• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Маман Бүгін, 08:48

Мал дәрігеріне де мәртебе керек

20 рет
көрсетілді

Мал дәрігерінің байырғы мәртебесі келмеске кеткендей. Өйткені ветеринар маманның бейнеті қалың, жалақысы мардымсыз. Бұл енді жер-жердегі мәселе. Мәселен, біздің өңірде 100-ге тарта мал дәрігері жетіспейді. Мемлекет басшысы ветеринария саласын реформалау мен цифр­ландыру қажеттігін Жолдауда қадап айтқан болатын. Алайда аталған саланың айналасындағы шикіліктің көптігінен болар, кадр тапшылығы көп шаруаның шешілуіне кедергі болып отыр.

Қарағанды облысы ветеринария басқармасының мәліметінше, 900-ге жуық ветеринар маман бар көрінеді. Ал бос жұмыс орнының саны 97 екен.

«Жалақының төмендігі, ұзақ­мерзімді оқыту мен (басқа ма­мандықтармен салыстырғанда бакалаврдың оқу мерзімі – 5 жыл) жұмыстың ауырлығы ветеринар мамандығының мәртебесін тө­мендетіп отыр. Осы мәселелерді шешу үшін облыс басшылығы мамандардың жалақысын көте­руге бағытталған бірқатар шара қабылдады. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде жас мамандарға жеңілдетілген тұр­ғын үй несиесі мен көтерме жәр­демақы беріледі», дейді ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайырбек Тұр­сынбеков.

Жалпы, мал дәрігерінің ай­лығы ауылдағы ең төмен жалақы ретінде саналады. Қауіпті еңбек жағдайы үшін қосымша 35-50 пайыз үстемеақысын қоса есептегенде, ветеринар дәрігер 200-210 мың теңге қолына алады. Вете­ринарлық фельдшердің жала­қы­сы – 180 мың теңге, ветери­нарлық санитардікі – 150 мың теңге.

«Осы бір мар­дымсыз жалақы үшін жастар таң­нан кешке дейін малдан қан алып, таңбалап, сырға салғысы кел­­мейді», дейді Қайырбек Серік­ұлы.

Еңбек ардагері, ветеринария сала­сын­да 45 жыл қызмет еткен Аман­жол Түсіпбаев «мал дәрі­герін­де жауапкершілік бар, мәр­тебе жоқ» деп күйінеді. «Мал шаруа­шы­лы­ғында тікелей еңбек ететін ветеринарлардың есіл еңбегі көзге көріне бермейтін маңыз­ды майдан» дейді.

«Ұзақ жылғы еңбек жолымда қысы-жазы, жауын-шашында малдың соңында жүріп, жұқпалы індетпен күрескен күндер көп болды. Халық біле бермейді, ветеринар маман тек ауырған малды емдемейді, ол адамға жұғатын аса қауіпті аурулардың алдын алады, азық-түлік қауіпсіздігіне де кепіл болады. Соған қарамастан ветеринария саласы жыл өткен сайын шетқақпай көріп келеді. Қазір мал дәрігерінің мәртебесі түкке тұрғы­сыз күйде. Неге? Бі­рін­шіден, вете­ринардың мойны­на артыла­тын жауапкершілік өте ауыр. Бруцел­лез, сібір жарасы, құтырма секілді зоонозды ауру­лар – тек малға емес, адам өмірі­не де қауіпті. Осындай ауру тараған жағдайда ең алдымен май­данның алдыңғы шебінде ветери­нарлар тұрады. Алайда жала­қы төмен. Кейбір елді мекендер­де арнайы киім, заманауи құ­рал-жабдық, көлік мәселесі де шеші­мін таппаған. Мұғалім мен дәрі­гердің мәртебесі заңмен қорғала­ды. Ал мал дәрігері ше? Егер вете­ри­нарлық жүйе әлсіресе, ол мал ша­руа­шылығына, демек, ауыл эконо­ми­касына, тіпті экспорт әлеуе­тіне де әсер етеді», дейді А.Түсіпбеков.

Былтыр Мыңжасар Әдеке­нов атындағы Қарқаралы ауыл­шаруашылық колледжінде ветеринария мамандығын 12 талапкер ғана тәмамдаған. Колледж директоры Арғын Елеусізовтің айтуын­ша, қазір солардың 7-еуі ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Абай көпсалалы колледжі директорының міндетін атқарушы Юлия Аглиулинаның айтуынша, былтыр аталған оқу орнынан 24 ветеринар маманы оқып шығыпты. Оның 18-і дипломмен еңбек етіп жүрген көрінеді. Биыл бұл мамандыққа 26 студент түскен.

«Ветқызметті Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің құра­мынан алып, жеке құрылым қылып құру керек. Ол үшін жергі­лікті әкімдердің құзыретін көтеру, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң, мал санағын міндет­теу, елді мекендерде мал ұстау нормативін енгізу, әр ауылда мал сою бекетін ашу, мал ба­ғы­мын бақылау функциясы, жайы­лымдық жер заңы­на өзгеріс, учаскелік полиция өкілет­тігін көтеру секілді мәселелер қоса шешілу керек деп ойлаймын. Ве­теринарлық қызметтің мате­риалдық-техникалық базасын нығайту, тұрғын үйі, жұмыс орны, көлігі, арнайы киімі, еңбек­ақысы, әлеуметтік жағдайы өз алдына. Мал дәрігеріне меншік түріне қарамастан барлық мал ұстаушыны тексере алатындай және әкімшілік хаттама толтыратын өкілеттік беру керек», дейді агросарапшы Ниқанбай Иманғалиұлы.

Ауылдағы мал дәрігерлерінің телефоны дамыл таппайды. Бірі «жылқым жарақаттанып қал­ды» деп хабарласса, енді бірі анық­тама жазып беруін өтінеді. Көк­тем­нің төбесі көрінісімен мал дәрігері елдің қорасынан шық­пай еңбек етеді. Еңбегі адал ма­мандардың маңдай тер ақы­сын лайық­ты төлейтін және мәртебе­сін қайтаратын кез жетті деп білеміз.

 

Қарағанды облысы