Кез келген мемлекеттің тұрақтылығы қоғамдағы келісім мен өзара сыйластыққа байланысты. Әсіресе қазіргі жаһандық сын-қатерлер тұсында бұл қағиданың мәні бұрынғыдан да арта түсті. Ал Қазақстан осы бағыттағы стратегиялық қадамын ерте айқындап алды. Сонау 1990 жылғы қабылданған Егемендік декларациясы ел тәуелсіздігінің саяси іргетасы ғана емес, қазақ жеріне қоныстанған этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырған, рухани тұтастық пен біртұтас ұлт идеясын бекіткен алғашқы тарихи құжат еді.
Қазақ халқы ғасырлар бойы талай тарғалаң кезеңдерді бастан өткерді. Бірақ азаттықты аңсаған халықтың жүрегінде еркіндік рухы өшпейтіні сөзсіз. XX ғасырдың аяғындағы сол бір тарихи өзгеріс еліміздің еңсесін тіктеп, бабалардың арманына жол ашты.
Үрей мен үміт қатар алмасқан кезеңде таразы басында егемен ел болуға деген құлшыныс тұрды. КСРО қайта құру кезеңін бастағанда Балтық елдері ретімен өз дербестігін алып жатты. Ал Қазақ КСР Жоғары кеңесі арнайы комиссия құрып, оған академик Салық Зиманов төрағалық етіп, Егемендік декларациясын дайындауға кірісті.
Саяси алаңда шиеленіс күшейіп, пікірталас қыза түсті. Тіпті «Бізге ұлтаралық араздық шақыратын мұндай декларациялардың қажеті жоқ», дегендер де болды. Бірақ барлық сауалға дәлелмен сенімді түрде жауап берген комиссия төрағасынан бөлек, сол кезде Жоғарғы Кеңестің құрамында болған Сұлтан Сартаев, Мұрат Әуезов, Марат Оспанов сынды азаматтардың еңбегі, ақиқатында, қаһармандық дерсіз. Олардың тәуекелі мен дипломатиялық қарым-қабілеті, ақылы мен сабыры өз жемісін берді. 1990 жылы 25 қазанда дауыс беру нәтижесінде Жоғарғы Кеңес «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясын қабылдап, азаттыққа сенімді қадам жасадық.
Құжат 17 тармақтан тұрды. Айшықтап айтарлығы, онда Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп танылды. Ал Қазақстан халқы ұғымына республикадағы барлық этнос өкілдері енгізілді. Сондай-ақ ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде көрсетілді.
Егемендік декларациясы жарияланған сәтте елдің ішкі жағдайы күрделі еді. Кеңестік жүйе ыдырап, қоғамда әлеуметтік және саяси тұрақсыздық туындады. Осындай елең-алаң тұста бірлік идеясы, ұлттық құндылықтар қазақ жеріндегі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жетеледі. Тәу етер тәуелсіздігіміз жариялаған соң, бұл елдің рухани діңгегіне айналды.
– Саяси іргетассыз Қазақстанды қазіргі заманғы өркениеттің арнасына қосу, бағаны бейтараптандыруды, қаржы жағынан сауықтыруды, жекешелендіруді, нарықтық инфрақұрылым құруды, меншіктің барлық түрлерінің тең құқықтығын көздейтін терең экономикалық өзгерістерді жүйелі жүзеге асыру мүмкін емес. Тіпті ұлттық келісім мен этносаралық татулық идеясы еліміздің саяси-құқықтық тарихында алғаш рет Декларацияда айқын көрініс тапты. Сол кезде біз бір нәрсені анық түсіндік: тәуелсіз мемлекеттің болашағы – ел ішіндегі бірлік пен өзара сенімге, әр этностың тең құқылы дамуына тікелей байланысты. Бұл идея уақыт өткен сайын тереңдей түсті. Ол Конституцияда, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуында, ал бүгінде Жаңа Қазақстанның реформаларында жалғасын тауып отыр. Парламент – осы идеяларды нақты іске айналдырған негізгі саяси институттардың бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап дәл осы жерде – заң шығарушы билік толеранттылық пен теңдік қағидаттарын бекіткен заңдар қабылданды, – дейді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.
Қоғамның біртұтас даму моделі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуынан және оған Парламентте конституциялық өкілдік берілуінен көрініс тапты. Бүгінде Ассамблея ұсынған депутаттар Сенат құрамында жұмыс істейді. Ал Мәжіліс пен Сенат депутатынан құрылған «Бір ел – бір мүдде» атты топ этносаралық саясат, мәдениет, білім, бұқаралық ақпарат құралдары, тіл саясаты және т.б мәселелерді талқылайды. Осылайша Парламент қоғамдағы келісім мен татулықтың заңнамалық негізін нығайтып келеді.
– Парламент этносаралық қатынастарды нақты іспен бекітті. Қазір де депутаттар мектеп пен балабақша бағдарламаларында «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидатын енгізу, этножурналистиканы және шетелдегі қазақтілді БАҚ-тарды қолдау бағытында бастамалар жасап отыр. Осының бәрі – қоғамдық сананы жаңартуға, азаматтық бірегейлікті күшейтуге бағытталған. Бүгінгі Парламент – заң шығаратын институт қана емес, қоғам мен билік арасындағы көпір. Мәжілістегі Қоғамдық палата, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы, e-petition және Mazhilis Live сияқты электронды сервистер азаматтардың заң шығару үдерісіне тікелей қатысуына жол ашты. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының нақты іске асырылып отырғанын айғақтайды. Этносаралық тұрақтылықтың мәні – айырмашылықтардан арылу емес, олардың құндылығын мойындау. Сондықтан қоғамда қандай өзгеріс болсын, біз бір қағидатты ұстанамыз: «Бірлігіміз әралуандылықта», – дейді Н.Дементьева.
Осылайша, елдегі бейбіт өмір мен қоғамдағы келісім Декларацияда бастау алып, бүгінде «бірлігіміз – әралуандылықта» қағидасымен сабақтасып, жаңа мазмұнға ие болды. Енді осы құндылықты сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – жаңа буынның міндеті.
– Біз жастар арасында бірлік пен келісім қағидаттарын насихаттайтын жобаларды іске асырамыз. Тек ел аумағында ғана емес, «Ассамблея жастары» ұйымы мәдениетаралық коммуникациялар моделін, халықаралық деңгейде де табысты ілгерілетіп келеді. Мысалы, биыл Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінің алаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының жастармен жұмыс тәжірибесі ұсынылды. Бұл қоғамдық келісімнің бірегей отандық моделін және жастар бастамаларын қолдау нәтижелерін көрсетуде, дәріптеу тұрғысынан елеулі қадам болды. Жалпы, жас ұрпақ жасампаздыққа ұмтылады және жаңалыққа құштар. Олардың әр жетістігі, табысы мен жеңісі патриотизмінің айқын үлгісі екеніне сенімдімін, – дейді «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев.
Бірлігі жарасқан ел ғана биік белесті бағындырады. Сондықтан дамудың даңғыл жолында бірлік, этносаралық келісім, татулық құндылығын сақтау маңызды.