• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:15

Жауапты науқан аяқталуға жақын

40 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден соң Солтүстік Қазақстан облысының диқандары орақ науқанын толық аяқтайды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Есіл өңіріне іссапармен келіп, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметовпен бірге ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің «Өңір­дің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша қабылданған шаралар» атты жиынына қатыс­ты.

Орақтың оң нәтижелері

Министр диқандарды биыл қол жеткізген табысымен құттықтап, алғысын жеткізді. Толайым табыстың негізгі көзі – барлық агротехникалық шараларды толық сақтау, сол тұрғыдағы мемлекет тарапынан жасалған бұрын-соңды болмаған қолдау. «Диқандар мемлекеттен берілген қолдауды орынды пайдалана білді, ынталандыру зор болған соң самарқаулық та, бойкүйездік те жылдан-жылға қалып келеді. Сатып алу бағасы да диқандарды ынталандыра түсті. Осының бәрі жан-жақты жүргізілген жұмыстың нәтижесі», деді министр.

Кеңесте баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов агротехникалық шараларды толық сақтаған «Зенченко и К», «Вагулинское», «Ноғайбай», «Арқалық» сынды шаруашылықтар гектарынан 60 центнерден, одан да жоғары өнім алғанын атап өтті. «Мұндай жетістіктер аграрлық сала мамандарының жүйелі жұмыс істеп, заманауи агротехнологияларды ұқыпты пайдалана отырып, жоғары сапалы тұқым сепкенінің арқасы. Сондай-ақ «Кең дала-2» бағдарламасының шеңберінде қаражат ерте бөлініп, шаруалар тұқым, тыңайтқыш, көктем мен күзгі дала жұмыстарына жанар-жағармайды уақытылы алды. Осы бағдарлама жөніндегі Үкімет көмегі биыл 2,5 есе артып, 105 млрд теңгеге жетті», деді ол.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының бастығы Дәурен Тоқужиновтан алынған жедел мәліметтерге қарағанда, өңір диқандары 10 қазан күні барлық астық алқабындағы дәнді, дәнді-бұр­шақ дақылдарын оруды 88,4 пайызға жеткізіпті. Бұл көлемі жө­нінен 2 676 гектар жер. Орылған астықтың 5 184,8 мың тоннасы бастырылған, гектар берекесі 19,4 центнерден айналып жатыр. Орақ науқанын облыста бірінші болып Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Целинное – 2004» серіктестігі аяқтады. Олар биыл 31 мың гектар алқаптан астық жинады. Айта кету керек, шаруашылық негіз­гі жиын-терім жұмыстарын 19 қыр­күйек-те-ақ аяқтаған.

Жомарт Омаров ұлымен бірге астық алқабында

Соңғы мәліметтерге қарағанда, 522,9 мың гектар майлы дақылдар алқабы орылып, барлық көлемнің 53,4%-ы алынған. Бастырылған дақылдар – 577 мың тонна. Картоптың да биылғы өнімділігі жоғары. Бүгінге дейін барлық картоп егістігі аума­ғының 5,1 мың гектары (59,1%) жиналды. Қамбаға түскен барлық картоп көлемі 74,2 мың тонна. Гектар берекесі 146,2 центнерден айналып отыр. Көкөніс жинау әзірге мардымсыз. 9 қазандағы оның жиналуы­ 26,4%-ды, 0,4 мың гектар жерді ғана құра­ған. Қамбаға түскен көкөніс көлемі ­4,7 мың тонна, гектар берекесі 133,2 центнер.

Биыл форвардтық сатып алу бағ­дарламасы арқылы облыста 65 тауар өн­діруші қаржыландырылды. Берілген ақша – 7,5 млрд теңге. Енді диқандар Азық-түлік келісімшарт корпорация­сына (АТКК) 146,7 мың тонна астық қайтаруға тиіс. Соның ішінде 105,5 мың тоннасы – бидай, 27,8 мың тоннасы арпа, қалғаны күнбағыс, зығыр, рапс сынды майлы дақылдар. Жақында АТКК биылғы өнімге белгіленген форвардтық сатып алу бағасын да жариялады. Оған сәйкес 3-сыныпты қамырлылығы 27, одан жоғары пайыз 1 тонна бидайдың бағасы – 115 мың теңге. Қамырлылығы 25–27 пайыз аралығындағы бидайдың тоннасы 96 мың теңгеден, ал қамырлылығы 23–24 пайыз болатын бидай 92 мың теңгеден, 18–22 пайыз болатын 4-сыныпты бидай 80–82 мың теңгеден сатып алынады. Бұл бағалар бидайдың жұмсақ сұрыпына қатысты. Қатты сұрыпты бидайдың 1 тон­насының бағасы – 90 мың теңге, арпаның 2-класының бағасы – 75 мың теңге.

«Дәнінің қамырлылығы 27 пайыз немесе одан жоғары 3-сыныпты бидайдың сатып алу бағасы 115 мың теңгеге бекітілгені үлкен қуаныш. Бұл – өте жоғары баға. Егер дән маңызы төмендесе, астық құны да төмендейді. Майлы дақылдарға қатысты баға алдағы уақытта жария етіледі», деді басқарма басшысы Д.Тоқужинов.

