• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Бет әлпетті танитын камералар

50 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер жолына жасанды интеллектімен үйлестірілген «Мерген» бейнебақылау камералары орнатылып жатыр.

Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауында еліміз алдағы үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифр­лық ел болуы керек деген мін­дет қойғаны мәлім. Аталған тап­сырма аясында Ертіс-Баян өңірі­нің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірқатар игі жоба қолға алынды. Соның бірі – «Қауіпсіз қала» жобасы.

Павлодар облысында көшелерді ақылды бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету жүйесі тамыз айынан басталды. Қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасы шең­берінде «Қауіпсіз қала» үш жылдық жобасы іске асырылады. Бір ғана Павлодар қаласында 3 мың камера қойылмақшы.

– Жоба аясында өңірде  5 мыңға жуық камера орнату жоспарланған. Оның ішінде Павлодар қаласында 3 мың жалпы бейнебақылау камерасы, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы желі­лік учаскелерде 250 аппараттық-бағ­дар­ламалық кешен, 150 қиылыста аппараттық-бағдарламалық кешен, сондай-ақ республикалық жолдардың жол апаты жиі қайталанатын тұста­рында 20 аппараттық-бағдар­ла­малық кешен қойылады. Бейнебақылау жүйесі бойынша жобаны «Antarium Group» ЖШС ұтып алды. Компаниямен 3 жылға сервистік модель бойынша жал­пы сомасы 8,5 млрд теңгеге шарт жа­салды, – деп хабарлады өңір­лік Цифрлық технологиялар басқарма­сының басшысы Ағыбай Әмірин.

Көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер жолдарына қойылатын «Мерген» аппаратық-бағдарламалық камералары тану нұсқасына ие. Яғни жылдамдығын шектен тыс арттырған және бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткен көлік құралдарын тіркеп, адамның бет-әлпетін тани алады, сондай-ақ көшеде қалдырылған заттарды, түтіннің шығуын анықтайды. Тіпті көлік ішінде қауіпсіздік белбеуін тақпаған, рульде телефонмен сөйлесіп отырған адам туралы да хабарлай алады.

– Камералар ең әуелі шаһар­лардағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында қойылып жатыр. Жаяу жүр­гіншілерді өткізбеген жүргізушілерді анықтап, әрі қарай жол полициясының тиісті мекемелеріне мәлімет жібереді. Жеткізуші компания параллель электр қуатына қосылу үшін рұқсат құжаттарын алады. Барлық камера полиция департаментінің жедел басқару орталығына жалғанады, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Павлодар облысы жергілікті полиция қызметі басқармасы басты­ғының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев облыс орталы­ғында көлік апаттары жиі болатын 7 жол қиылысына да «Мерген» кешендері қойылғанын жеткізді. Бұлардың барлығы 1 қарашадан жұмыс істей бастайды.

 

Павлодар облысы