• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем Бүгін, 11:58

Жапонияда алғаш рет әйел премьер-министр болып сайланды

20 рет
көрсетілді

Жапонияның негізгі төменгі палатасының депутаттары Либерал-демократиялық партияның (ЛДП) төрайымы Санаэ Такаитиді елдің 104-премьер-министрі етіп сайлады, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.

Осылайша, Санаэ Такаити Жапония тарихында премьер-министр қызметіне тағайындалған алғашқы әйел атанды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Такаити 465 депутаттың ішінен 237 дауыс жинап, бірінші кезеңде жеңіске жетті. Оның басты бәсекелесі – Конституциялық-демократиялық партияның жетекшісі Ёсихико Нода 149 дауысқа ие болды.

Дауыс беруге бір күн қалғанда ЛДП, парламентте көпшілікке ие болмағанына қарамастан, консервативтік «Жапонияны жаңарту қоғамы» партиясымен одақ құрып, Такаитидің сайлануына кепілдік жасады.

Алдағы тәулікте Санаэ Такаити жаңа үкімет құрамын жасақтайтын болады.

Жапон БАҚ-тарының мәліметінше, сыртқы істер министрі қызметіне бұрын (2019–2021 жж.) осы лауазымда болған Тосимицу Мотэги қайта оралады.

Ал партияішілік сайлаудағы қарсыласының бірі, 44 жастағы Синдзиро Коидзуми (бұрынғы премьер Дзюнъитиро Коидзумидің ұлы) қорғаныс министрі қызметін атқарып, бұл қызметті иеленген ең жас министр болмақ.

64 жастағы Такаити – консервативтік көзқарастағы саясаткер, дәстүрлі құндылықтарды қорғауды жақтайды.

Ол Жапонияда бір жынысты некені заңдастыруға қарсы пікір білдіріп келеді;

Әйелдің император тағына отыру мүмкіндігіне қарсылық танытқан;

Жапон конституциясының 9-бабын қайта қарау, яғни елдің қорғаныс күштерін құру құқығын заң жүзінде бекіту идеясын қолдайды.

Такаити Токионың Ясукуни ғибадатханасына жиі барып, оны саяси пікірталастардың нысаны етпеу керек деп есептейді. Бұл ғибадатхана Азия елдерінде жапон милитаризмінің символы саналады.

Саясаткер ұлтшыл “Ниппон кайги” (Жапония кеңесі) ұйымының белсенді мүшесі. Ұйым Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасаған кейбір қылмыстарын жоққа шығарады.

Білімі бойынша киберқауіпсіздік саласының маманы. 2022 жылдың 4 мамырында Ресейдің санкциялық тізіміне енгізілген болатын – ол кезде Такаити ЛДП-ның саяси кеңесін басқарған.

Сарапшылардың пікірінше, Такаити үкіметінің саяси бағыты айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды. Ол сайлау науқаны кезінде Жапон-америкалық альянсты нығайтуды, елдің қорғаныс әлеуетін арттыруды және АҚШ-тың Орталық барлау басқармасына ұқсас құрылым құруды ұсынған.

Такаити қауіпсіздік саласындағы қазіргі ахуалды «Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері ең күрделі кезең» деп сипаттады.

Айта кетсек, бұл сайлау бастапқыда 2027 жылы өтуі тиіс еді, алайда ЛДП мүшелерінің қысымымен бұрынғы премьер Сигэру Исибаның отставкаға кету шешімінен кейін мерзімінен бұрын өткізілді.