Астанада ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында ІІ шахмат олимпиадасы өтіп жатыр. Іс-шараның ашылуына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың олимпиада қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Мемлекет басшысының сөзінде еліміздің инклюзивтілік қағидаты негізінде шахматты жан-жақты дамытуға белсенді үлес қосып жатқаны айтылған. Аталған олимпиада мемлекетіміздің шахматқа айрықша көңіл бөлетінін білдіріп қана қоймай, сондай-ақ Әділетті Қазақстан тұжырымдамасына сай баршаға тең мүмкіндіктер ұсыну қағидатын ілгерілетуге бейіл екенін көрсетеді.
Ерлан Қарин өз сөзінде мемлекеттің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатында азаматтардың барлығына тең жағдай жасауға баса мән берілетінін жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім алу қажеттілігі бар адамдар үшін жүйелі әрі кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Шахмат олимпиадасында әлемнің 32 елінен келген 35 команда бақ сынайды. Олардың қатарында Польша (2023 жылғы шахмат олимпиадасының жеңімпазы), Мажарстан, Германия, Израиль, Солтүстік Македония, Сербия, Украина, Хорватия, Чехия, Бангладеш, Үндістан, Мьянма, БАӘ, Өзбекстан, ФИДЕ-1, Филиппин, Аргентина, Венесуэла, Колумбия, Панама, АҚШ, Чили, Куба, Мысыр, Замбия, Зимбабве, Кения және Уганда елдерінің құрамалары бар. Ал жарысты ұйымдастырушы ел ретінде Қазақстаннан екі құрам өнер көрсетіп жатыр.
ІІ Шахмат олимпиадасы – «төртке төрт» форматындағы командалық жарыс. Аралас командалар үш санаттағы ойыншылардан құрыла алады: есту қабілеті бұзылғандар, көру қабілеті бұзылғандар және тірек-қимыл аппараты зақымданғандар (ТҚАЗ). Әр командада кем дегенде бір әйел ойыншы және қажет болған жағдайда, кем дегенде екі халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) рейтингіндегі ойыншы болуға тиіс.
Шахмат олимпиадасы қазанның 20-26 күндері өтеді.