• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экология Бүгін, 19:17

Алматыда түтіні будақтаған автокөліктерді тексеру күшейді

20 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Алматыда жылжымалы экологиялық зертханалар арқылы автомобильдерді тексеру рейдтері жалғасып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Қалалық Экология басқармасы мұндай тексерісті Алматы қаласы әкімдігі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес тұрақты экологиялық мониторинг аясында “Eco Almaty” ЖШС жол полициясы қызметкерлерімен бірге жүргізіп отыр. Осы арқылы аталған мекемелер ауаның ластануын азайтып, пайдаланылған газдардың улылығын бағалап отыруды көздейді.

Мәселен, 2025 жылы 4-10 қазан аралығында мамандар 224 көлікті тексерген. Оның 138-і бензин, яки газбен жүрсе, 23-інің зиянды қалдықтардың рұқсат етілген мөлшерінен, 64 дизельді көліктің жартысына жуығы (26) уыттылық пен түтін шығару нормаларынан асып кеткен.

Тұрақты тексерулер ластану көздерін уақтылы анықтап, оны жою жөніндегі шаралар қабылдауға көмектеседі. Бұл қаладағы ауа сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс.

Сондай-ақ Алматыда «Атмосфералық ауаны қорғау саласында арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының жобасы әзірленген болатын. Бұл ереженің басты мақсаты – мегаполис ауасының ластану деңгейін жүйелі түрде төмендету. Экология басқармасының деректеріне сәйкес, қаладағы барлық түтіннің 60%-ы автокөліктерден, қалғаны жеке тұрғын үй секторы мен стационарлық ластану көздерінен (өндіріс орындары, моншалар, қоғамдық тамақтану, құрылыс нысандары) шығады екен.

Жоғарыдағы Ережені шын мәнінде жүзеге асыру экологиялық жағдайды жақсартып, әсіресе қысқы мезгілде алматылықтардың түтінге тұншықпай өмір сүруіне септеседі.