• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Республика күні 24 Қазан, 2025

Елдікті айшықтаған ерекше құжат

40 рет
көрсетілді

Еліміздің өз алдына ел болғанын дәлелдейтін құжаттардың бірі әрі бірегейі – Мемлекеттік егемендік туралы декларация. Саяси құжаттың сипатын айқындайтын нақты бір құжат түрі қандай болу керек екенінен бастап, қандай заңдар қамтылатыны, Президенттің өкілеттілігі секілді мәселелерді енгізу сол кездегі заңгерлер мен қоғам қайраткерлеріне оңайға түспегенін қазір тарихшылар айтып келеді. Ең бастысы, бұл саяси құжат кеңестік заңдардың күшін жойып, тәуелсіздік жолына қарай бағыттады.

Жалпы, егемендікке еліміз сан қатпарлы жолдан өтіп қол жеткізді. Қазір егемендік пен мемлекеттілікті айғақтайтын материалдар Президент архивінде сақтаулы. Сондай-ақ ондағы көрмеде Декларацияның қабылдану тарихын қамтитын материалдар бар.

Президент архивінің директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі Әлия Мұстафина қазір «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы отандық жаңа тарихтағы конституциялық маңызы бар тұңғыш акт және қазіргі Қазақстанның мемлекеттілігінің негізі ретінде саяси деңгейде расталғанын айтады.

– Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған­нан кейін оның идея­сын Қазақстанның конституциялық құрылысының негізіне енгізу туралы мәселе туындады. Құжатта Қазақстан­ның тә­уелсіз мемлекет ретіндегі сая­си-құқық­тық негіздері бекі­тілді. Сондай-ақ алғаш рет ел аума­ғы­ның тұтастығы, оған қол сұғыл­­майтын­дығы, қазақ ұлтының және Қазақ­стандағы этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлт­тық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекет­тік қағидаттар бекітілді, – деді Ә.Мұстафина.

Оның айтуынша, құжатта саяси, экономикалық және әлеу­меттік мәселелерді өз бетін­ше шешу қағидаты да жария­ланды. Қазақ КСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіп­сіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды.

– Осы декларацияның не­гі­зінде 1991 жылдың 16 желтоқ­са­нын­да «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның мемлекеттік тәуел­сіз­дігі туралы» Конститу­ция­­лық заң қабыл­данды, – дейді спикер.

Бұған қоса Ә.Мұстафина Декларация қабылданбас бұрын оған жол ашқан бірқатар саяси және қоғамдық оқиғалар орын алып, нәтижесінде, халық игілігіне қажетті заңдар қабылданғанын айтады. Мәселен, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін елде демократиялық қоз­ғалыстар мен қоғамдық-саяси жаңғыру­лар жанданып, соның бір көрі­нісі ретінде 1989 жылы «Қазақ КСР-дегі тілдер туралы» заңы қабылданды.

– Бұл заң бойынша қазақ тілі­не мемлекеттік тіл мәртебесі бе­ріл­ді. Декларация қабылдан­ған­ға дейін қазақтың ғылыми және шығармашылық интеллиген­ция­­сы, ұлттық зиялы қауымы тәуел­сіздікке жету жолында ұсы­ныстарын айтып, талап-тілектерін билікке жеткізді. Бұл кеңестік жүйенің шарықтау кезеңі еді. Дегенмен архивтік құжаттар осы бағыттағы нақты жұ­мыстардың жүргізілгенін дә­лел­дейді. Қазір осындай ел та­рихындағы маңызды құжат­тардың бір парасы Президент Архивінде сақтаулы. Негізі, архив құжаттарының өлшеусіз бағасы бар, себебі әр құжаттың артында нақты дерек пен дәйек тұрады. Декларация да – со­ның бір айғағы, себебі мем­лекеттілігіміздің іргетасын қа­лаған тұңғыш конституциялық акт, – деді Ә.Мұстафина.

Архивте сақталған мате­риал­дарға сүйенсек, Егемендік тура­лы құжат жобасы бес ай бойы дайындалған. Оның төрт нұсқасы ұсыны­лып, екеуі бүкіл­халықтық талқы­лауға ақпарат құралдарында жария­­ланған екен. Архив дерек­тері­нен жобаға Пар­ла­мент депу­таттары, ғалым­дар, заңгерлер, қоғам қайраткер­лері белсене қа­тысқанын көруге болады.

– Талқылау кезінде қызу пікір­таластар болды, әр бап бойынша ортақ шешімге келу оңай болған жоқ. Бірақ дәл осы ашық пікір алмасу мен азаматтық ұстанымның арқасында тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін жасадық. 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы кеңестің жалпы отырысында құжат 6 сағат талқыланып, көпшілік дауыспен қабылданды. Сол сәттің куәсі болған құжаттар, стенограммалар мен фотоматериалдар бүгінде Президент Архивінің қорында сақтаулы, – деді архив басшысы.

Ә.Мұстафинаның айтуынша, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі 1990 жылы 16 қазанда халық ара­сындағы талқылау барысын­­да берілген ұсыныстар мен ескер­­­ту­лерді жинақтай отырып, Дек­ла­рация жобасын дайындау­ға арнайы комиссия құру туралы қаулы қабылдаған. Бұл ко­миссияға 25 депутат енгізіліп, оған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, заңгер, академик Салық Зиманов жетекшілік еткен.

– Салық Зима­нов басқарған комиссия құрамында қызмет атқарған академик Жабайхан Әбділдин осы бір тарихи оқиға кезінде С.Зимановтың атқарған ісі мен саяси табандылығы хақында: «Салық Зиманов Мемлекеттің егемендігі туралы декларация­ның жасалуы мен қабылдануы­ның қайнар бас­­тауында тұрды. Оның принцип­шілдігі әрдайым ержүректі­лікпен ұштасушы еді. Ол ойын­да­ғысын ешқашан ірікпей­тін. Ірі оқымысты, адал азамат ретінде депутаттардың сапалы заңдар қабылдауына кепіл бола білді», дейді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің таңертеңгілік отырысында Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация­ның жобасын жетілдіру жөнін­дегі Жоғарғы кеңес комиссиясы атынан оның төрағасы С.Зима­нов сөз сөйлеп, егемендікке бастау болған Декларацияны жан-жақты түсіндірген еді, – дейді Ә.Мұстафина.

Декларацияның қабыл­­дануы мен егемендік қағидаттары­ның негізделуіне аталған комиссия құрамында белсенді жұмыс іс­теген С.Нұрмағам­бетов, Ж.Әбділ­дин, Ә.Кекіл­баев, М.Қозыбаев, С.Сартаев, С.Терещенко сынды депутаттар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері елеулі еңбек атқарған.

Декларацияның міндет-талаптарын саралай келе жұмыс тобы декларация қабыл­данғаны жөн деген тоқтамға келеді. Өйткені декларация тұтас бір ел ретінде өз сыртқы саясатын жүргізіп, өзге мемлекеттермен тең құқылы байланыс орнатуға, шекарамызды бекітіп, экономика, мәдениет, денсаулық сақтау, қарулы күштер, мемлекеттік бас­қару саласын реттеуге мүмкіндік береді.