• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Зерде Бүгін, 08:12

Арманда кеткен асыл ер...

80 рет
көрсетілді

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, Алаш қозғалысына белсене қатысушы, Омбының әскери-дәрігерлік оқу орнын бітіріп, Қызылжар қалалық ауруханасында 1913 жылдан 1918 жылға дейін 5 жыл қызмет істеп, талай адамды ажалдан алып қалған, қазақ ауылдарына жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын ұйымдастырған, гигиеналық шараларды қалай жасауды үйреткен халық жанашыры, журналист, аудармашы Жұмағали Тілеулиннің туғанына 135 жыл толып отыр.

Халқына қызмет етуден танбаған

Бір жылдары Міржақып Ду­латұлы Қызылжарда болып, қазақ балаларын орысша оқыт­қаны белгілі. Мағжанға да алғаш орыс тілін үйреткен осы Жақаң екені айтылады. Оның Уфа қа­ла­сындағы «Шарқ» баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен 1909 жылы шығып, манифеске баланған өлеңі халық арасында кең таралып, 1911 жылы екінші рет басылып шыққан. «Оян, қазақтың» екпінімен басқа да түркі халықтарының ақындары өз бұқарасына «оян» деген рухта өлеңдер шығара бастаған. Патша жандармериясы бұдан қорқып, Міржақыптың «Оян, қазағын» жоюға күш салған. Сонда Қызылжарға келген мың данасын Жұмағали Тілеулин жасырып, жандармерияның тырнағынан құтқарып қалады.

Жұмағалидың өзі Міржақып­пен жақсы қарым-қатынаста болған. Қайраткердің қазақты ояту құралы – оқу-ағарту идея­сын жақтап, үндеуін қолдап жү­реді. Петропавлдық архив қыз­меткері, магистр Тимур Қаз­­­беков Міржақыптың ағасы Ас­қарға жазған хатын тауып, жа­риялады. Онда Жақаң былай деген екен: «Қызылжарға кел­гелі бірталай адамдармен таныс­тым, солардың ішінде тез тіл табысып кеткенім – Жұмағали Тілеулин деген дәрігер. Ол әрі қаламы төселген жазушы екен. Өнерден де құр еместігі арамызды жақындата түсті. Оның үйіне барып тұрамын...».

Жұмағали Тілеулиннің өзі Айыртау ауданындағы Шұ­қыркөл деген жерде 1890 жылы орта дәулетті отбасында дүниеге келген. Әуелі ауыл молдасынан хат танып, сосын патша заманында сол маңның халқына «лөктір Құсайын» деген атпен белгілі болған адамның тәрбиесінде жүріп, оның көмегімен Омбыдан дәрігерлік білім алған. Артынан «лөктір Құсайынның» Райхан деген қызына үйленіп, үш бала сүйген.

Жұмағали еңбек жолын Петропавл қаласындағы ауруханада дәрігер болып бастап, 1918 жылға дейін қызмет істеген. Зерттеушілер Ж.Тілеулинді Қызылжар қаласында еңбек еткен ең алғашқы қазақ дәрігері санайды. Осынау жылдарда ол талай адамды ажалдан құтқарған. Ел аралап жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын жүргіз­ген, гигиеналық-тазалық сақтау әдістерін үйреткен. Қалаға келген сырқаты бар қазақтар алдымен ауруханадан Тілеулінің баласын іздеп, дәрігерлік көмек алған. Ойы ұшқыр, сөзге шебер Жұмағали сол жылдарда «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне медицина тақырыбында мақалалар жазып отырған. Кеңес өкіметі орнап, қазақтың марғасқалары арасынан Халық-ағарту комиссары болып Ахмет Байтұрсынұлы тағайындалғаны белгілі. Ақаң да Жұмағалидың медицина саласындағы еңбек­терін білген, сондықтан оған дәрігерлік саласы бойынша оқу­­лықтар, кітаптар жазуды және басқа халықтың дәрігер ға­лым­­дарының еңбектерін қазақ оқыр­манына ұғымды етіп ауда­руды тапсырған. Осы талап­­ты орындаған Жұмағали Тілеу­лин 1923 жылы Орынбор қаласында «Денсаулық», 1924 жылы Петро­павлда «Гигиена», 1926 жылы Мәскеуде «Жұқпалы науқастар мен оларға қарсы қолданылатын шаралар» атты кітаптар мен 1927 жылы Қызылордада «Гигиена» атты медициналық оқулық жазып, бастырып шығарған. Со­нымен бірге ол атақты дәрі­герлер – Д.Гло­­баның «Көз ауруы», Е.Му­ра­­­левичтің «Мерез дерті», Е.Клотованың «Қолдағы хайуан­дардан адамдарға жұғатын науқастар» атты еңбектерін тәржімелеп, бастырған. Аударма­лары сапалы, қазақ ұғымына қанық, түсінуге жеңіл.

