Әдебиетсүйер қауым көптен күткен жаңалық жария болды. Ұлы даламен тамырлас Мажар елі жазушысы Ласло Краснахоркаи Нобель сыйлығының лауреаты атанды.
Қаламгер өз шығармаларын 70-жылдардың соңында бастап, 80-жылдары қарқынды жаза түссе де, оқырманды ең алдымен «Нобель сыйлығы дәл қай еңбегіне берілді?» дейтін сұрақ мазалайтыны рас. Бұл сауалға nobelprize.org ресми сайты «Марапат оның апокалиптикалық террордың ішінде өнердің құдіретін көрсететін көркем де көреген шығармашылығы үшін берілді», деп жауап жазды. Бұған қоса Нобель марапатын тағайындайтын ұйым дерек көздерінде су жаңа лауреатты Орталық Еуропа дәстүріндегі көрнекті эпикалық жазушы ретінде сипаттаған.
Ол 1954 жылы 5 қаңтарда дүниеге келген. Заңгер кәсібін игерген әкесі мен әлеуметтік қауіпсіздік саласында жұмысшы болған анасы бала кезінде Ласлоның еврей тегі бар екенін жасырған көрінеді. Әкесінің жолын қуып заңгерлікті оқыған Л.Краснахоркаи кейін тіл-әдебиетке бет бұрып, заңғар жазушыға айналды.
Ласлоның қаламынан «Сайтан тангосы», «Веркмейстр үйлесімі», «Турин жылқысы», «Лондон адамы», «Жазықтағы саяхат» секілді бірқатар туынды туған. Ол негізінен күрделі философияға құрылған антиутопия жанры арқылы әдебиетке жаңалық әкелді. Енді осы бағытқа – терең ойға жетелейтін Орталық Еуропа шығармаларына қызығушылық артатыны анық.
Айтпақшы, жазушы – көптеген еңбегін кино тілінде сөйлетуді де шебер меңгерген кәсіби киносценарист. Бұл қабілеті де әдеби туындыларды оқырманға кеңінен танытуға септігін тигізген секілді. Алдағы уақытта оның шығармалары қазақ тіліне де аударылады деп үміттенеміз.