• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:22

Тіл ғылымына еңбегі сіңген академик

40 рет
көрсетілді

Академик Шора Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Президент жанындағы Ұлт­тық ғылым академиясы, А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ, Халық­ара­лық түркі академиясы және Халық­аралық «Қазақ тілі» қоға­мы «Жаһандану дәуіріндегі тіл ғылы­мы, филология және түркі­танудың өзекті мәселелері» тақы­рыбында түркология конгресін өткізді.

Алқалы жиында Мемлекет басшысы­ның конгресс қатысушыларына арнаған ыстық ықыласын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеткізді.

«Шора Сарыбаев – тіл ғылымын дамытуға, оның тарихын терең зерттеуге айрықша еңбек сіңірген ғибратты ғалым. Ол ана тіліміздің көкжиегін кеңейтіп, ғылыми дамуына зор үлес қосты. Белгілі академик қазақ тілінің аймақтық сөздігін құрастыру мақсатында түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсене атсалысты. Тіл білімінің библио­графиясын әзірледі. Көптеген мақа­ла, 20-дан астам монография мен оқу­лық жазды. Ғалымның еңбек жолы – отан­дық ғылымға деген адалдықтың озық үлгісі. Тұғырлы тұлғаның қайраткерлігі мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге болары сөзсіз», делінген құттықтауда.

Өз кезегінде министр академик Шора Сарыбаевтың қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы, лексикологиясы мен лексикографиясына, тәжірибелік лексикография, терминология мен грамматиканы зерттеуге қосқан үлесі жайында айтып өтті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титутында іргелі зерттеулер жүргізе жүріп, ғылыми кадрлар, дарынды шәкірт тәрбиелеудегі, сондай-ақ өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырудағы еңбектерін дәріптеудің маңызына, қазіргі кезде жасанды интеллект, цифрлы технологиялардың көмегімен қазақ тілін технология тіліне айналдырудың ерекшеліктеріне тоқталды. Өз сөзінде министр бүгінде өнер, мәдениет, музыка саласында қазақ тілін әлемдік сахнада дәріптеп жүрген талантты жастардың көптігіне әрі осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне назар аударды.

Алқалы жиынды жүргізген Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев академиктің қазақ тіл білімі ғана емес, түркі тілдерінің тарихын зерттеудегі сүбелі еңбегіне тоқталды. «Шора Шамғалиұлының ғылыми еңбектері қазақ тілінің ғана емес, жалпы түркі тілдерінің тарихын, диалектілік байлығын танытуға даңғыл жол ашты. Ол өз мектебін қалып­тастырып, кейінгі буын тілтанушы ғалымдарға бағыт-бағдар берді. Бүгінгі конгресс – сол ұлы дәстүрдің жалғасы, ғылымдағы сабақтастықтың көрінісі», деп атап өтті. 

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының жиын қатысушыларына жылы лебізін әкімнің орынбасары Азамат Қалдыбеков жеткізді. Онда қазақ тіл білімінің түрлі саласында терең зерттеу­лер жүргізген көрнекті ғалым, академик Шора Шамғалиұлының ғылымдағы, ұлттық мәдениет пен қоғамдық өмірге де белсене араласа жүріп, оның әр саласынан сөздік түзіп, қазақ тілінің аясын кеңейтудегі, білім мен руханиятты ұштастырған жан-жақты ерен еңбегі кейінгі буынға үлгі екені айтылған.

Мерейтойлық іс-шарада сондай-ақ Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың құт­тық­тауы оқылып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кен­же­ханұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйледі.

Академиктің ғылыми мұрасын дәріптеуге арналған тың еңбектер, қазақ тілі білімі бойынша толық шығармалар жинағы, библиографиялық көрсеткіш, тіл оқыту әдістемесіне арналған әрі тұлғалық қырын ашатын басылымдар осы жиын барысында таныстырылды. Ғалымның шәкірті, академик Кәрімбек Құрманәлиев бұл еңбектерге ғалымның әлі күнге дейін жарық көре қоймаған қырық шақты зерттеуі еніп отырғанын жеткізді.