2007 жылы Семейге сапарымызда Гоголь атындағы бұрын Абай барып жүрген кітапханада болдық. Сонда бір қызық оқи­ға туралы естіген едік. 1937 жылы Алаш қайраткерлерінің еңбектерін өртеп жіберу керек деп тапсырма берілгенде, әлгі ғимараттың сол кездегі орыс директоры тыйым салынған кітаптарды төмендегі күн түспейтін, көзге қақастау бір шағын бөлмеге үйдіріп, есігін кірпішпен қалап тастаған екен. Сыртын басқа қабырғалармен бірдей қылып әктетіп қойған соң, оны ешкім бөлме деп ойламаған. Жанашыр жан өзі түсінбесе де, адамдардың ақыл-ой еңбегінің нәтижесін осындай жолмен құтқарып қалады. Кейін жөндеу жұмыстарын жасамақ болып, қабырғаны бұзғандар Алаш азаматтарының табылмай жүрген еңбектеріне ұшыра­сып, мол олжаға қарық болады. Арасынан Жұмағали Тілеулиннің де сегіз кітабы шыққан екен.

 

Қайраткер есімін ардақтады

Қызылжардағы С.Мұ­қанов атын­дағы облыстық әмбе­бап-ғылы­ми кітапханада Жұмағали Тілеулиннің мерей­тойына арналған кеш өтті. Онда жергілікті уни­верситеттің профессоры, тарихшы Зылиха Бимақанова, об­лыстық ар­хив­тің қызметкері Мереке Баймұқанов, тарихшы Балжан Сұрағанова, т.б. баяндама жасап, Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметінен жинал­ғандарға мол мағлұмат берді.

Ж.Тілеулин Алаш қозғалысын белсенді түрде қолдап, оның ісіне қызу араласқаны да айтылды. Ұлтының оянуына, басқа халықтармен тең болуына қызмет еткен. «Алаш» партиясы құрылғанда оның мүшесі болып, ІІ жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметіне мүше болып сайланады. Алаштың Қызылжар уезіндегі бөлімшесінің басшысы болып сайланған. 1919 жылдан қызыл комиссарлардың жолдары болып, билікке келген соң Алаш көшбасшылары өз мүшелерін Қазақстанда боль­­шевиктердің социализм құры­лысына қызмет ету арқылы ұлтқа астыртын жанашыр болуға шақырғаны белгілі. Сол кезде Ж.Тілеулин Көкшетау уезіндегі денсаулық сақтау бөлімін екі жылдай бас­қа­рады. Одан Пе­тропавлда қа­зақ мектептеріне мұ­ғалімдер даярлайтын үш жылдық педтех­никумға басшы­лық жасайды.

1930 жылы оны «Кеңес өкіме­тіне қарсы қарулы күрес және өкі­метке қарсы ұлтшыл үгіт-наси­хат жүргізді, шетелдік орта­лықтармен байланыста болды» деген жалған айыппен тұт­қынға алып, екі жыл тергеуде отырғаннан кейін 1932 жылы 30 сәуірде бес жыл мерзімге Воронеж облысына жер аударады. Осы жылдарда жақын досы Мағжан Жұмабаев Жұмағалиға арнап «...ға» деген өлеңін жазған. Онда мынадай жолдар бар: «Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің, Күні ертең айбынды Алаш жинап есін, Көксеген көп заман­нан тілегіңді Жарыққа шығаруға жұмсар күшін», деп ақын алдағыны көрегендікпен айтады.

