Банк картасымен төлеу жүйесі енді ескі жүйеге айналады. Себебі оның орнын цифрлық активтер мен криптовалюта баспақ. «Bybit Kazakhstan», Ұлттық банк және Ұлттық төлем корпорациясы бірлесіп іске қосқан қанатқақты жоба цифрлық активтермен төлем жасауға жол ашып отыр. Мамандардың айтуынша, жоба тәжірибеден сәтті өтсе, алдағы жылдары банк карталары біртіндеп қолданыстан шығып, цифрлық әмияндар мен криптовалюталар негізгі төлем құралы болады.
Кейінгі жылдары әлемдік қаржы нарығында цифрлық активтер мен криптовалютаның үлесі айтарлықтай артты. Бірнеше жыл бұрын баламалы инвестиция құралы саналатын криптовалюта бүгінде жаһандық экономиканың маңызды бөлігіне айналып отыр. Жыл басындағы мәлімет бойынша криптовалюталардың жалпы нарықтық капитализациясы шамамен 3,28 триллион АҚШ долларына жеткен. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 2,5 триллион доллар шамасында болғанын ескерсек, нарықтағы өсу қарқынының қаншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Ал Қазақстан нарығына келсек, елдегі криптовалютаға иелік ету деңгейі әзірге орташа шамамен 5–8 пайыз аралығында. KPMG зерттеуінде 2024 жылдың соңына қарай 1,5 миллионға жуық отандық цифрлық активтер айналымына қатысуы мүмкін деген дерек келтірілген. Бұл нарықтың енді ғана қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен Ұлттық банк криптовалюта мен цифрлық активтер нарығын дамытуға ден қойып отыр.
Жаңа жоба «Digital Bridge 2025» форумында Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясының стендінде таныстырылды. «Bybit Kazakhstan» компаниясы Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясымен бірлесе отырып, цифрлық активтер арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін қанатқақты жобаны іске қосты. Жүйенің жұмыс істеу қағидасы өте қарапайым. Сатып алушы кассадағы стандартты QR-кодты сканерлейді де, «Bybit Kazakhstan» қосымшасы арқылы төлемді растайды. Осы сәтте криптовалюта сомасы автоматты түрде теңгеге айналып, мысалы, «Банк ЦентрКредит» арқылы сатушы шотына түседі. Аталған банк – алғашқылардың бірі болып криптовалюталық платформалармен заң талаптарын сақтай отырып интеграция жасаған қаржы институты. Тұтынушы «Bybit Kazakhstan» криптоәмиянын кез келген банк арқылы толтыра алады. Мәселен, bcc.kz мобильді қосымшасында арнайы бөлім бар, онда ақша аудару үшін деректерді енгізудің не сыртқы қызметтерге жүгінудің қажеті жоқ. Яғни криптовалютаны ақшаға айналдырудың қажеті жоқ. Барлық үдеріс ашық әрі толық бақылауда болады.
Сынақ кезеңінде пайдаланушыларға арнайы есеп беру жүйесі, шектеулер мен пайдаланушыларға арналған түсіндірме нұсқаулықтар ұсынылады. Дегенмен әзірге бұл шешім жалпы қолданысқа енгізілмеген. Себебі цифрлық активтерді күнделікті өмірде пайдалану бойынша заң жүйесі толық қалыптаспаған. Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселе жыл соңына қарай шешімін табуы мүмкін.
Криптоәмиянсыз жүретін тұтынушылар үшін де жақсы жаңалық бар. Енді сатып алу кезінде кез келген банктің мобильді қосымшасын пайдалана беруге болады. Бұрынғыдай бір шоттан екіншісіне ақша аударып әуре болудың еш қажеті жоқ. Жақында Ұлттық төлем корпорациясы банк аралық QR-төлемдер қызметін ресми түрде іске қосты. Бұл бастамаға қазірдің өзінде «Банк ЦентрКредит», «Freedom Bank», «Home Credit Bank» қосылып үлгерген. «Мысалы, тұтынушының телефонында «Freedom Bank» қосымшасы бар делік, бірақ ол BCC терминалы арқылы да төлем жасай алады. Бұл – әрі пайдаланушыға, әрі банкке, әрі бизнеске тиімді шешім», деп түсіндірді «Банк ЦентрКредит» өкілі.
Жоғарыда айтқанымыздай, цифрлық активтермен немесе криптовалютамен төлем жасағыңыз келсе, келесі 3 қадамды жасау жеткілікті:
Кассада немесе сайтта QR арқылы төлеуді таңдау; Өз банк қосымшасы арқылы кодты сканерлеу; Төлемді растау.Осыдан кейін жүйе банктер арасындағы деректерді автоматты түрде сәйкестендіріп, сатушыға төлемді аударады. Түбіртек те сол сәтте шығады. Барлық іс-әрекет экранда көрініп тұрады. Сынақ мерзімінде пайдаланушылардың айтуынша, бұл – өте ыңғайлы жүйе.
Кәсіпкерлер үшін де елеулі өзгеріс жоқ. Касса мен терминалдар бұрынғы тәртіппен жұмыс істейді. Барлық жаңарту банктердің техникалық жүйесінде орындалады. Ал деректердің қауіпсіздігін және төлемдерді маршруттау жүйесін Ұлттық төлем корпорациясы қамтамасыз етеді. «Қазір кәсіпкерлердің таңдауы шектеулі. Ал жаңа жүйе банктер арасында бәсеке туғызады. Бұл дегеніміз – бизнес өкілдері үшін шектеу азаяды деген сөз», дейді корпорация өкілі.
Қанатқақты жоба бүгінде «Банк ЦентрКредит», «Freedom Bank», «Home Credit Bank» терминалдары бар сауда нүктелерінде сәтті жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы төрт қаржы ұйымы қосылмақ. Техникалық тұрғыда жүйе толық дайын. Ендігі кезекте оның жаппай енгізілуі банктердің бейімделу жылдамдығына байланысты болады.
Осылайша, еліміздің қаржы нарығы қазір цифрлық дәуірдің жаңа кезеңіне аяқ басып келеді. Криптовалюта мен ұлттық төлем инфрақұрылымының бірігуі – ел экономикасын болашақ цифрлық экожүйеге бейімдеудің маңызды қадамы.