• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 14:56

Наталья Дементьева: Мектептегі қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің негізі

70 рет
көрсетілді

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы бүгінгі «Үкімет сағатында» айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттың айтуынша, мектеп – баланың алғашқы қорғаныс шебі. Мектеп қабырғасында  мінез-құлық нормалары, мемлекетке деген сенім, әділдік пен қауіпсіздік сезімі қалыптасады.

«Президент Қазақстан халқына Жолдауында ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеудің, кез келген заңсыздыққа қарсы тұрудың, ұлттық бірлікті нығайтудың және жаһандық сын-қатер жағдайында патриотизмді арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Дәл осы қағидат мектеп ортасының өзегіне айналуға тиіс», деді депутат.

ІІМ деректеріне сәйкес, 2025 жылдың сегіз айында елімізде екі мыңға жуық мектеп пен балабақша тексерілген. Соның жартысының көбінде – 800-ден астам нысанда қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталған.

«Бұл дегеніміз – мыңдаған бала күн сайын қауіпсіздігі формальді түрде ғана болған нысандарда білім алып жүр деген сөз. 165 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ мақсат – айыппұл емес, әрбір баланың қауіпсіз ортада болуы емес пе?», деді ол.

Наталья Дементьеваның айтуынша қазір елімізде шамамен 8 мың мектеп полиция инспекторы жұмыс істейді. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Әсіресе ауылдық жерлерде бір инспектор бірнеше мектепке бірдей жауапты. Ал олардың мектепте тұрақты болуы – әлімжеттік, яғни, буллингтің де, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың да алдын алатын басты факторлардың бірі.

«Мектеп психологтары қызметінің жағдайы да алаңдатады. 2024 жылы пилоттық жоба аясында бар болғаны 11 психолог қана қайта даярлаудан өтті.

Мыңдаған мектебі бар ел үшін бұл – тек сан емес, дабыл сигналы. Психологтың жүктемесі ауыр болса, инспектор жанында болмаса – бала сыныптағы, әлеуметтік желідегі, тіпті үйдегі агрессиямен жалғыз өзі қалады.

Бүгінгі күні 81 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс тіркелген, соның 425-і суицидті насихаттайды», деді Мәжілісмен.

Оның айтуынша егер әр мектепте білікті маман болып, баланың алғашқы дабылын дер кезінде байқаса – қаншама тағдырды сақтап қалушы едік. Буллинг, кибербуллинг, психологиялық қысым – нақты балалардың өмірі. Сондықтан профилактика бір реттік шара емес, күнделікті жүйелі жұмысқа айналуы керек.

«Біріншіден, мектеп тек білім беру емес, қауіпсіздік пен алдын алу тұрғысынан да мемлекеттің ерекше бақылау аймағында болуы тиіс.

Екіншіден, мектеп психологтары мен жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторларды даярлау бойынша мемлекеттік бағдарлама қажет. Әсіресе, ауыл мектептеріне басымдық беру керек.

Үшіншіден, цифрлық сауаттылық пен онлайн-қауіпсіздік мәдениеті оқу бағдарламасының міндетті бөлігіне айналуға тиіс. Балалар интернеттегі қауіптен қалай қорғалуы керегін білуі қажет.

Төртіншіден, барлық профилактикалық шаралар айқын, өлшенетін және мерзімді болуы керек – бейнебақылаудағы «соқыр аймақтарды» жоюдан бастап, мектеп қауіпсіздігінің бірыңғай стандартына дейін», деді Н.Дементьева.

Депутаттың пікірінше бүгінде мәселе бағдарламалардың бар-жоғында емес – мектеп баланы шын мәнінде қорғай ала ма, жоқ па деген сұрақта. Мектептегі профилактика – бұл Ішкі істер министрлігінің немесе Оқу-ағарту министрлігінің ғана шаруасы емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

«Егер біз ерте, алдын ала әрекет ету жүйесін құрмасақ, себеппен емес, тек салдармен күресіп жүре береміз. «Бала өзін қауіпсіз сезінетін жерде заңды, қоғамды және Отанын құрметтейтін азамат қалыптасады» дегенді ұмытпауымыз керек. Сонда ғана ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу туралы қағидат қоғамның өмір сүру нормасына айналады», деп түйіндеді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.