Тұтқыннан босағаннан кейін Жұмағали Тілеулин отбасы қо­ныс аударған Қырғыз еліне барып, Новотроицк ауылында дәрігер болып жүрген жерінен, 1938 жылы қайта ұсталып, ату жазасына кесіледі. Осындай істеріне қарап кеңес өкіметінің қаншалықты екіжүзді, аяр әрі қанішер екеніне көзің жете түседі. Әйтпесе, 1920 жылы өздері амнистия жария­лағаннан кейін барлық күш-қуаты мен білімін тек халықты емдеуге, денсаулығын жақсартып, ауыр­ғандарды ажалдан алып қалып, елге қызмет еткеннен басқа жазығы жоқ Алашорданың бір мүшесін соншалықты қудалап, атып тастауға еш себеп жоқ еді. Оның үстіне Ж.Тілеулин 1930–1937 жылдары қамалып келгені белгілі. Осыдан-ақ кеңес өкіметінің халыққа жанашыр, қамқор, әділетті боламыз дейтін идеологиясының жалған екендігі көрініп тұр.

Жиынға қатысқан Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары педагогикалық колледж бен Жұмағали Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледж­дің студенттері осындай сұмдық­тарды, жалғандықтарды естіп, аяулы жанның жазықсыз жапа шеккеніне өкініштерін білдірді.

Жұмағали Тілеулин атына Көк­шетауда көше берілген, ал Қызыл­жардағы медициналық колледж сол кісінің атымен ата­­ла­ды. Бұл іске «Егемен» де елеу­лі үлес қосты. 2008 жылы жер­­гілікті өлкетанушы Қай­ролла Мұқанов «Жұмағали Тілеулин» атты зерттеу еңбегін шығар­ғанда, газеттің 2008 жылғы 26 қарашадағы нөміріне елге таныту мақсатымен осы кітап туралы «Мағжан өлеңінің кейіпкері» деген тақырыпта мақала жаздық. Мақалада Петропавлда алғашқы кәсіби дәрігер болған Алаш арысы Жұмағали Тілеулин есімін медициналық колледжге берген дұрыс деген ұсыныс жасағанбыз. Бірақ ұзақ уақыт бойы мәселе шешіле қоймады. Тек 2020 жылы облыс әкімінің орынбасары болып Ғани Нығметов келгеннен кейін ғана сең қозғалды. Ғанекеңе Ж.Тілеулиннің кім екенін әбден түсіндіріп, айтып берген едік. 2021 жылдың 15 қыркүйегінде С.Мұқанов атындағы кітапханада «Рухани жаңғыруға» арналған бір жиында Ғанекеңнің есіне осы өтінішімізді тағы салғанбыз. Ақыры, 2022 жылы медициналық колледжге Жұмағали Тілеулин есімі берілді («Жақсының аты өлмес». «ЕҚ». 15.09.22)

Ал Көкшетау қаласында есіл ердің есімімен бұрынғы Левон Мирзоян көшесі аталды. Жұ­мағали Тілеулин туралы Сарбас Ақтаев, Байқал Байә­ділов, т.б мақала жазды. Өлкетанушы Қайролла Мұқа­новтың жинақ құрас­тырғанын жоғарыда айт­тық. Солтүстік Қа­зақстан Мемле­кеттік архивінің директоры, тарихшы Сәуле Мәлі­кова мен белгілі ғалым Зар­қын Тайшыбай архив деректері­не негізделген екінші жинақ шығарды.

 

Тілеулин тағылымы

Жуырда Солтүстік Қазақстан облыс­тық мемлекеттік архиві қызметкерлері мен Ж.Тілеулин атындағы медколледж ұстаздар ұжымы бірігіп, Алаш арысы­ның 135 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференцияны тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған Ж.Тілеулин атындағы медколледж директорының міндетін атқарушы Әсемгүл Әмірина оқу орнында Алаш арысының атын көпшілікке таныстыру мен еңбектерін зерттеу бойынша қандай іс-шара өткізіліп жатқаны туралы айтты. Колледж музейінің экспонаттары толығу үстінде екен. Онда Жұмағалидың өзі ғана емес, отбасы мүшелері, жары Райханның, балаларының өмірі мен қызметі туралы да деректер бар. Музейге Алматыда тұрған баласы, медицина ғы­лымдарының докторы Серік Тілеулин марқұмның көп көмегі тиіпті. Ол әкесі туралы өзінде бар қосымша мәліметтердің бәрін жіберген екен.

