• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Ғарышқа турист ретінде ұшқан Данна Қарағұсова алған әсерін бөлісті

160 рет
көрсетілді

Кешелі бері әлемнің назары қазақтың нәзік қана қара қызы Данна Қарағұсоваға ауып тұр. Біздің Даннамыз 8 қазан күні Origin экипажының құрамында суборбиталық ұшуға қатысып, Жер атмосферасынан тыс кеңістікке көтерілген алғашқы қазақстандық әйел атанды, деп жазады Egemen.kz.

Әлемдік басылымдар New Shepard зымыраны Жер атмосферасы мен ғарыштың шартты шекарасы саналатын Карман сызығына дейін жетіп, экипаждың штаттық режимде қайтадан жерге қонғанын бірінен соң бірі хабарлап жатыр.

Жерге аман-есен оралған Данна бірінші кезекте жерлестерімен тілдесуге уақыт тапты.

«Ғарышқа сапар алдындағы көңіл-күйімнің динамикасын жеткізіп беретін сөз таба алмай отырмын. Зымыранның көтерілу сәті ерекше әсерлі болды. Аспанға ұшып бара жатқан кезде денеңнің әрбір талшығының дірілін сезесің. Оның бәрін қалыпты жағдай деп қабылдайсың.

Салмақсыздықтың қандай болатынын бұрын талай рет ойлағанмын, ойларым түйсігімді алдамапты. Капсула сатыдан ажыраған сәтте, санамның бір бөлігі әдеттегі шектеулерден тыс кеткендей күй кештім: мендегі жер планетасына тән сезімнің бәрі жоғалып, тек шексіздік сезімі қалды. Тауды жақсы көретін адам ретінде айтарым — бұл сезім шыңға шыққан сәттегідей», - дейді Данна.

Оның айтуынша, әлемнің қаншалықты кең екенін көріп, өзіңнің кеңістікте кішкентай ғана бөлік екеніңді ұғасың.

«Есімде мәңгі қалатын бір көрініс: қара кеңістіктегі жарқыраған, толық Ай және жұқа көгілдір атмосфералық қабаты бар Жер. Сол сәтте адамзаттың, ғалам алдында қаншалықты нәзік әрі кішкентай екенін терең түсінесің. Салмақсыздық кезінде анама, жер бетіндегі барлық аналарға сәлем жолдадым. Өзім де анамын, тіпті арманыңның орындаулы мүмкін емес болып көрінсе де, балаға қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Ғарышға әрбір сәт ішкі дүниеммен жұмыс және тұрақты негіз қалыптастыру жолы екенін ғарыштық түйсікпен сездім. Мен ғарышқа көтерілу мүмкіндігі, сол дайындықтың, тепе-теңдікті сақтай білудің және кез келген жағдайда өз-өзіңді ұстай алудың нәтижесі екеніне сенімдімін», - деді Данна қыз.

Данна Portals деп аталатын жаңа IT-жобаны әзірлеп жатқан командамен жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба өзін-өзі реттеу технологияларына, менталды гигиена мен ішкі тепе-теңдікке арналған.

«Біз сананы дамыту, іштей өсу әдістері және адамның ақылымен болашақтағы өзара әрекеттесуін зерттеп жатырмыз. Жобаны 2026 жылдың ортасына қарай бастаймыз. Біздің жобамыз дәл осындай ізденістегі адамдардың жүрегіне жетеді деп сенемін. Blue Origin компаниясына шексіз алғысымды білдіремін — олар ғарышты бүкіл әлем адамдарына қолжетімді етіп отыр. Бұл — зерттеу мен қауіпсіздікті бір деңгейде ұстай отырып, жаңа буын зерттеушілері мен армандаушыларына мүмкіндік беретін болашаққа бағытталған компания», - дейді Данна.

Ғарышкерлер ауылында болған Данна Қарағұсова ұлы Айтуармен бірге Қазақстанды таныстырып, экипаж мүшелеріне және Blue Origin қызметкерлеріне еліміздің мәдени мұрасы мен табиғаты туралы айтып берді

Қазақтың қонақжай дәстүріне сай, ол әрбір экипаж мүшесіне және компания тобына естелік сыйлықтар табыстады. Бұл ізгі қадам ұшуға қатысқан барлық адамдар тарапынан ерекше ықыласпен қабылданғаны соншалықты экипаж бірауыздан өздерін Space Nomads («Ғарыш көшпенділері») деп атауға шешім қабылдады.

«Адамдарға бұл атау қатты ұнады, онда бәрімізге ортақ бір рух бар еді: қозғалыс, ізденіс пен жылылықты қай жерде болсаң да сақтау қабілеті», — деді Данна.

Данна Қарағұсованың Blue Origin миссиясына қатысуын әлем ғарышқа ұшу емес, адам рухының шексіз мүмкіндіктерін тануға бағытталған қадам деп қабылдады. New Shepard бағдарламасының аға вице-президенті Фил Джойстың сөзімен айтқанда, бүгінгі миссия — экипаждың зерттеуге деген ықыласының жалғасы.

«Жерді жоғарыдан көру мүмкіндігі адамның дүниетанымына терең әсер етеді. Бұл тәжірибе біздің планетамен байланысымызды күшейтіп, мүмкіндіктің шекарасын кеңейтуге шабыт береді» дейді Фил Джойс.