Қарағандылық спортшылар Италияда өткен ITF таэквондо бойынша әлем чемпионатында жүлделі өнер көрсетті. Жасөспірімдер, ересектер және ардагерлер арасындағы додада олар Қазақстан құрамасының қоржынына 21 медаль салды. Нәтиже: 3 алтын, 6 күміс және 12 қола, деп хабарлайды Egemen.kz.
Байрақты бәсекеге 69 елден 1200-ден астам спортшы қатысып, Қазақстан намысын 72 таэквондошы қорғады. Оның ішінде 16 спортшы – Қарағанды облысынан. Жерлестер жекелей және командалық спарринг, формальды жаттығулар, өзін-өзі қорғау, арнайы техника бойынша сынға түсті.
Ардагерлер санатында (45–59 жас) Әлия Сүлейменова формальды жаттығуда қола, ал спарринг бойынша алтын медаль жеңіп алып, үш дүркін әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ ардагерлер Марлен Шалтаков, Дулат Құрмансейітов және Азамат Сәбитов жалпы 6 медаль иеленді: 1 алтын, 3 күміс және 2 қола. Медина Дауленова Қарағанды ITF таэквондо федерациясы тарихында әйелдер арасындағы алғашқы әлем чемпионы атанып, екінші алтынды еншіледі. Үшінші алтынды 14–15 жас аралығындағы Айтуар Сайранов жеңіп алды.
Қарағанды облысы