• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Алматы Бүгін, 15:47

Алматыда Түркология конгресі басталды

60 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында көрнекті ғалым,  ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шора Сарыбаевтың  туғанына 100 жыл толуына арналған «Жаһандану дәуіріндегі тіл ғылымы, филология және түркітанудың өзекті мәселелері» тақырыбында түркология конгресі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Конгресті Президент жанындағы ҰҒА, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық Түркі Академиясы және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырды.

Алқалы жиын барысында Мемлекет басшысының конгресс қатысушыларына арнаған құттықтауын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеткізді.

«Шора Сарыбаев – тіл ғылымын дамытуға, оның тарихын терең зерттеуге айрықша еңбек сіңірген ғибратты ғалым. Ол ана тіліміздің көкжиегін кеңейтіп, ғылыми дамуына зор үлес қосты. Белгілі академик қазақ тілінің аймақтық сөздігін құрастыру мақсатында арнайы экспедициялар ұйымдастырып, іргелі зерттеулер жүргізді. Қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсене атсалысты, тіл білімінің библиографиясын әзірледі. Көптеген мақала, 20-дан астам монография мен оқулық жазды. Ғалымның еңбек жолын отандық ғылымға деген адалдықтың озық үлгісі деуге болады. Тұғырлы тұлғаның қайраткерлігі мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге болары сөзсіз» делінген құттықтауда.

Өз кезегінде министр академик Шора Сарыбаевтың қазақ тілі тарихы мен диалектологиясын, лексикологиясы мен лексикографиясын, тәжірибелік лексикографияны, терминология мен грамматиканы зерттеуге қосқан үлесі жайына айтып өтті. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында іргелі зерттеулер жүргізе жүріп, ғылыми кадрлар, дарынды шәкірт тәрбиелеудегі, сондай-ақ өзіндік ғылыми мектебін қалыптастырудағы еңбектерін дәріптеудің маңызына, қазіргі кезде жасанды интеллект, цифрлы технологиялардың көмегімен қазақ тілін технология тіліне айналдырудың ерекшеліктеріне тоқталды. Өз сөзінде министр бүгінде өнер, мәдениет, музыка саласында қазақ тілін әлемдік сахнада дәріптеп жүрген талантты жастардың көп екенін әрі осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев алқалы жиынды жүргізіп, өз сөзінде академиктің қазақ тіл білімі ғана емес, түркі тілдерінің тарихын зерттеудегі жанкешті еңбегіне тоқталды. Өз сөзінде  «Шора Шамғалиұлының ғылыми еңбектері тек қазақ тілінің ғана емес, жалпы түркі тілдерінің тарихын, диалектілік байлығын танытуға зор үлес қосты. Ол өз мектебін қалыптастырып, кейінгі буын тілтанушы ғалымдарға бағыт-бағдар берді. Бүгінгі конгресс – сол ұлы дәстүрдің жалғасы, ғылымдағы сабақтастықтың көрінісі» деп атап өтті.  

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының жиын қатысушыларына жылы лебізін әкімнің орынбасары  Азамат Қалдыбеков жеткізді. Құттықтауда қазақ тіл білімінің түрлі саласында терең зерттеулер жүргізген көрнекті ғалым, академик Шора Шамғалиұлының ғылымдағы, ұлттық мәдениет пен қоғамдық өмірге де белсене араласа жүріп, оның әр саласынан сөздік түзіп, қазақ тілінің аясын кеңейтудегі,  білім мен руханиятты ұштастырған жан-жақты ерен еңбегі кейінгі буынға үлгі екені айтылды.

«Ғалымның көз майын тауысып зерттеген саласы – диалектология мен тіл білімінің тарихы. Академик рес­публикадан тыс жерді мекен­дейтін қазақтар тілінің байлы­ғын жинауда жүйелі түрде диалектологиялық экспедиция ұйымдастырып, әріптес ғалымдармен бірлесе жүріп, ел аузынан сөз маржанын терді. Түркі әлеміне танылған тұлғаның туғанына 100 жыл толуын халықаралық деңгейде атап өту – ғалым еңбегіне деген зор құрмет. Бұл жиын ғалымдарға академиктің қазақ тіл білімін зерттеудегі соны еңбектерін ары қарай жалғастыруды міндеттейді. Ал жиын барысында таныстырылған еңбектерде әлі күнге  әлі күнге дейін жарық көре қоймаған қырық шақты тың зерттеуі бар. Туған тілінің мәртебесін биіктетіп, осы жолда аянбай еңбек еткен тілші-ғалымның ұрпаққа өнеге ісі әрбір еңбегінде сайрап жатқаны мәлім. Бүгінгі конгресс соның айғағы» деді жиын барысында академик Кәрімбек Құрманәлиев.

Өз кезегінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның айтуынша, ерен еңбегімен түркі әлеміне танылған тұлғаның көптеген салада терминдерді жүйелеуге қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, футбол саласындағы терминологияны біріздендіріп, түсіндірме сөздіктерге енгізген еғбегі өз алдына дейтін болсақ, тіл жанашыры қазақ әдеби тілін байытудың бір көзі ретінде өңір аймақтардағы жергілікті сөздерді жинады. Нәтижесінде академиктің басшылығымен бірнеше диалектологиялық сөздік жарыққа шықты. Халық арасынан қаншама сөз маржанын жинап,  жергілікті сөз деп қармай, оларды әдеби тілді байытуға қауқарлы екенін дәлеледей отырып, әдеби тілдік сөздіктер қорын толықтырды.

Алқалы жиын барысында академик Ш.Сарыбаевтың ғылыми мұрасын дәріптеуге арналған тың еңбектер, ғалымның толық шығармалар жинағы, библиографиялық көрсеткіш, тіл оқыту әдістемесіне арналған және тұлғалық қырын ашатын басылымдар таныстырылды.

Академиктің ғылыми мұрасынан бастау алатын қазақ тіл білімі, филология, түркітану бойынша жаңа ғылыми парадигмалар конгресс қатысушылары үшін тың зерттеулердің бастауына айналды.  Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген жетекші ғалымдары түркі елдеріне ортақ ғылыми зерттеулерімен бөлісті. Конгрестің секциялық мәжілістері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасады.

Алматы