• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:45

Мұғалім миссиясы – адал ұрпақ тәрбиелеу

20 рет
көрсетілді

Еліміздің барлық өңірінен келген 300-ден аса мектеп мұғалімі, колледждер мен ЖОО оқытушылары, студенттер, ғалымдар, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы «Amanat» партиясының «Мұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысында бас қосты. Талқылау тақырыбы – жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім саласындағы инновация. Сондай-ақ ерекше көзге түскен педагогтерге партиялық және ведомстволық наградалар табысталды.

Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мұғалімдерді өткен кәсіби мерекесімен құттықтап, педагогтердің қоғам өміріндегі және ел дамуындағы айрықша рөліне тоқталды. Ол «Amanat»-тың негізгі тірегі педагогтер екенін атап өтті. Себебі еліміздегі 600 мың мұғалімнің 260 мыңға жуығы – партия мүшелері.

«Алдымызда тұрған негізгі міндет – адал, білімді, әділетті азамат тәрбиелеу. Бұл үдеріс үйден басталып, мектепте жалғасын табады. Әр баланың отаншыл болып өсуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуі, айналасына, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы маңызды. Президент айтқандай, әр адам өзі адал болса, заңды құрметтесе ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Ал ондай буын тәрбиелеу – мұғалімдердің тари­хи миссиясы. Осы істе партия әрда­йым сіздермен бірге болады», деді ол.

Партия төрағасы цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру туралы өте ауқымды міндет қойғанын еске салды. Бұл білім беру жүйесіне қажет маңызды мүмкіндіктерге жол ашады.

– Мектеп тек даму үдерісіне ілесіп қоймай, оны басып озуға тиіс. Мәселе енді жасанды интеллект білім жүйесінде қажет пе, жоқ па деген сауалда емес, оны тиімді енгізуде. Бір нәрсені үнемі есте сақтау керек: мұғалім мектептің жүрегі болып қала береді. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оны басы артық жұмыстан арылтып, ең негізгі міндетін – оқушыға білім беру, тәрбиелеу және тұлғалық қасиетін қалыптастыру ісін алаңсыз атқаруына мүмкіндік беруге тиіс», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс спикері Мемлекет бас­шысының білім жүйесін қолдауға қатыс­ты саясаты мен оның тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы оң нәтиже бер­геніне назар аударды. Кейінгі төрт жылда білім саласына бөлінген қаржы көлемі үш есе артты. Мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Биылдың өзінде мектепке 10 мыңнан аса жас маман келді. Олардың арасында жоғары балл жина­ған түлектер мен «Алтын белгі» иегерлері бар. Халықаралық зерттеу нәтижелері мұғалімдердің басым көпшілігі өз жұмысына көңілі толатынын көрсетті.

Өз кезегінде, «Amanat» партиясы да педагогтерге белсенді қолдау көрсетіп келеді. Мәжілістегі партия фракциясының қолдауымен халықара­лық ғылыми конкурстардың жеңімпаз­дарын тәрбиелеген педагог-тәлімгерлерге арнайы төлем қарастыры­латын заң мақұлданды. Мұндай оқушылар енді «Болашақ» бағдарламасы бойынша грантқа үміткер бола алады. Заңнамалық деңгейде мектеп қабырғасында тамақ­тандыру барысын бақылауды күшейту, балабақшалар мен білім ұйым­­дары­на жер учаскелерін бөлу, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалім­дерінің мәртебесін арттыру бойынша шаралар қабылданды.

Партия төрағасы ұстаздар қауымын толғандырған мәселелер де аз емес екенін атап өтті. Олардың қатарында мектеп қабырғасындағы шамадан тыс қағазбастылық, түрлі іс-шарада кезекшілік ету, мектеп чаттары мен әлеуметтік желілерді жүргізу жүктемесі, сондай-ақ ұстазға тән емес өзге де міндеттер бар. Сондай-ақ мұғалімдердің қауіпсіздігін арттыру, оларды қорлау мен психологиялық қысымнан тиімді қорғау нормаларын күшейту қажет. Мұғалімнің ең негізгі міндеті – балаларға білім беру. Ұстаздарды одан өзгесі алаңдатпауы керек. «Amanat» партиясы бұл ұстанымды әркез қорғайды. Тіпті, заңнамалық өзгерістер енгізуге де күш салады.

Партия мұғалімдерді жаңа технологиялармен және ең алдымен, жасанды интеллектімен белсенді жұмыс істеуге дайындайды. Атап айтқанда, мұғалімдерге жаңа технологияларды игеруге көмектесетін тегін курстар мен әдістемелік материалдары бар цифрлық платформа құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ алғашқы пед-хакатон өткізіледі. Онда мұғалімдер ЖИ-ді мектеп қабырғасында қолдануға қатысты өз идеяларын ұсына алады. Ал үздік ұстаздар шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар мұғалімдер Цифрлық кодексті әзірлеу жұмысына тартылады. Осы арқылы олардың практикалық тәжірибесі білім беру үдерісіне қатысушылардың мүддесі құжатта көрініс табуына көмектеседі.

Іс-шара барысында Премьер-министр­дің орынбасары – Жасанды интел­лект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Оқу-ағарту ми­нистрі Жұлдыз Сүлейменова сөз сөйледі. Сонымен қатар «Мұғалім Talks» қатысу­шылары өздерінің кәсіби тұрғыда қалы­птасу тарихымен бөлісті және әріптестерімен бірге кәсіби сын-тегеуріндерді талқылады.

Алматы облысы Ұзынағаш ауылын­дағы физика пәнінің мұғалімі Бақытәлі Даулешяр оқушылармен бірге қолда бар заттардан құрал-сайман, тіпті жасанды қол протезін жасап, балаларды қалыптан тыс ойлауға үйрететінін, ғылымға деген сүйіспеншіліктерін оятатынын айтты. Ақмола облысы Аршалы ауылындағы тарих пәнінің мұғалімі Ольга Давыдова STEM мен ЖИ әдістерін пайдалану арқылы тарих ғылымына жан бітіруге болатынын көрсетті. Түркістаннан келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әмәлият Арқалық педагогті қажетсіз қағазбастылықтан арылту үшін цифрлық құралдарды пайдалануды ұсынды. Астана қаласындағы информатика пәнінің мұғалімі Салтанат Садықова ЖИ-ді пайдалана отырып, тапсырмаларды шағын жобаларға айналдыруда. Сол арқылы оқушылар өз шешімін негіздеуге және қорғауға үйренеді.

Семей қаржы-экономикалық колледжі директорының орынбасары Асхат Мұханов жұмысшы мамандықтар өзгерістердің алғы шебінде тұратынын атап өтті. Себебі ЖИ оқу шеберханаларында маңызды құралға айналуда. Қостанайдан келген тарих пәнінің мұғалімі әрі ерекше баланың анасы Ұлжан Байгенжина қызмет барысында шаршап-шалдығу мәселесіне және педагогтердің өзара қолдау көрсету ісін кеңейту қажет екеніне назар аударды. Атыраудан келген химия пәнінің мұғалімі Ибраһим Бақдәулетұлы оқушы­лар­ды олимпиадаға дайындау кезінде ЖИ қолданудың тәжірибелік мысал­дарымен бөлісті. Жетісу облысы Жыланды ауылындағы мамандандырылған лицей-интернатының директоры Эльмира Рапилова Алматыдан туған ауылына оралып, жоғары оқу орындарымен және демеушілермен әріптестік орната отырып, өз колледжінде инженерлік білім сапасын қалай арттырғанын айтты.

Іс-шара соңында Е.Қошанов бірқатар қатысушыға «Ұстаз – ұлт айнасы» пар­тиялық наградасын табыстады. Биылдан бастап аталған наградамен жыл сайын еліміздің үздік педагогтері марапатталады. Сондай-ақ кәсіби қызметі барысында елге сіңірген еңбегі үшін мұғалімдерге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ведомстволық наградалар табыстады.