Бүгін Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жүрек кінәраттарымен (ТЖА) туған балаларды ерте диагностикалау мен қолдау мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтіп, оған «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыров, University Medical Center клиникалық академиялық педиатрия департаментінің директоры, балалар кардиологы Татьяна Иванова-Разумова, UMC Жүрек орталығының балалар кардиологы Айкерім Жанатқызы қатысып, ата-аналар мен дәрігерлерге арналған ауқымды білім беру бағдарламасы туралы баяндады. Бұл бағдарлама жүректің туа бітті кеселдері жөнінде қоғамның хабардарлығын арттыра отырып, бұл дерттерді асқындырмай диагностикалауды дамытуды көздейді, деп жазады Egemen.kz.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда ТЖА диагнозы қойылған 380 мыңнан астам бала бар. Жыл сайын шамамен 2,5 мың жаңа жағдай тіркеледі, оның 400-ге жуығы Алматы қаласында тұрады. Тек 2025 жылдың алғашқы алты айында Алматыда 18 жаңа туған нәрестеге ота жасалды. 2024 жылы елімізде балалардағы жүрек ақауларын түзетудің 1,7 мың отасы жасалып, оның шамамен 500-і Астанадағы UMC Жүрек орталығында өтті.
«Туабітті жүрек ақаулары – балалар арасындағы ең жиі кездесетін патологиялардың бірі, ол алғашқы апталар мен айларда көбіне белгілері көрінбейді Ата-аналардың білместігі мен диагностикаға қолжетімділіктің біркелкі болмауы ауруды кеш анықтаудың басты себепкері болып отыр», – деді Мұрат Зауыров.
Дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, мұндай аурулар өте асқынып, тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Өз кезегінде Татьяна Иванова-Разумова қазіргі заманғы пренаталдық скрининг әдістері жүктіліктің 18–21 аптасында ауыр жүрек ақауларының 85%-ына дейін анықтауға мүмкіндік беретінін айта келе:
«Жүктіліктің екінші триместрінде жасалатын фетальды эхокардиография – күрделі жүрек ақауларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ерте диагностика ата-аналарға босануға дайындалып, кейінгі ем қабылдайтын клиниканы таңдауға мүмкіндік береді», деді.
Бүгінде Қазақстанда жаңа туған нәрестелерге, соның ішінде салмағы төмен балаларға да кардиохирургиялық операциялар жасауға толық техникалық мүмкіндік бар. Мұндай оталар көбіне өмірінің алғашқы айларында жасалып, балаларға толыққанды өмір сүруге және дамуға жағдай жасайды. Әрбір жағдай жеке қарастырылғанымен, күрделі туа біткен жүрек ақауларында хирургиялық араласу негізгі түзету әдісі болып қала береді.
Осы орайда Алматыда «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры ата-аналар мен дәрігерлерге арналған Пациенттер мектебін ұйымдастырып отыр. Бағдарлама екі бағыттан тұрады: ата-аналарға арналған ақпараттық сессия және педиатрлар, неонатологтар мен функционалдық диагностика дәрігерлеріне арналған эхокардиография бойынша шеберлік сабағынан тұрады. Сарапшылар ата-аналарға жүктілік кезінде қандай тексерулер маңызды екенін және операциядан кейін баланы қалай күту керектігін түсіндіреді.
Мұрат Зауыровтың айтуынша, бағдарламаның мақсаты – қоғам мен дәрігерлер арасындағы сенім мен өзара байланыс деңгейін арттыру.
«Біз балаларға көмек көрсетудегі ата-аналардың хабардарлығы мен дәрігерлер дер кезінде диагноз қойып, көмектесе алатын мәдениетті қалыптастырғымыз келеді. Бұл тек медицина емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі», дейді.
Сондықтан мамандар ерте диагностика – баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалудың басты мүмкіндігі екенін алға тартты.