• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:40

Жаңа дәрігерлік амбулатория

20 рет
көрсетілді

Алға ауданының Маржан­бұлақ ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бір ауысымда 45 тұрғынды қабылдауға лайықтал­ған емдеу мекемесі Мемле­кет басшысының ауыл­дық ин­фра­құрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында салынды.

Нысан құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 190 млн теңге қаржы бөлінген. Заманауи құрал-жабдықтар­мен қамтамасыз етілген ғимарат­та емдік кабинеттер, алғашқы жәрдем көрсететін және зертхана бөлмесі бар. Қазірде емдеу мекемесіне жалпы тәжірибедегі дәрігер, фельдшер мен бірнеше медбике жұмысқа қабылдан­ды. Ақтөбе қаласынан 55 шақы­рым қашықтықта орналасқан Маржанбұлақ елді мекенінде төрт мыңға жуық адам тұрады. Респуб­ликалық маңызы бар автокөлік жолына жақын ор­наласқан осы ауылға жыл сайын­ қоныс аударушылар көбейіп келеді. Жұрт Ақтөбе қаласына не Алғаға қатынап дәрігерге көрінудің қиындығын айтып, Маржанбұлақтан ем-дом жүр­гізетін мекеме салынуын көптен ұсыныс етіп жүрген. Айта кету керек, Алға ауданында 44 мыңға жуық адам тұрады. Отыз елді мекені бар.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бүгінде Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан 11 емдеу мекемесінің көп­шілігі шалғай ауылдарда­ғы дәрігерлік амбулаториялар. Биылдың өзінде төрт емдеу мекемесі пайдалануға беріл­се, жеті құрылыс аяқталуға жа­қын. Осыдан бірер ай бұрын Ырғыз ауданы Жарма ауылы мен Байғанин ауданы Ноғайты ­ауылында емдеу мекемелері жұмыс істей бастады. Жыл аяғына де­йін жаңа нысандарды іске қосу жұмысы жалғасады.

 

Ақтөбе облысы