• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:00

Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтіледі

20 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында депутаттар күн тәртібіндегі 10-нан аса мәселені қарады.

Жеке профилактика шаралары нақтыланады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Оқу-ағарту министрі қызметіне ауысқан Жұлдыз Сүлей­менованың орнына келген жаңа депутат ант берді. Бұған дейін «Amanat» партиясының саяси кеңес бюросы Мәжілістегі партиялық тізім бо­йынша бос мандатты Президент жас­тар кадрлық резервінің мүшесі Әбутәліп Мүтәліге беру туралы қаулы қабыл­дағанын хабарланған еді.

Партия таратқан мәліметке сүйенсек, «Amanat» фракциясының жаңа депутаты «Болашақ» бағдарламасының түлегі, бұған дейін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытында еңбек етіп келген. Сондай-ақ Әбутәліп Мүтәлі Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайланды.

Одан кейін Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабыл­дады. Бұл – «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулер, «Радиоактивті қалдық­тармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзету­лер, Көлік құралдары иелері мен тасымал­даушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселелері бо­йынша заң жобасы, Денсаулық сақтау мәсе­лелері бойынша заң жобасы, Қазақстан мен Білім, ғылым және мәде­ниет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау жобасы.

Күн тәртібіндегі келесі үш заң жобасы да өзара байланысты болғандықтан, ортақ баяндама жасалып, жеке-жеке шешім қабылданды. Осылайша, депутаттар «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа бірыңғай заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобаларын Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау және құқық бұзушылыққа бейім тұлғалармен мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін әзірлеген.

– Бір бағытта 5 заң біріктіріледі. Бұл – профилактика туралы, тұрмыс­тық зорлық-зомбылық, кәмелетке толмаған­дар, азаматтардың тәртіпті сақтауға қатысуы және әкімшілік қадағалау тура­лы заңдар. Профилактика барлық деңгейде қамтамасыз етілуі керек. Бұл тәсілдер заң жобасында көзделген. Біріншіден, ортақ жауапкершілік енгізіледі. Әкімдер өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін, мемлекеттік органдар құзыреті бойынша профилактика үшін, мәслихаттар олардың есебін тыңдау бойынша және ақсақалдар, жұртшылық кеңестері секілді жергілікті қоғамдастықтардың рөлі күшейтіледі, – деді құжатты таныстырған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Сондай-ақ профилактика жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәрте­бесі жоғарылайды. Енді комис­сия­ның құрамы мен құзыретін Президент бекі­теді. Баға ұлттық баяндамада бері­леді. Бұған қоса профилактика жа­са­латын субъектілер тізбесі 13-тен 26-ға дейін кеңейтіледі. Олардың идео­ло­гиялық түсіндіру және тәрбие жұмы­сы, әлеуметтік бейімдеу және оңал­ту, цифрлық шешімдерді енгізу бойын­ша құзыреттері нақтыланады. Сон­дай-ақ азаматтардың, кәсіпкерлер­дің про­филактикаға қатысу тәсілдері бекітіледі. Енді барлық құқық қорғау органдары қоғамдық көмекшілер тарта алады.

– Жеке профилактика шаралары кү­шейтіледі. Профилактикалық бақы­лауға жататын есепке алынған адамдар­дың тізбесі 6-дан 16-ға дейін кеңейтіледі. Әкімшілік қадағалауды қолдану саласы ұлғайтылады. Жаңа тетіктер де енгізіледі: ресми ескерту, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды есепке алып, олардың әлеуметтік бейімдеу және оңалту, жоғары назарды талап ететін жасөспірімдерді педагогикалық сүйемелдеу, жақындауға тыйым салу, ілеспе заң жобалары шеңберінде әкімшілік жауапкершілік, құқыққа қарсы контентті жариялау және тарту үшін енгізіледі, – деді министр.

Заң жобасы қоғам қайраткерлерінің, құқық қорғаушылардың, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен әзір­ленген. Көпшілік тыңдаулар өтті, сарап­тамалар жүргізілді, Президент Әкім­ші­лігімен келісілді, Парламенттің қоғам­дық палатасының отырысында қаралған.

Талқылау барысында депутат Нартай Сәрсенғалиев кейінгі үш жылда 270 сарбаздың қаза тапқа­нын айтып, әскердегі әлімжеттік пен заң­сыздық­тардың жойылмай отырғанына назар аударды. Ол талқыланып жатқан «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңда бұл мәселеге қатыс­ты нақты жаңа тетіктер бар-жоғын сұрады. Депутаттың айтуынша, 17-бап­та бұрыннан бар жалпы ережелер ғана көрсетілген, ал әскердегі заңсыз­дықтарды түбегейлі жоюға бағытталған нақты механизмдер қажет.

– Бұл мәселені түбегейлі шешуге арналған профилактикалық механизмдер қарастырылды ма, әлде тағы да сол 17-баптағы стандартты ережелермен шектелеміз бе? – деді Н.Сәрсенғалиев.

Министрдің айтуынша, қайғылы оқиға­лар профилактиканың жоқтығы­нан емес. Ол әскердегі алдын алу шаралары күшейтіліп жатқанын, депутаттармен бірге нақты ұсыныстар енгізілгенін және қосымша бастамалар болса, олар да қарастырылатынын жеткізді. Е.Сәденов бұл шаралар дұрыс орындалса, мұндай келеңсіз жағдайлар қайталанбайды деп ойлайтынын айтты.

Ал депутат Бақытжан Базарбек қоғам­дық көмекшілер жайлы мәсе­лені көтерді. Оның айтуынша, қоғам­дық көмекшілер материалдарды ұсынған­мен, көп жағдайда полиция іс қозға­май­ды, жабулы күйде қалдырады. Керісін­ше белсенділердің өзін қысымға алады.

