• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Бүгін, 15:48

Елімізде кітапхана ісі бойынша грант саны екі есе өсті

40 рет
көрсетілді

Қазақстанда соңғы жылдары мәдениет пен ақпарат саласында жүйелі жаңғырту жүріп жатыр. Архив ісі мен кітапхана саласын дамыту, құжаттық мұраны сақтау және жаңа буын мамандарды даярлау – Мәдениет және ақпарат министрлігінің басым бағыттарының біріне айналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда ел аумағында Президент Архивін және бірнеше ірі өңірлік орталықтарды қамтитын 236 архив мекемесі жұмыс істейді. Ұлттық архив қорында 74,5 мың қорды қамтитын 27,8 миллионнан астам сақтау бірлігі бар.

Кітапхана және архив саласына мамандар даярлау ісі де кеңейіп отыр. «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және архив ісі» бағыты бойынша жоғары білім гранттарының саны соңғы жылы екі есеге артып, бакалавриат бойынша 20-дан 100-ге дейін өсті. Бұған қоса, бес өңірдің оқу орындарына қосымша 89 грант бөлініп, жас мамандарды қолдаудың жаңа мүмкіндіктері ашылды.

Жамбыл облысындағы Қордай және Жамбыл аудандық архивтерінің, Ақтөбе облысындағы Темір аудандық архивінің, сондай-ақ Астанадағы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді.

«Мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру мақсатында 2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалды. Сыйлық «Проза», «Поэзия», «Балалар әдебиеті» және «Драматургия» номинациялары бойынша беріледі. Әр номинация бойынша жүлде қоры – 4,1 миллион теңге. Мемлекет басшысының 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағын қайта енгізу мақсатында 2023 жылғы 16 қазанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл ұлттық әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосқан қаламгерлер еңбегінің ресми бағалануы», делінген хабарламада.

2025 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен белгіленген Ұлттық кітап күні алғаш рет аталып өтіп, отандық авторларды қолдау мен оқырман мәдениетін дамытуға бағытталған «Ұлттық кітап» байқауы ұйымдастырылды.

Тарихи жадыны сақтау ісінде де жаңа бастамалар қолға алынды. «Батырларға тағзым» атты веб-портал іске қосылып, онда Ұлы Отан соғысына қатысқан 690 мыңнан астам жауынгер туралы мәліметтер топтастырылған. Олардың қатарында 365 Кеңес Одағының Батыры, екі мәрте батыр атанған төрт жауынгер және Даңқ орденінің 19 иегері бар. Қорғаныс министрлігімен бірлесіп 6 615 қазақстандық әскери тұтқын жөніндегі деректер енгізілді. Сондай-ақ, KAZNEB платформасында майдангер жазушылардың еңбектерінің аудио нұсқалары жарияланды.

«Архив – 2025» жобасы аясында 14 елден мыңнан астам бірегей тарихи құжат жиналды. Архив материалдарын сақтау мен бірыңғай электрондық архивтің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы жылы ҚР Ұлттық архиві халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытты. Сауд Арабиясы, Ресей, Литва және Түркия елдерінің архив қызметтерімен меморандумдарға қол қойылып, құжаттық мұраны цифрландыру және сақтау бағытындағы бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Тамыз айында Өзбекстанның Бұхара қаласында Қазақстан архивтері күні өтіп, онда «Өзбекстан мен Қазақстанның архивтік құжаттарындағы мәдени ынтымақтастық» бірлескен басылымы таныстырылды. Маусым айында Мәскеу қаласында «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерлігіне арналған құжаттық куәлік» фотоальбомы ұсынылды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» және қазақ әдебиетін ТМД архивтерінде зерттеу бағдарламасы секілді ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр.