• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:43

Банк секторы бәсекелестікке дайын ба?

50 рет
көрсетілді

2025 жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңның нүктесі қойылар күн жақын. Жаңа құжатты қаржы жүйесінің барлық архитектурасын жаңартудағы маңызды қадам деп сипаттауға болады. Бұл Президенттің Жолдауда жүктеген цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні пайдалану туралы міндеттерімен тікелей байланысты.

Соңғы айларда банк секторына қатысты айтарлықтай өзгеріс болды. Бірінші жаңалық – нарыққа жаңа ойын­шы­лардың кіруін жеңілдететін және бәсекелестікті күшейтетін базалық лицензия енгізіледі.

«Базалық лицензияның енгі­зілуі капиталға, тәуекел­дер­ге және қадағалауға қойы­ла­­тын талаптарды төмен­де­туге ық­пал етеді. Себебі капитал­ға қойы­латын талап 10 млрд тең­­геге дейін төмендейді. Бұл өз­геріс нарықта жаңа ойын­шы­­ларды қалыптас­тырады. Бірақ нарық үшін олардың бәсекелестікті ғана емес, инновацияны да әкелуі маңызды», дейді сарапшы Бейсенбек Зиябеков.

Тағы бір бағыт – төлем қабі­леті мен банк акционерлері­нің жауапкершілігін реттеу жүйесі. Сарапшы Арман Бейсембаевтың айтуынша, басшыларға арналған білік­тілік талаптарын енгізу, тәуел­сіз директорлар институтын дамыту және реттеушінің дә­лелді пікір бөлігіндегі өкілет­тіктерін кеңейту жүйеге деген сенімділікті арттырады. Сондай-ақ жаңа заңда банк­тердің экономиканы қар­жыландырудағы рөлін күшей­ту де қарастырылады. Атап айт­қанда, синдикатталған кредит­терді дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнестің (ШОБ) қар­жы­ландыруға қол жеткізу құра­лы ретінде факторингті ілге­рілету үшін жағдайлар жа­сау жос­парланып отыр. Негізгі жаңа­лықтардың бірі – банктердің қатысуымен ШОБ үшін кепілдік беру қорын құру болды, бұл қарыздардың қолжетімділігін арттырып, өңірлерде іскерлік белсен­діліктің өсуіне ықпал етеді.

Заң жобасы қызмет­терді цифрландыру, инновацияларды дамыту және тұтынушыларға қолай­лылықты арттыру үшін негіз болатын тұрақты цифр­лық қаржы инфрақұрылымын құруды көздейді. «Біздің ойы­мызша, жаңа заңда банктің қызметіне мемлекеттің арала­суына тыйым салуды нақты жазу қажет. Нарық мөлшерлемесінен төмен несие мен басқа да банк өнімдерін беруге заң жүзінде тыйым салған дұрыс», дейді сарапшы.

Кейбір сарапшылар жаңа заң ескі проблемаларды шешуден гөрі олардың атын өзгерту әрекетімен шектеліп қалуы мүмкін екенін айтып жатыр. Заңда банктерге мемлекеттің қолдауы жекелеген банктерге ғана көрсетілетіні айтылған.

«Мемлекеттен қолдау ал­ған банктерге экономиканы ба­рынша жеңілдетілген не­сие­мен қамтамасыз етуді мін­дет­т­еу керек. Себебі банктер ешқашан мемлекет қолдауын­сыз қалмайтынын білсе, жаңа ойыншылар мен бұрыннан келе жатқан сарытіс ойыншы­лар арасындағы бәсеке тек қағаз жүзінде қалады. Ал мемле­кеттің қолдауымен бірге эко­номика алдындағы жауапкер­шілігі нақтыланса, банктер мем­лекеттің қолдауын аса қажетсіне қоймайды. Осылайша, банк­тер туралы жаңа заң жобасы сек­тор­дың жұмыс істеу ережесін жаңартып қана қоймай, шағын ойыншыларға жол ашып, қызметтер желісін кеңейтіп, клиенттердің сенімін арттыруға тиіс», дейді А.Бейсембаев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төр­аға­сы­ның орынбасары Дәурен Сәлім­баевтың айтуын­ша, мемлекеттің қатысуы тек соңғы шара ретінде ғана сақ­та­лады. «Ол тек жүйелік маңы­зы бар банктерге қатысты әрі акционерлік капиталды толық пайдаланғаннан, міндеттемелерді айырбас­тау тетіктерін қолданғаннан кейін ғана рұқсат етіледі» дейді. Агенттіктің жоспарына сәйкес, мемлекеттік қатысу мерзімдері мен шарттары бойынша қатаң шектеу енгізіледі. Ол өтеулі сипатта, меншік иелері мен басшылықтың ауысуымен, дивидендтер мен бонустарға тыйым салумен, тәуекелді опера­ция­ларды шектеумен, сондай-ақ сауық­тыру жоспарын міндетті түрде іске асырумен қатар жүреді.

«Қазір банктердің жағдайы қолмен реттеуге көнбейді. Се­бебі олар цифрлық технологиямен интеграцияланып кетті. Сол себепті, үкі­мет жүйелік маңызы бар деп бір-бірінен бөле-жаратын ұстанымнан бас тартып, банк құрылтайшылары­ның жауапкершілігіне көбірек назар аудару керек. Құрылтайшылар жауап­кершікті шын сезінгенде ғана банк бизнес көзі ретінде қалыптасады», дейді Бейсенбек Зиябеков.

 

АЛМАТЫ