2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бағдарлама басталған сәттен бері (2024 жылғы 1 ақпан) уәкілетті оператор 22,29 млн АҚШ долларынан астам сомаға 156 956 өтініш орындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаражат уәкілетті операторларға өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін аударылды. Оның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешу үшін 14,14 млн доллар сомасына 98 046 өтініш, білім алу ақысын төлеуге шамамен 8,15 млн доллар сомасына 58 910 өтініш орындалды.
Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды (НЖ) алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Пайдаланылмаған қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) сақталады.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржыларын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланды: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыруға 13,85 млн АҚШ долларына 95 786 өтініш, тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге 101,44 мың АҚШ долларына 755 өтініш және азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу) 69,88 мың АҚШ долларына 553 өтініш орындалды.
Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (7,38 млн АҚШ долларына 52 574 өтініш орындалды), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (527,67 мың АҚШ долларына 4 477 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (194,54 мың АҚШ долларына 1 526 өтініш орындалды).
Нысаналы жинақтар төлемін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалану бойынша уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.
Нысаналы жинақтар төлемін алу үшін алушыға не оның заңды өкіліне БЖЗҚ-мен тиісті келісім жасаған уәкілетті операторға жүгіну қажет. Өтінішті «Отбасы банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның бірінің интернет-ресурсы немесе мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Айта кетейік, 01.08.2025ж. бастап аталған тізім «Банк ЦентрКредит» АҚ жаңа уәкілетті операторымен толықтырылды.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасына сай Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50%-ы жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған, Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балалар арасында бөлінеді. 2023 жылы барлық НЖ алушыларына 100,52 АҚШ доллары, 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары есептелгенін хабарлаймыз. 2006 жылы туған азаматтарды қоспағанда, 2023 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға биыл 3,04 АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді. Нәтижесінде, 2006 жылы туған баланың нысаналы жинағындағы қаражат 100,52 АҚШ долларына тең болса, 2007 жылы туған баланың НЖШ-да 232,94 АҚШ доллары жинақталды.
Кәмелетке толған азаматтар өздерінің НЖ туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуы тиіс, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларында банктік шот ашып, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу үшін НЖ төлеміне онлайн-өтініш беру үшін жүгіне алады.
Нысаналы жинақтар төлемін рәсімдеу үшін алушы не оның заңды өкілі БЖЗҚ-мен тиісті келісім жасалған уәкілетті операторға жүгінуі қажет. Өтінішті интернет-ресурс немесе «Отбасы банк» АҚ (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім беру ақысын төлеу мақсатында), «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ (білім беру ақысын төлеу мақсатында) уәкілетті операторларының бірінің мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.