• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 11:27

Астанада Абай университетінің Білім беру институты ашылды

50 рет
көрсетілді

Астанада еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Білім беру институты өз жұмысын бастады. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласын дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қолға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай университетінің жаңа Білім беру институтының ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, университет ректоры Болат Тілеп, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.

Айта кетейік, қазіргі таңда республика бойынша 70 мыңнан астам мұғалім қажет, ал 2025–2035 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 447 мыңға дейін артады деп күтіледі.Осыны ескере отырып, елордада ашылған Абай университетінің Білім беру институты жаңа буын педагогтерін даярлауға бағытталған. 

«Бұл Білім беру институтының ашылуы Президент тапсырмасы бойынша жүзеге асып отыр. Былтыр Абай атындағы ҚазҰПУ және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ концорциумы негізінде жұмысты бастағаны белгілі. Биыл Абай университетінің сол институты жеке өз алдына шаңырақ көтерді. Оған ғимарат бөліп, жағдай жасаған Астана қаласының әкіміне және басы-қасында болған Абай университетінің басшылығына зор алғысымды білдіремін», деді сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Ізбасарқызы.

Мұнда қазіргі заман талабына сай жабдықталған аудиторияларда 9 білім беру бағдарламасы бойынша 400-ден астам студент оқиды. Олардың 288-і мемлекеттік грант иегері болса, 133 студент Астана қаласы әкімінің гранты негізінде білім алып жатыр.

Институт құрамында 3 ғылым докторы, 4 ғылым кандидаты, 2 PhD иегері және 20-дан астам тәжірибелі оқытушы жұмыс істейді. Студенттер математика, информатика, жаратылыстану, психология, дефектология, логопедия, тифлопедагогика және сурдопедагогика сияқты жоғары сұранысқа ие бағыттар бойынша білім алады.

Ал университет ректоры Болат Тілеп студенттерге арнаған құттықтауында: «Сіздер Президенттің тікелей тапсырмасымен дайындалып жатқан кадр болғандықтан, ертеңгі мемлекет болашағына қызмет ететін сапалы маман болуларыңыз керек», деген ақжарма тілегін жеткізді.

Бүгінде Абай университеті мен Астана қаласы әкімдігі өзара меморандум негізінде ынтымақтастық орнатқан. Осы келісім аясында студенттер елордалық мектептерде тәжірибеден өтеді. Өткен жылы 200-ден астам студент мұғалімдік тәжірибеден сәтті өткен. Бұл жоба алдағы жылдары еліміздің солтүстік аймақтарындағы мұғалім тапшылығын азайтуға елеулі үлес қосады деп жоспарланған.