«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Алматы облысындағы Елтай ауылында баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шараға республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, танымал блогерлер, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Баспасөз турының негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдау тетіктерінің өңдеуші өнеркәсіптің дамуына, өндіріс үдерістерін цифрландыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға қосып жатқан үлесін нақты мысал арқылы көрсету болды. Іс-шара барысында қатысушылар өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, заманауи технологиялардың енгізілуі мен даму банкі тарапынан көрсетілген қаржылық қолдаудың нақты нәтижелерін көзбен көрді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан ұсынылған қаржылық және институционалдық қолдау құралдары өңдеуші өнеркәсіпті дамытуда маңызды рөл атқарып жатқанына тағы бір мәрте көз жеткізді, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында экономиканы әртараптандыру мен «жасыл» технологияларды енгізудің маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Бұл міндеттер еліміздің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде айқындалды. Бүгінде бұл бағыттағы бастамалардың нақты жүзеге асу үлгісін «RG Brands Kazakhstan» компаниясының қызметінен көруге болады.
1994 жылы құрылған RG Brands Kazakhstan бүгінде Қазақстандағы сусындар, шырындар, сүт өнімдері мен шай өндірісінің жетекші кәсіпорындарының бірі саналады. Компания құрамында бірнеше ірі өндірістік нысандар жұмыс істейді: Алматыдағы «Tealand» зауыты, Қостанай қаласындағы «Космис» кәсіпорны және Алматы облысындағы «Ақсеңгір» өндірістік-логистикалық кешені. 2024 жылы бұл тізімге тағы бір маңызды жоба – «Ақсеңгір-2» зауыты қосылды. Инвестиция көлемі 33 миллион АҚШ долларынан асқан бұл жоба Қазақстанның Даму Банкінің қолдауымен жүзеге асты. Бұл Мемлекет басшысы қойған стратегиялық мақсаттардың нақты орындалып жатқанын көрсететін айқын мысал.
«Экспорттық бағытта даму стратегиясын түсінетін сенімді серіктес табу біз үшін аса маңызды болды. Қазақстанның Даму Банкі бізге тек қаржылық көмек қана емес, кеңес беру мен жүйелі қолдау тұрғысынан да үлкен үлес қосты. Соның арқасында жоба ойдағыдай жүзеге асырылды», деді RG Brands Басқарма төрағасы Тимур Қалтаев.
Оның айтуынша, бүгінде кәсіпорында 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар зауыттың қызметі өңірлік экономикаға мультипликативті әсер етіп, тасымалдау, шикізат және қаптама жеткізумен айналысатын серіктес компаниялардың дамуына да оң ықпал етуде. Жобаның басты артықшылықтарының бірі – консервантсыз өнім шығаруға мүмкіндік беретін жаңа ыстық құю желісі. Бұл технология сусындардың сапасын жақсартып, сақтау мерзімін ұзартады, сондай-ақ пластикалық бөтелкелердің салмағын азайту арқылы қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені төмендетуге септігін тигізеді.
Айта кетейік, Қазақстанның Даму Банкі мен RG Brands Kazakhstan арасындағы серіктестік 2008 жылы басталды. Сол жылы Банк компанияға сусын шығаратын жаңа зауытты салу үшін инвестициялық несие берді. Одан кейін 2016 жылы банк компанияға шикізат пен қаптама сатып алуға арналған қаржыландыру ұсынған болатын. Ал 2024 жылы екі тарап еліміздегі алғашқы синдикатталған несие келісіміне қол қойды. Жалпы көлемі 26,5 млрд теңгені құраған бұл қаржының 12,5 млрд теңгесі өндірістік қуаттарды кеңейтуге, ал 14 млрд теңгесі экспорт алдындағы қаржыландыруға бағытталды. Нәтижесінде жаңа өндірістік желілер іске қосылып, өнім шығару мен экспорт көлемі едәуір артты.
«Бұл жоба банк миссиясына толық сәйкес келеді. Нәтижесінде өңірлік экономика дамып, жаңа жұмыс орындары ашылды, салық түсімдері артты және экспорттық әлеует күшейді», деп атап өтті Қазақстанның Даму Банкі клиенттермен жұмыс дирекциясының аға банкирі Әсел Шитенова. Оның айтуынша банк алдағы уақытта да компанияның айналым қаражатын толықтыру, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіндегі жаңа өндіріс жобаларын іске асыру бағытында қолдау көрсетуге дайын.
Қазір RG Brands Kazakhstan өнімдерінің шамамен 20 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Тәжікстан нарықтарына экспортталады. Компания экологиялық тұрақтылық қағидаттарын берік ұстана отырып, өндірістік процестерге «жасыл» технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. Мысалы, су мен энергия ресурстарын үнемдеу, пластик қолдануды азайту және қалдықсыз өндірісті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
RG Brands Kazakhstan тәжірибесі – мемлекет пен бизнестің сенімді серіктестігі өндірісті жаңғыртуға, отандық өнім сапасын арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты үлес қоса алатынын көрсететін айқын мысал. Қазақстанның Даму Банкі қолдау көрсеткен бұл жоба еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, инновациялық және экологиялық тұрғыдан тиімді өндірістің дамуына да тың серпін беріп отыр.