«Түркі әлеміне танылған тұлғаның туғанына 100 жыл толуын халықаралық деңгейде атап өту – ғалым еңбегіне деген зор құрмет. Бұл жиын диалектология дарабозы, библиография білгірі, сөз сарапшысы, термин тілекшісі, футбол фанаты, коллекция корифейі атанған ғалымның қазақ тілі білімін зерттеудегі еңбектерін әрі қарай жалғастыруды міндеттейді. Ғалымның көз майын тауысып зерттеген саласы – диалектология мен тіл білімінің тарихы дейтін болсақ, республикадан тыс жерлерді мекендейтін қазақтар тілінің байлығын жинауда жүйелі түрде диалектологиялық экспедиция ұйымдастырып, әріптес ғалымдармен бірлесе жүріп, ел аузынан сөз маржанын терді. Туған тілінің мәртебесін биіктетіп, осы жолда аянбай еңбек еткен тілші-ғалымның ұрпаққа өнеге ісі әрбір еңбегінде сайрап жатыр. Ғалымның алтаистика мәселелеріне мән бергенін ерекше атап өту ләзім. Оның есімі қазақ тіл білімінде түркі және моңғол тілдерінің туыстық төркінін салыс­тыра зерттеген аз тілшілердің қатарында аталады», деп атап өтті К.Құрманәлиев.

Ғалымның ерекше еңбектеніп, қажырлы еңбегін жұмсаған саласы – қазақ тіл білімінің тарихы. Тіл білімі саласындағы бай мұраны жинақ­тап, ғылыми жүйеге келтірді. «Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсет­кішін» әзірледі. Бұл көрсеткішке А.Бай­тұрсынұлы, М.Жұмабай, Ж.Ай­мауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұ­хам­медұлы, Т.Шонанұлы сынды көпте­ген арыстың 100-ден астам еңбе­гі енген-ді. 40 шақты қазақ интеллиген­ция өкілдері еңбектерінің тізімі енген «Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші» жарыққа шықпай жатып солақай саясаттың салдарынан жойылды.  Ғалым өз естелігінде атап өткендей, бұл еңбекке жиналған материалдар Мәскеу архивінен әкелінген болатын. Ғалым басына түскен  қандай да бір қиыншылықтарына қарамастан, ғылымнан қол үзген жоқ. 

Профессор К.Құрманәлиев атап өткендей, ол қазақ тіл білімінің, қазақ диалектологиясының дамуына зор үлес қосумен бірге, күллі түркі лексикографиясында алғашқылардың бірі болып диалектологиялық сөздік түзудің теориялық және құрылымдық негіздерін жасады. Халық емшілігі туралы, денсаулық сақтау, салауатты өмір сүру салтын сақтауды мақсат еткен еңбектері, жүзден астам емнің шипасы туралы жинаған коллекциясы – халық денінің саулылығымен қатар, қазақша медициналық терминдерді тірілтуді мақсат еткендігімен де құнды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандиаты Анар Фазылжанның айтуынша, ерен еңбегімен түркі әлеміне танылған тұлғаның көп­те­ген салада терминдерді жүйелеуге қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе футбол саласындағы терминологияны біріз­дендіріп, түсіндірме сөздіктерге енгіз­ген еңбегі өз алдына. Тіл жанашыры қазақ әдеби тілін байытудың бір көзі ретінде өңір-аймақтардағы жергілікті сөздерді жинады. Соның нәти­же­сінде, академиктің басшылығымен бірнеше диалектологиялық сөздік жарық­­қа шық­ты. Халық арасынан қаншама сөз маржанын жинап,  жергі­лік­ті сөз деп қарамай, оларды әдеби тілді байытуға қауқарлы екенін дәлелдей отырып, әдеби тілдік сөздіктер қорын толықтырды.

Академиктің қаламынан туған «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі», «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі», «Жаңа атаулар сөздігі» кітаптарының құрастырушылардың бірі. «Қазақтың аймақтық лексикографиясы», «Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші» 6 томдық еңбегі, «Түркітану әдебиетінің библиографиясы» және басқа да еңбектері қазақ тілінің тарихын зерттеушілер үшін құнды энциклопедия.

Конгресс қатысушыларының пікірін­ше, академиктің ғылыми мұрасы­нан бас­тау алатын қазақ тіл білімі, филология, түркітанудағы ғылыми парадигмалар тың зерттеулерге жол ашады. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген жетекші ғалымдар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен секциялық мәжілістерде ғалым еңбектерінің теориялық сипатына тоқталып,  ғылыми ынтымақтастықты жалғастырудағы жоспарларымен бөлісті.

 

АЛМАТЫ