Базалық мөлшерлеменің 18%-ға көтерілгенін мәлімдеген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция төмендемесе, бас банк қараша айында ақша-несие саясатын одан әрі қатайтуды қарастыруы мүмкін екенін айтты.
Инфляция барлық көрсеткіш бойынша өсіп тұр. Қыркүйекте жылдық инфляция Ұлттық банк болжамынан асып, 12,9%-ға дейін жеделдеді. Бұған әсіресе азық-түлік айырықша «үлес қосқан». Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) есебінде теңгенің әлсіздігі импортты қымбаттатып, инфляцияны ушықтырып отырғаны айтылады. Қыркүйекте теңге 1 доллар үшін 1,9%-ға, 549,07-ге дейін әлсіреді. ҚҚҚ деректері бойынша, ұлттық валюта үшін басты құрылымдық қауіп – сыртқы сауда теңгерімінің нашарлауы.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жылда азық-түлік тауарлары 11,7%-ға қымбаттады, ал отбасы шығыстарының жартысынан астамы (50,6%) тамаққа тиесілі. Дәстүрлі түрде өзін аграрлық деп санаған ел үшін бұл парадоксалды. Бұл ретте түрлі макроэкономикалық талдаушылар теңгенің әлсіреуі мен ақша массасының өсуіне байланысты жыл қорытындысы бойынша инфляцияның одан әрі – 12–13%-ға дейін өсуін болжап отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Шаймерден Ахметовтің пайымдауынша, бағаның өсуі – «заңды үдеріс». Оның сөзінше, бұл тек ішкі факторлармен емес, сонымен қатар экономикалық және әскери оқиғалармен, барлық нәрсенің құнына әсер ететін халықаралық қатынастармен де байланысты.
Сауда министрлігі Сауда және интеграция комитетінің Баға мониторингі және талдау басқармасының бас сарапшысы Бидәулет Серіковтің айтуынша, мемлекет нарықты шығынға батыра алмайды және баға белгілеу тетігіне араласпайды, тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қатысты сауда үстемақысын ғана реттейді.
«Бағаның өсуі – мемлекет өндірісті тым қатаң реттеп, бағаны жасанды түрде төмен ұстап тұрған бұрынғы саясаттың нәтижесі. Біз өнімнің құнын ұзақ уақыт ұстап тұрдық – оның нақты өзіндік құнын ескермей, айырмашылықты тауарлық және тікелей субсидия арқылы өтедік. Енді нарық тетіктері жұмыс істеп тұрғанда өзіндік құн табиғи түрде қалыптасады. Бюджет кодексіне сәйкес, мемлекеттік органдардың өндірістегі өзіндік құнға ықпал етуге құқығы жоқ. Біз тек сауда үстемелерін бақылаймыз. Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін үстемеақы шегі 15% болып белгіленген. Сондықтан біз көріп отырған бағаның өсуі бірінші кезекте алыпсатарлықпен емес, өндіріс деңгейінде әділ баға белгілеумен байланысты», деп мәлімдеді Сауда министрлігінің өкілі.
Сарапшылардың айтуынша, еліміз негізгі позицияларда, оның ішінде сарымсақ, сәбіз, қырыққабат, қара бидай сияқты «азық-түлік қауіпсіздігінің сыни тізбесіндегі» өнімдер бойынша импортқа тәуелді. Сауда министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы 7 айында 7 көкөніс импорты 85,6%-ға өсіп, 100 млн долларға жетті.
Сарапшы Замир Қаражановтың айтуынша, нарық тұрақты мемлекеттік шаралармен – квота, шектеу, уақытша тыйым салумен деформацияланып кетті. Көктемде билік ірі қара малды әкетуге уақытша тыйым салумен ет бағасының өсуін тежеуге тырысты. Бірақ мұндай шаралар проблемаларды жүйелі түрде шешпейді, керісінше, жағдайды қиындата түседі.