Есеп айырысу жөнінде айтсақ, дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар 1 қарашаға дейін тапсырылуға тиіс. Майлы дақылдар өнімі 15 қарашаға дейін корпорация бекіткен жерге жеткізілуі керек.

 

Диқан көңілі көтеріңкі

Жомарт Омаров Петропавл қаласы­нан қырық шақырымдай жердегі бұрын­ғы «Тоқшын» кеңшарының аумағын­да 7 мың гектар жерге астық егеді. Оның серіктестігінің қазіргі атауы – «Тоқушы-Грейн». Өйткені кезінде «Тоқшын» деген сөздің өзі «тоқушы» дегеннен шыққан екен.

«Ешқандай төтенше жағдай болмаса бүгін-ертең орақты аяқтағалы отырмыз. Біз 4 мыңдай гектар жерге бидай, қалғанына майлы дақылдар егеміз. Соның ішінде 1,5 мың гектар жерге егілген жасымықты, 1 мың гектар егілген рапсты да жинап алдық. Майлы дақылдардың бабы көп, олар жердің құнарын бидайға қарағанда үш есе артық сорып алады. Сондықтан биыл майлы дақылдар егілген жерге үш жылдай дем алғызу керек. Бағасы жақсы болғанымен, оның сондай машақаты бар. Астықтың биылғы шығымы жоғары, гектар берекесі 30 центнерден айналып жатыр. Дегенмен бидайдың қамырлылығы төмен, негізінен 4-сынып. Жазда ылғал көп болды, ал ыстық күндер саусақпен санарлық қана. Сондықтан клейковина төмен. Бірақ осының өзіне ризамыз. «Азық-түлік келісімшарты» корпорациясы белгілеген биылғы баға 80–82 мың теңге болып отыр. Бұл былтырғыдан бір жарым еседей жоғары. Ауыл шаруашылығы министрлігінің көмегімен сатып алған жоғары өнімді техникаларымыз да сыр бермей, орақ бойы тоқтамай шықты. Тек кейде 2–3 күндеп жауып кеткен жауын ғана адымымызды аштырмады, әйтпесе орақты бұдан әлдеқайда тез бітіретін едік», дейді Ж.Омаров.

«Біз де орақты аяқтап қалдық. Жыл сайын 10 мың гектар жерге астық егеміз. Биылғы гектар берекесі өте жоғары, гектарынан 40 центнерден астық алдық. Осының бәрі сапалы техниканың, жерді құнарландырып, тыңайтқышты дер кезінде себудің арқасында болып отыр. Мемлекеттің қолдауының арқасында заманауи техникаға қол жеткіздік. Механизаторлар олардың жайлылығын, ұтымдылығын айтады. Бұрын шаңнан көз ашпайтын комбайншылар қазір кабинада ақ көйлекпен отырады», дейді «Новомихайловский-2003» ЖШС директоры Вячеслав Щеголев.

 

Жоғары өнімділікке жеткізетін амалдар

Биыл облыста 7 мың комбайн орақ науқанына қатысса, соның 4 мыңы жоғары сапалы астық жинағыш техника. Олар Германия, АҚШ сынды алдыңғы қатар­лы елдердің өнімдері. Қалғаны өзі­мізде, Ресейде жиналған, сапасы төмен болғанымен, жаңа комбайндар. Ораққа барлығы 12,3 мың трактор тартылып, соның 9 мыңы тіркемесімен жүрді. Бұлар да жоғары сапалы техника. Астық қабылдау пункттері мен элева­торларға астық тасуға 5,6 мың жүк көлігі жұмылдырылған.

Астықтың өнімді болмағының бір шарты – минералды тыңайтқыштардың уақтылы себілуі. Жерді құнарландырып, күтіп ұстамаса, оның өнімділігі жылдан-жылға кеми береді. Соны ескеріп, мемлекет тарапынан тыңайтқыштың бағасын төмендету шаралары жасалды. Биыл облыс диқандары егістік алқаптарына 340 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізіп, оның 335 мың тоннасын егіс басталғанша сеуіп үлгерген. Былтыр бұл көрсеткіш 256,6 мың тонна болған еді.  Ауыл шаруашылығы министрлігі минералды тыңайтқыш өндіретін зауыттарға субсидия беріп, шаруалардың арзандатылған өнім алуына мүмкіндік тудырды. Барлығы 1 190 түрлі тыңайтқыштың бағасы субсидия арқылы төмендетілді.

Бұған дейін тыңайтқыш субсидиясы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өзіне 50% көлемінде төленетін. Бұл әдіс тиімді бола қойған жоқ, өйткені субсидия алғанымен тыңайтқыштар алуға кейбір шаруалар асықпады. Соның салдарынан егер Еуропа елдерінде бір гектар астық алқабына– 250 кг, Беларуссияда – 120 кг, Ресейде 55–60 кг тыңайтқыш себілсе, елімізде ол 10 кг төңірегінде ғана болып келді. Осы олқылықты толтыру мақ­сатында министрлік тыңайтқыш өндіру­шінің өзіне өнімнің 60%-ы көлемінде субсидия беріп, тыңайтқыштың бұрынғы бағасын 40%-ға дейін төмендеткен соң шаруалар оны батыл ала бастады. Сайып келгенде, бұдан жердің құнарлығы, өнімнің сапасы артты. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл озық шаруашылықтар гектарына 100 кг дейін минералды тыңайтқыштар сепкен.