– Қоғамдық көмекшілер көтерген істер қозғалмай жатыр. Қазіргі заман қылмыскерден емес, полициядан қорқатын заман болып тұр. Тау бөктеріндегі ағаштарды заңсыз кес­кен, Алматыдағы заңсыз жер пайдалану сияқты фактілерді ашып жатыр. Бірақ қылмыстық іс қозғалмайды. Қайта бай, ығай-сығайлар қоғам­дық көмекшілерге қысым жасайды. Алматыдағы Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай ауданындағы заңсыз ағаш кесуден бюджетке 15 млрд теңге шығын келген. Өзім Алматы қаласы бойынша 12 фактіні анықтадым, бірде-бір қылмыстық іс қозғалған жоқ. Неге мен көріп отырғанды, комиссия көріп отырғанды полиция көрмейді? Неге полицейлер қол қусырып отыр? Заң­сыз өндіру фактілері туралы бір­неше рет айттым, материалдарды Бас прокуратураға жібердім, бірақ сіздің ведомствоңыз тарапынан ешқандай жауап жоқ. Дәл сіз өзіңіз менімен байланысқа шығамыз дегенсіз, алайда Ішкі істер министрлігінен әлі ешкім хабарласқан жоқ, – деді Б.Базарбек.

 

Шешім қабылдауда қоғам мүддесі ескеріледі

Депутаттар 1992 жылғы Шекараара­лық су арналары мен халықара­лық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялады. Құжатқа 1999 жылы 17 маусымда Лондонда қол қойылған. Бұл – сумен қамтамасыз ету, санитария, гигиена және денсаулық сақтау мәселелеріне бағытталған әлем­дегі алғашқы әрі жалғыз шарт. Оның мақсаты – су ресурстарын тұрақты басқару, сумен байланысты аурулардың таралуын болдырмау және халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау.

Қазақстан бұл хаттаманы ратификациялау арқылы мойнына бірқатар міндеттеме алады. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау бо­йынша нақты және өлшенетін нысаналы көрсеткіштерді белгілеу; сумен байланысты ауруларды қадағалау және олардың ерте алдын алу жүйесін құрып, жетілдіру; төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеу; халықты қолданыстағы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай сумен қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту; шешім қабылдау үдерісіне жұртшылықты тарту және су шаруашылығы қызметінің барлық кезеңінде халықтың хабардар болуын арттыру; су ресурстарын қор­ғау және пайдалану, санитария және ден­саулық сақтау саласындағы халықара­лық ынтымақтастықты дамыту.

Бұл хаттаманың ратификациясы еліміз үшін қауіпсіз ауызсу дайындау, сарқынды суды кәдеге жарату саласындағы озық технологиялар мен білімге жол ашады.

Жалпы отырыстағы түйінді құжат – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Челябі мемлекеттік университеті» жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджет­тік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы. Құжат жөнінде Ғылым және жоғары білім министрінің мінде­тін атқарушы Талғат Ешенқұлов баянда­ма жасады. Оның айтуына қараған­да, келісімді жүзеге асыру респуб­ли­калық бюджеттен қосымша шығын­ды талап етпейді. Әрі бұл бастамалар ұзақ­мерзімді байланыстарды қалыптас­тырып, академиялық өзара ықпалдас­тықты нығайтады және Қазақстанның халықаралық беделін арттырады.

 

Мүгедек жандардың жәрдемақысы көбейтілгені жөн

Жиында депутаттық сауалдарға кезек беріліп, бірқатар мәселе Мәжіліс мін­­берінде айтылды. Мәселен, депутат Нұр­лан Әуесбаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға мүге­дек­тігі бар жандардың проблемалары жөнінде са­уал жолдады. Ол қолда­ныс­тағы заң­намада мүгедектікті анықтау­ға қа­тыс­ты бірқатар әділетсіздік барын айтты.

– Қолы немесе аяғы жоқ адаммен қолының бір саусағы не аяғының бір башпайы жоқ адамға бірдей – үшінші топтық дәреже беріледі. Қолы немесе аяғы мүлде жоқ, тіпті туабітті ақыл есі кем жандар өз мүгедектігін растау үшін тексерістен өту керек. Өзінің мүгедектігін ресми мекемелерге тіркете алмай жүргендер де бар. Мұндай өңір тұрғындарының қатарында – Семей полигонынан зардап шеккен Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы Сапа Сарыпбеков есімді азамат. Оның мұрын қуысына полигон салдарынан зақым келгені ресми түрде дәлелденгенімен, түрлі себептермен үшінші топ мүгедектері тізімінен шығарылған. Енді мүгедектігін қайта рәсімдей алмай, талай табалдырықты тоздырып, ақыр соңында сонау Түркістаннан бізге көмек сұрай келген. Сондай-ақ қазір үшінші топтағы мүгедектің жәрдемақысы – 55 474 теңге. Ал бүгінгі инфляция 12,9% деңгейіне жетіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге, дәрі-дәрмектерге баға күрт өсті. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын кем дегенде ең төменгі жалақы 85 мың теңге көлеміне дейін көтеру қажет, – деді Н.Әуесбаев.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым кейінгі уақытта елде кеңінен таралып кеткен эзотерикалық, псевдопсихо­логия­лық жалған ілімдер мен секталар­дың әсіре белсенділігі қатты алаңдатып отырғанын жеткізді. Ал «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Қарақат Абден түйе шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдауды күшейту керегін айтты. «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова туризмді дамыту­дағы жүйелі мәселелер туралы сауал жолдады. Депутат Жигули Дайрабаев су үнемдеу мәдениетін насихаттау үшін кең көлемді науқандар ұйымдастыру қажет деген ұсыныс тастады.