеу бойынша арнайы пәндер енгізілді. Сонымен қатар «Жасанды интеллект технологиялары» атты жаңа білім беру бағдарламасы негізінде студенттер қабылданды. Екіншіден, университет базасындағы зертханаларда бейнені тану, табиғи тілді өңдеу, интеллектуалды роботтехника пәндері бойынша зерттеулер жүргізіліп, қанатқақты бастамалар қолға алынды. Үшіншіден, университет халықаралық серіктестермен байланыс орнатып, ЖИ саласында бірлескен жобалар жүзеге асыра бастады. Студенттер Coursera, edX, Kaggle секілді платформалар арқылы әлемдік деңгейдегі білім көздеріне қол жеткізіп, халықаралық байқауларға қатысып жүр. AI-SANA жобасы аясында университетіміз ерекше қадам жасады. Бұл жоба білім беру, ғылыми зерттеу және стартап-кәсіпкерлікті жасанды интеллект технологиялары арқылы біріктіреді. Бағдарлама кезең-кезең бойынша іске асады. Ол базалық дағдылардан бастап, стартаптар құруға дейінгі мүмкіндіктерді қамтиды. Жоба салалық міндеттерді орындауға, сондай-ақ аграрлық, энергетикалық және инженерлік бағыттардағы нақты проблемаларды ЖИ көмегімен шешуге арналған. Сонымен қатар университеттің инновациялық жобалар орталығы жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізуді жалғастырып келеді. Электронды кітапханаға интеллектуалды іздеу жүйесі, смарт-кампус элементтері және студенттердің үлгерімін болжауға арналған аналитикалық модельдер әзірленіп жатыр. Қысқасы, университет базасында заманауи зертханалар ашылып, цифрлық және интеллектуалды технологияларды қолдану бағытында ғылыми зерттеулер мен қанатқақты жобалар қолға алынып жатыр» деді Ғ.Бесбаев.
Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев инвесторларға арналған қаланың интерактивті картасын әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, бұл жоба өндірістік, логистикалық және әлеуметтік инфрақұрылым туралы деректерді біріктіріп, инвестициялық алаңдарды таңдауды жеңілдетеді және бизнес пен инвестициялық құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттырады. Интерактивті карта инвесторлардың оң шешім қабылдауына ықпал ететін және Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыратын тиімді құралға айналатынын айтты.
Шымкент қаласының «iKomek 109» ахуалдық орталығының басшысы Азат Әміртаев қаладағы цифрлық сервистер мен жедел әрекет ету жүйелерін енгізу тәжірибесін бөлісті. Орталықтың жұмысы тұрғындар мен мемлекеттік қызметтер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге бағытталған. Маманның сөзінше бүгінде цифрлық платформалар қалалық экожүйенің ажырамас бөлігіне айналып, көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, жеделдігін және сапасын жақсартуға ықпал етіп келеді.
Shymkent Hub өңірлік менеджері Құрманғазы Мұратовтың пікірінше, қаланың стартап-экожүйесін дамыту – басты басым бағыттардың бірі. Оның айтуынша, Shymkent Hub жас кәсіпкерлер мен технологиялық бастамалар үшін тартылыс орталығына айнала бастады. Осы орайда аталған мекеме инновациялық жобаларды көбейтуге, стартаптарды қолдауға және IT-кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасап отыр.
Жалпы, КИСИ GPS алаңындағы жиынға қатысушылардың пікірінше, өңірлердің тұрақты дамуы үшін мемлекет, бизнес, ғылым және қоғамдық институттардың күш-жігері бір арнаға тоғысу қажет.
Ал жиын соңында айтылған мәлімдемеге сәйкес өңірлік саясатты жетілдіруге, өңіраралық өзара іс-қимылды нығайтуға және ел өңірлерінде инновациялық экожүйелерді дамытуға бағытталған ұсынымдар әзірленетін болады.