• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қазан, 2025

Жас өнерпаздардың лайықты марапаты

20 рет
көрсетілді

Елордадағы «Астана Опера» театрында Мәдениет және ақпа­рат министрі Аида Балаева халықаралық байқау­лардың жеңімпаз­дарымен кездесу өткізді.

Олардың қатарында Әміре атымен танылған әнші Ернар Садырбай, халықаралық додаларда топ жарған Ержан Максим, биылғы «Славян базары» байқауының Гран-при иегері Алмагүл Батталиева секілді танымал өнерпаздар бар. Кездесу барысында біршама мәселе талқыланып, өнердің кешегісі мен бүгіні төңірегінде әңгіме қозғалды.

– Бүгін мереке қарсаңында ел мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген жастармен кездесіп отырмыз. Сіздердің халықаралық деңгейдегі жетістіктеріңіз — еліміздің абыройы мен беделі. Әр өнерпаздың еңбегі мен дарынын жоғары бағалаймын. Ел мен жерге, өз ісіне деген сүйіспеншілік осындай жеңіске жетелейді. Сіздерді тәрбиелеген ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызға алғыс білдіремін. Өйткені олардың сіздерді өнерге бау­лып, таңдауларыңызды қолдауда еңбегі зор, – деді Аида Ғалымқызы.

Іс-шараға үздік опера әншілері, шетелдегі байқауларда танылып жүрген домбырашылар мен биші­лер қатысты. Соның бірі – Италия­да өткен халықаралық опера бай­қауы­ның жеңімпазы, 70-тен астам әлемдік байқауда ел намысын қорға­ған опера әншісі Әйгерім Алтынбек.

– Аллаға шүкір, осындай керемет жетіс­тіктерге жетіп, өнеріміз­ді шың­дап келеміз. Өзімді ұстаз­дан жолы болған адам деп есеп­теймін. Университет қабырғасын­да болсын, колледжде болсын білікті ұстаздардан сабақ алдық. Өнер­паздың ата-анасы, өскен ортасы, жақсы ұстаздары қабысқанда ғана толыққанды тұлға шығады деп ойлай­мын. Осылай өнеріміз арқы­лы елімізді әлемге танытып, асқақ биік­терді бағындырып, алға қарыш­тай берейік, – деді Ә.Алтынбек. 

Іс-шарада өнердегі бүгінгі мәсе­ле­лер мен талап-тілектер айтылды.

– Кейде тойларға барған кезде ескі әндер де шырқалады. Қарапайым халық соларды әбден тыңдап үйренген. Опера десе, Брусиловскийдің мұралары еске түседі. Қазір бәріміз айтатындай жаңа әндерді табу қиын. Мәселен, Ескендір ағамыздың «Атамекеніндей» жалпы халыққа белгілі әрі ескірмейтін ән шығаруы­мыз керек. Осын­шама кеңістікті игере алған бабалары­мыздың ұлттық өнеріне сүйеніп, болашақтың кәдесіне жарайтындай заманауи дүниелер туды­руымыз керек. 

Алпауыт демесек те, халықара­лық деңгейде беделі бар ел болдық. Нұрғиса ағамыздың ғажайып күйлерін қайта-қайта айтамыз, бірақ бізге бүгін жаңа Нұрғисалар қажет. Еліміздің өнерін байытып, елге сіңетін жаңа дүниелер тудырсақ, сол жетістігіміз, – деді министр Аида Ғалымқызы.

Алқалы отырыстан соң өнер­паздар арнайы алғысхатпен марапатталып, естелік суретке түсті.