• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Алматы Бүгін, 11:48

Дархан Сатыбалды жұмысына салғырт қараған мердігерлерді сынға алды

20 рет
көрсетілді

Бүгін Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік нысандардың құрылысына, жол инфрақұрылымы мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуға қатысып жүрген мердігер ұйымдардың құрылтайшыларымен кеңес өткізіп, жұмысына салғырт қараған мердігерлерді қатаң сынға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу барысында қала бойынша жүзеге асып жатқан жобалардың орындалу барысы талқыланды. Бүгінде Алматыда 147 жоба іске асырылып жатса, 26 нысанда мерзім межесі сақталмаған, сапаға қатысты талаптарда кемшілік бар.

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаев мониторинг нәтижесінде келісімшарт мерзімі үнемі бұзылып, құрылыс нормаларын сақтамайтын тоғыз мердігер анықталғанын атады. Олардың жұмысында жобадан ауытқу, ұйымдастыру деңгейінің төмендігі мен құжат жүргізудегі салғырттық жиі байқалады.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды мұндай немқұрайлылық қала тұрғындарының наразылығын тудырып отырғанын жеткізді. Көпшілік мектеп пен балабақша құрылысының созбалаңға салынып, саябақтар мен жағалауларды абаттандыру жұмыстарының кешігуіне, сондай-ақ жол мен тротуардағы қазылған жерлердің уақтылы қалпына келтірілмейтініне наразылық білдірген. «Одан бөлек, кейбір компаниялар бір нысанды бітірмей жатып, жаңасын қолға алатын келеңсіз әдет қалыптастырған. Мұндай тәжірибеге мүлде жол беруге болмайды. Өйткені мәселе адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығы туралы болып отыр. Егер мердігер міндетін тиісті деңгейде орындамаса, оның қала жобаларында жұмыс істемеуі керек»,  деді Дархан Сатыбалды.

Кеңес отырысының соңында қала әкімі Қала құрылысын бақылау басқармасына мұндай нысанды әр апта сайын қадағалап отыруды, жауапсыз мердігерлерді лицензиясынан айырып, қажет болса материалдарды құқық қорғау органдарына жіберуді тапсырды.