• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 14:33

Қанат Бозымбаев Оңтүстік Кореяда өткен роуд-шоуда Alatau City жобасын таныстырды

20 рет
көрсетілді

Сеул қаласында өткен «Alatau Rise With Kazakhstan» инвестициялық форумында Қазақстан тарапынан бірқатар маңызды бастамалар жария етіліп, ҚР Премьер-министрі Қанат Бозымбаев  жаңа Alatau City жобасын таныстырды. Форумға Қазақстан тарапынан Caspian Group компаниясының төрағасы Юрий Цхай және жобаның инвестициялық серіктесі – Alatau City Bank акционері Вячеслав Ким қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа қала Алматы облысының аумағында, маңызды көлік дәліздерінің торабында орналасқан. Жалпы ауданы 88 мың гектарды қамтиды. Қала толықтай Арнайы экономикалық аймақтың құрамына енгізілген. Мұнда корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босату, сондай-ақ қала аумағында сатылатын тауарларға нөлдік қосымша құн салығын қолдану секілді ауқымды жеңілдіктер қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген мәртебе беріліп, оның стратегиялық басқару тетігі Үкімет қарамағына өтті. Ал Премьер-министрдің төрағалығымен құрылған Дамыту кеңесі жобаның негізгі шешім қабылдайтын органы саналады.

Қанат Бозымбаев өз сөзінде Қазақстан мен Корея арасындағы серіктестікке ерекше тоқталып, электроника, жаңартылатын энергия көздері, медицина, білім беру және қалалық сервистерді цифрландыру бағыттарында бірлескен жобаларды дамытуға зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Бүгінде Кореяның 800-ден астам компаниясы Қазақстанның барлық өңірлерінде энергетика, құрылыс, қаржы, денсаулық сақтау, автокөлік және жоғары технологиялар салаларында табысты жұмыс істеуде. Біз бірлескен жобаларды кеңейтуге, Кореяның өнеркәсіптік және энергетикалық компанияларын тартуға мүдделіміз. Өзара тиімді ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздерді ұлттық Alatau City жобасына қатысуға шақырамыз», деді ол.

Форум аясында Қазақстан мен Корея Республикасының мемлекеттік және іскер құрылымдары арасында өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Меморандумдарға келесі тараптар: ҚР Энергетика министрлігі мен GGGI (Global Green Growth Institute); ҚР Көлік министрлігі, Korea Airports Corporation (KAC) және AAAG; Алматы облысының әкімдігі мен RETD компаниясы қол қойды.

Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Кореяның ғылым және технологиялар институты (KAIST) және Alatau City Bank арасында Қазақстанда жаңа университет құру және дамыту саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Іссапар барысында Қанат Бозымбаев Кореяның мемлекеттік және іскер топ өкілдерімен — Ұлттық жиналыс депутаты Пак Хон Гынмен, Ұлттық Ассамблея мүшесі Мэн Сон Гюмен, Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ким Джунг Кванмен, сондай-ақ KITA төрағасы Юн Джин Сик және Young Business Leaders Network басшылығымен кездесулер өткізді.

Тараптар екіжақты экономикалық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы Корея Республикасы Қазақстанның негізгі сауда серіктестері арасында 10-орынға, ал инвестиция көлемі бойынша 3-орынға шыққан. Кездесулер нәтижесінде екі ел өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екенін мәлімдеді.