М.Қозыбаев атындағы Солтүс­тік Қазақстан универ­ситетінің профессоры Зарқын Тайшыбай Алаш қозғалысының Қызыл­жардағы және жалпы Есіл өңіріндегі іс-әрекеті туралы мол мағлұмат айтты. Соның ішінде «Қазақ» газеті жабылған соң Қызылжарда шыққан «Жас азамат» газетінің де ықпалы зор болғанын, онда Жұмағали Тілеулиннің бірнеше мақаласы жарияланғанын жеткізді.

Осы конференцияға Жұма­ғали Тілеу­линнің Астана, Көк­шетау қалала­рында тұратын туыс­тары да қатысты. Жұмаға­лидың төрт ағасы болған екен. Соның ішінде Сәпи деген аға­сының Бекет деген баласы, осы Сәпидің Қуандық деген ұлынан туған Мұратбек деген баласы және Тілеулінің ағасы Сүйіндік деген кісінің Жасұлан деген баласы келді. Бекет Тілеулин ағасы туралы үлкен әңгіме айтып, көп деректер берді. Ол Жұмағалидың барлық туысы қудаланып, көбі ата-тектерін өзгертіп жібергенін айтты. Тек ағалары ақталған соң ғана көбі Тілеулин тегін қайтарған екен. Жұмағалиды алып кеткенін үй-іші де білмей қалыпты. Шағын терезесі бар қара қорапты машинамен алып кетіп бара жатқанда алаңдап отырған есіл ер баласы Серіктің коньки теуіп жүргенін көріп қалып: «Серік, мамаңа айт, мені НКВД әкетіп барады!», деп айтып үлгерген екен. Артынан әйелі мен баласы барғанда бірде-бір рет көрсетпеген. «Сондықтан ағамыз­дың соңғы сөзі ғана жадымызда қалған», деп Бекет аға көзіне жас алды.

Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметі туралы тамаша баяндамаларды жас ғалымдар Ділнәз Смағұл, Тимур Қазбеков, Ділнәз Қайырболды жасады. Тимур Қазбеков Жұмағалидың медицина туралы мақаласы «Қазақ» газетіне алғаш рет 1913 жылдың 2 ақпанында жария­ланғанын айтты. «Бұл – «Қазақ» газетінің алғашқы сегіз саны ғана жарық көрген кез. Мерзімді баспасөзді зарығып күткен оқыр­ман жұртшылығы үшін ерекше кезең болатын. Газет нағыз ұлттық ойдың мінберіне айналып, әр санын ел асыға күтетін еді», деді ол. Сондай-ақ ол Міржақып Дулатұлының «Жер аудару» деген мақаласын қолдаған Тілеулиннің өткір жазбасын да қаперледі. «Жұмағали Тілеулин осы мақаланы оқи оты­рып, Міржақыптың ой терең­­дігіне, ұлттық мүдде үшін алаң­даушылығына, отарлық жүйеге қарсы батыл пікіріне үл­кен құрметпен қарайды. Бұл – «Степное положениенің» 4-бабы негізінде жүзеге асырылып жатқан отаршыл саясат­тың көрінісі болатын. Соған Жұмағали да өзінің қарсылығын білдіреді», деді жас ғалым. Жоға­рыда біз келтірген Міржақыптың ағасы Асқарға жазған хаты да осы жігіттің мақаласында айтылды.

Конференцияда Ж.Тілеулин атындағы медколледж ұстаздары Анастасия Корабельникова, Татьяна Волхина, Әсемгүл Бек­тұр­ғановалар да баяндама жасап, қайраткер өмірі мен қыз­метінің колледж оқушыларына қаншалықты үлгі екенін айтты. Мәселен, әлеуметтік-эконо­микалық пәндер оқытушысы, магистр Татьяна Волхина өз баяндамасының тақырыбын «Роль Жумагали Тилеулина в становлении здравоохранения Северного Казахстана» деп алыпты. Дәрігерлік еңбегінің негізінде облыс өңірінде ізі қалғанын, кезінде оның жұмысына жақсы баға берілгенін айтты. Қазақ тілі мен әдебиетінің оқыту­шысы Әсемгүл Бектұрғанова­ның баян­дамасы да мазмұнды шықты. Ол қайраткер Тілеулин туған хал­қына адал қызмет еткенін айта келіп, шығармаларында үне­мі елдің мұң-мұқтажын жазға­­нына назар аударды.

 

ПЕТРОПАВЛ