«Кең дала-2» бағдарламасымен бөлін­ген қаражат биыл 2,5 есе өсіп, 104,4 млрд теңгеге жетті. Соның 37 млрд теңгесі «Сол­түстік ӘКК»АҚ арқылы бөлінді. «ҚазАгроҚаражат» АҚ 37,2 млрд теңге бөлді, оның 7,5 млрд теңгесі форвардтық сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаражаттың» 5%-дық жеңілде­тілген несиесінің арқасында шаруалар биыл өздерінің техникалық паркын 46 млрд теңгенің 1 мың бірлік техникасымен жаңартты. Оның ішінде осы заманғы комбайндар, тракторлар, себу кешендері бар. Осының бәрі өңірдегі аграрлық сектордың тұрақты болуын қамтамасыз етті.

«Мемлекеттің биылғы көмегі орасан зор болды. Бұл мемлекеттің ауыл ша­руашылығына деген оң көзқарасының айғағы», дейді «Мамбетов и К» коман­дит­тік серіктестігінің бас директоры О.Нұр­мағанбет.

Астықтың мол болуының тағы бір себебі тұқымның сапасына байланысты. Биыл Солтүстік Қазақстан диқанда­ры 52,5 мың тонна элиталық тұқымды бидай екті. Бұл бұрынғы сұрыптың 11,2%-ы­ жаңа­ланды деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын солтүстікқазақстандық тәжірибе станса­сының ғалымдары жергілікті жердің ыстық-суығы мен құрғақшылығына шыдамды әрі өнікті жаңа сұрыптар шығарған. «Семеновна» деп аталатын соның бірі биылға дейін қолданынылып, өзінің тиімділігін көрсетіп келген. Биыл егілген «Дәурен» сұрыпы да өзінің сапалылығын көрсетті. Екі сұрыптың өнімділігі де гектарынан 30 центнерден асып отыр.

Орақты өз уақытында жүргізудің бір шарты мемлекеттің жанар-жағармайдың уақтылы, арзандатылған бағаға сатуы. Биыл мемлекет солтүстікқазақстандық диқандарға арзандатылған 68,6 мың тонна жанар-жағармай босатқан. Сонымен қатар Үкімет диқандарға 14,1 мың тонна арзандатылған жанар-жағармайды астықты құрғату жұмыстарына бөлді.

Астық бітік шықсын десек, агротех­никалық шаралар қапысыз жүргізілуі керек. Есіл өңірінің диқандары бұл талапты толық орындады. Соның ішінде астық көктей бастағанда түрлі ауру мен арам шөптерден тазартуға қатысты жасалатын, «Фитосанитарлық тәуекелден сақтау» аталатын шаралар кезінде гербицид сияқты химиялық препараттар биыл екі реттен кем себілмен жоқ.

 

  Келер жылдың егісіне дайындық

Бүгінде облыста келер жылдың көк­темгі дала жұмыстарының да негізі қаланып жатыр. Бүгінге дейін 1 653,7 мың га жердің сүдігері жыртылған. 335,7 мың тонна тұқым қоры, қажетті мөлшердің 73,8%-ы жинақталған. Барлық тұқым көлемі 455 тонна болуы керек, алдағы күндерде ол мөлшерге жетуге толық мүм­кіндік бар.

Облыста сыйымдылығы 7 млн тонна болатын астық сақтау орындары бар. Оның ішінде 3,2 млн тонна астық сақ­тай алатындары – лицензия алған «астық қабылдау пунктері», қалғаны агро­құрылымдардың өздері тұрғызып алған қоймалар. Қазір элеваторлар 48,1%-ға толық­қан. Жеткізілген астық көлемі – 1 538,4 мың тонна.

Сонымен қатар 1 қазаннан бастап «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ «Кең дала-2» бағдарламасымен көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдіктер беруге тапсырыстар қабылдай бастады. «Кең дала-2» жеңілдетілген бағдарламасымен берілетін несиенің өсімі 5% ғана. Оның үстіне, шаруаға берілетін соманың талап етілетін кепілінің 85%-ына «Даму» қоры кепілдік береді. Сөйтіп, шаруа жылдағыдай қысылып-қымтырылмай егіске қажетті. Жалпы, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыш, ЖЖМ, тұқым, химиялық препараттарды өз уақытында алады. Аграрлық несиелік корпорацияның (АНК) филиалдары қазірдің өзінде өтініштер қабылдап жатыр.

Жалпы, биылғы орақта да солтүс­тік­қазақ­стандық диқандар зор табысқа кенеледі деген үміт бар. Былтыр олар 6,2 млн тонна астық жинап рекордтық көрсеткішке қол жеткізген еді. Биылғы меже де одан кем болмайтын сыңайлы. Орақ әлі жалғасып жатыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы